TikTok платформасы алғаш рет үздік креаторларын марапаттау рәсімін ұйымдастырды. TikTok Awards UK & Ireland 2024 алғашқы премиясының иегерлері арасында педагогтер, поп жұлдыздар мен айықпас дертке шалдыққан науқас бар.
Әлеуметтік желі ұйымдастырған іс-шара Exhibition London залында өтті. Оған бірқатар өнер жұлдыздары шақырылған. TikTok алдымен өзі үздік аккаунттар тізімін жасап, кейін солардың арасынан көпшіліктің дауыс беруі арқылы таңдаған. Дауыс беруге 3 миллион адам қатысыпты.
«Жыл креаторы» номинациясын саяхат пен өмірі туралы видеолар жариялайтын Кайра-Мэй Турнер жеңіп алған. Оның 1,2 миллион оқырманы бар. Ал 500 000 мың оқырманы бар Джей Форман «Жылдың үздік видеосы» марапатына ие болды. Танымдық видеолар түсіретін блогер марапатты Ұлыбританиядағы қиын географиялық атаулар туралы күлкілі видеосы үшін жеңіп алған.
«Жылдың үздік әртісін» атағын 28 жастағы әнші, автор Майлз Смит иемденді. Оның Stargazing әні биыл танымал әндердің біріне айналған еді. Марапаттау салтанатында әнші «Марапат үшін алғыс айтамын. Мен үшін қымбат. Бұл – TikTok-тың музыкамды барша әлеммен бөлісуге мүмкіндік бергенінің айғағы», – деді.
Ал жазылмас ми обырына шалдыққан Иан Уорд «Өзгеріске бастаушы» марапатына ие болды. Ол науқас адамның өмірі, ауру туралы миф пен шындық туралы видеолар жасайды. TikTok-тағы парақшасын 5,4 миллион адам оқиды.
«Ми обыры туралы таптаурындарды бұзуға тырысып жүрмін. Жағдайды өзгертіп, көмекке қаражат жинау бойынша рекорд жасауға ниеттімін. Қолыңыздан келетін әр көмектің маңызы зор, өмірді өзгерту үшін батырманы басуыңыз жеткілікті», – деді Уорд.
Аталғандардан бөлек «Жылдың үздік танымдық контент креаторы» номинациясын Эммануель Уаллас, «Жылдың үздік сән контенті креаторы» марапатын Уч Натори, «Жылдың үздік ойын-сауық контенті креаторы» марапатын Николас Фланнери Неллис, «Жылдың үздік спорт контенті креаторы» атағын Джон Неллис, «Жылдың үздік тамақ контенті креаторы» номинациясын Мидди Ней-Суифт жеңіп алды. Ең сапалы видеолары үшін Милес Лафлинге де «Сапалы видеолар креаторы, саяхат туралы контенті үшін Рян Лосассо мен Даже Битиге “Үздік саяхат контенті креаторы» марапаттары табысталды.