Астана қаласындағы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы гранттық бағдарламаға қатысты. Бұл жаңалықты ең алдымен аталмыш орталықтың «tilalemi.kz» ресми сайты хабарлады. «Тіл-Қазына» ҰҒПО «Өндірістік сектордың консорциумдары: құзыретті орталықтары» гранттық бағдарламасы бойынша өзіне жүктелген міндеттерді сәтті аяқтағанын айтады. Орталық бағдарламасы бойынша деректерді жинау және өңдеуде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты ұйымдардың мәтіндік қорларын жинауда басты үйлестірушісі болды. Сонымен қатар, жиналатын және өңделетін деректердің техникалық сипаттамаларын дайындап, үлкен көлемдегі мәтін қорды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамына өткізді. Болашақта бұл жинақталған деректер Ukimet Smart Data платформасы арқылы қазақ тіліндегі жасанды интеллектіні құру үшін пайдаланылады деседі. Айта кетейік, мемлекеттік тілдің дамуына серпін беретін жобаны Цифрлық үкіметті қолдау орталығының жетекшілігімен «Тіл-Қазына» ҰҒПО және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы жүзеге асыруда.
Саяжан ҚАЙДАР