ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» мәселелері бойынша Республикалық Комиссия құрылып, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Толық ақталмай, саяси баға берілмеген тұлғалардың бірі, қоғам және мемлекет қайраткері – Сәдуақас Баймаханов.
Сәдуақас Баймаханов жайлы бірді-екілі шағын мақалалар жазылғанымен, толық зерттеулер болған емес. Менің Сәдуақас Баймаханов туралы қайта жазуыма себепкер Тараздағы журналист-жазушы, бүгінде облыстық архивтың директоры Көсемәлі Сәттібайұлының хаты болды.
Көсемәлінің зерттеуінде Сәдуақас Баймахановтың «Халық жауы» аталуы, тергеу материалдары, тергеушіге берген Сәдуақас Баймахановтың жауабы қатталған екен. Сондай-ақ, оны кімдер ұстады, отбасының сол тұстағы жағдайы, тағы басқа деректерді қамтып жазған. Оның ішінде, біз білмейтін жағдайаттар газет мақаласында орын алған. Біраз жылдардан бері, Сәдуақас Баймахановты зерделегенмен менің қолыма қылмыстық іс-қағазы түсе қойған жоқ еді. Мына мақала менің Сәдуақас Баймаханов жайлы кеңінен жазуыма жол сілтеді.
Сәдуақас Баймаханов жайлы 2008 жылы шығарған «Жалағаш жері – жыр кені» атты кітаптың мұқабасына жеті адамның бірі ретінде Сәдуақастың суреті және ол туралы мақаламды енгізген болатынмын. Кейіннен газеттерде жарияланды. Алайда мақалаға үн қосып, «бұл біздің әкеміз, атамыз» деген жан болмады. Менің Сәдуақас Баймаханов хақында зерттеуімді тоқтатпағаным, оның өмірбаянында туған жерім Аламесек болысының № 5 ауылы, 1903 жылы туғанмын деуі еді. Аламесек мен туған ауылға жақын. Кезінде мұнда үлкен базар болған. 20 балалар интернаты бар мектеп болған жер және 1925-1930 жылдары Аламесек атты аудан болған. Оған қазіргі Жалағаш, бұрынғы Тереңөзек аудандарының біраз ауылдары қараған болатын.
Шежірелерімді қайта қарап отырсам, 1990- 1991 жылдары ұстазым Қытайы Бегімованың маған берген шежіресі арасында Баймахан, Сәдуақас есімдері шыға келді. Содан шұқшия қарап Аламесек, Қаракөл-Қуаңдария, Қостам болыстарында тұрған руларды анықтап, солардың бүгінгі ұрпақтарын саралағанда, ол туралы Жәрімбет руының шежіресінен таптым. Сөйтсем, араласып жүрген, Қытайы Бегімова, Мұздан Шотықовтардың бүгінгі ұрпақтары Ғалия Бетайқызы, Жағыпар Нұржановтардан қайта сұрағанымда, олар «Сәдуақас Баймаханов біздің аталарымыз ғой» деп қарап тұр. Сонда олар 2008 жылдан бері менің зерттеу мақалаларымды оқымаған болып шықты. Олардың көмегімен Омар Самаевтың немере-шөбелерін тауып, сөйлесіп, аздаған деректер алдым.
Сонымен, қоғам және мемлекет қайраткері болған Сәдуақас Баймаханов тергеушіге руын сұрағанда: «Жүргеновпен бір руданбыз – Шөмекейміз» деп жауап берген екен. Сәдуақас Баймаханов өз жауабында Т.Жүргеновпен жақын туыс екенін жасырған. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін Т.Жүргеновтің, Сәдуақас Баймахановтың ататек шежіресін қатар беруді жөн көрдім. Жәрімбет бидің Әлен атты баласынан: Қуаң, Байсал, тағы бірнеше ұрпақ тарайды, Қуаңнан Жүрген, Тұрған. Жүргеннен Қара (Сырлыбай), одан Темірбек Жүргенов, Байсалдан Дастанбай, одан Баймахан, одан Сәдуақас, одан Алмас тарайды. Қарап отырсақ, Т.Жүргенов пен С.Баймақановтың туыстық арасы 4-5 ата.
Сәдуақас Баймахановтың тергеушінің сұрағына: «Қызылқұм мен Қарақұмдағы шаруалар көтерілісіне туыстарым қатысқан емес, бауырым қой бағып, әкем ағаш тасып, балық аулаумен күн көрген», – деп жазады. Тікелей өзінің туғандары қатыспағанымен Т.Жүргеновтің 2 туған ағасы «Қарақұм көтерілісіне», алыстау ағайындары Қызылқұмдағы (Қарақтағы Т.Д.) «Ақмырза ишан» көтерілісіне белсене қатысқан мергендер. Көзі қарақты азамат бола тұра, бұл жайында Сәдуақас Баймахановтың білмеуі мүмкін емес. Олардан қорғану үшін өзін олардан алыстатып жауап бергені аңғарылады.
1928-1930 жылдары тұтқынға алынып, бірсыпырасы жер аударылған адамдарың ісінде, олар өздерін «Аламесек» болысының № 3, № 5 ауылдарында тұрды деп жазады. Бұрынғы Перовский уезінің құрамында болған «Қаракөл- Қуаңдария;» Қостам болыстарының тұрғындары 1920-1924 жылдарда Аламесек болыстығына біріктірілген. Жоғарыдағы 2 болыстың адамдарының бүгінгі ұрпақтары: Аққыр, Жаңаталап, Т. Жүргенов (Мақпалкөл), Мәдениет ауылдарында тұрады. 1903 жылы ашылған Аламесектегі мектеп училищесінде әр жылдарда Т. Жүргенов пен Сәдуақас Баймахановтар оқыған. Оларға белгілі ұстаз Досмұхамбет Букин, «учитель Омар» атанған Самаевтар сабақ берген.
Сәдуақас Баймаханов өзінің өмірбаянында Аламесек болысының №5 ауылында туғанмын деп жазған. Алайда әкесі мен ағалары Қостам болысында туғаны, № 16 ауылында Баймахан мен үлкен ағасы Сыдықтың колхозшы болғаны айтылады. Дұрысы осы болар. Мен де осы №16 ауылға қарасты Жаңаталап колхозында 1943 жылы туғанмын. Осы аймақтың кәрі-жасын, көзі қарақты адамдарын жақсы білемін.
1920 жылдың 20-24 наурыз айында РКП(б) Өлкелік комитетінің шешімімен Перовскі уезінде Революциялық Комитеттің, болыстық комитеттерінің төрағалары, мүшелері тағайындалған. Уезге 24 болыстық қараған. 1924 жылғы архив дерегінде Қаракөл-Қуаңдария болысында – 845, Қостам болысында 2004 адам тіркелген екен. Осы 2 болысқа қараған тұрғындардың басым көпшілігі Шөмекей руының, Сарыбай, Сарғасқа руларының адамдары болды.
Сәдуақас Баймаханов өз жауабында айтқанындай Дастанбай ұрпақтары сіңірі шыққан кедей емес, орташа тұрмысы болған кісілер. Өте кедей адамдарың балалары қалайша Аламесек, Ақмешіт, тіпті Ташкент асып, халық ағарту училищесінде оқиды? Сәдуақас Баймахановтың тергеушілірге берген жауабының біразында шындықтан алшақтау деректер барын байқаймыз. Өйткені, Сәдуақастың атасы Самаев Иман Қаракөл-Қуаңдария болысындағы №7 ауыл ауылнайы (1897-1901), оның інісі «учитель Омар» атанған Самаев.
1897-1902 жылдарда Қаракөл-Қуаңдария болысын Мырзабек Сәтбаев, 1902 жылдарда Құланбай Қалданов, Телжан Аймұратов, Ержан Сәтбаев, Боранбай Алшанов т.б. басқарған. Ал Қостам болысын Үмбет, Сәмбет Тілегеновтер басқарса, 1920-1924 жылдарда Қаракөл-Қуаңдария болысын – Самрат Қалданов, Қостам болысын Жүсіп Үргенішбаев, кейіннен Жолшара Талдыбаев, Төремұрат Қанасыловтар басшылығында болған. Ал, менің өзім екі болыстыққа орынбасар, хатшы болған Мырзатай Досымов, Ес Жалдығараевтарды көрген едім.
Сәдуақас Баймаханов 1914 жылы Аламесекте, кейіннен Ақмешітте (уездік басқарма Т.Д.) көшіруші қызметін атқарады. 1919, 1920 жылдары Ташкенттегі қазақ ағарту училищесінде (Казинпрос) оқып, білім алады. 1919 жылдың 1 шілдесінде Қазақ балаларын оқытатын училищенің бөлімшесі, қазан айында училище қазақ ағарту институт (Казинпрос) болып, қайта жасақталады. Мұнда қазақ зиялылары Иса Тоқтыбаев, Қоңырқожа Қожықов тағы басқалар сабақ берген.
Екінші негізгі класты ол Ташкент қаласында 17 жасында оқыған. Осында оқып жүріп Ташкентте шығатын қазақ басылымдарына әртүрлі тақырыпта мақалалар жазады. Әсіресе жастар жайлы, уездердегі оқу-ағарту жұмыстары, ондағы тәрбие туралы «Ақжол», «Жасқайрат» газеттерінде бірнеше мақалалары жарияланған. 1924 жылы Рахат Төлешұлымен бірге С.Баймаханов Ақмешіттегі оқу жайын жаза келіп, оқуға тартылуға тиісті балалардың – 63-нің мектепте оқымай жүргенін сынаған.
Сәдуақас Баймаханов 1921-1924 жылдары Қырғыз (қазақ) бюросының мүшелігіне сайланып, әрі бөлімді басқарған. «Жас қайрат» газетінің (кейін журнал болған Т.Д.) редакторы болып, көптеген жастардың көзін ашып, оқу-ағартуға айрықша мән береді. Ташкент орталық жастар одағында, халық-ағарту комиссариатында бөлім меңгерушісі, 1924-1926 жылдары Сырдария ауылшаруашылық техникумының (Ташкент қаласындағы) директоры, 1926-1927 жылдар аралығында Қызылорда уездік-қалалық партия комитетінде үгіт-насихат, ұйымдастыру бөлімдерінде меңгерушілік қызметін атқарған, білікті ұйымдастырушы да болды.
Оны 1927 жылдың маусым айында Таштөбе уездік комитетінде (Сарыағашта), 1928 жылы Адзат округтік партия комитетінің насихат-үгіт (форт Александровскийде), 1928 жылдың желтоқсан айында Петропавловскіде губерниялық комитетте бөлім меңгерушісінің орынбасары, «Кеңес ауылы» газетінің редакторы, 19932-1933 жылдары Орта Азия мақта ғылыми-зерттеу институтында сектор меңгерушісі, 1933-1937 жылдар аралығында Қазақстан халық-ағарту комиссарының орынбасары, 1937 жылы мамыр мен қараша айында Мирзоян қаласындағы (Тараз қаласы) Мирзоян аудандық пария комитетінің хатшысы болып, өсіп, кемелденіп, толысқан шағында «Халық жауы» деп РСФСР ҚҚ 58 статьяның 10 бабы бойынша айыптап, тұтқындап, 1938 жылдың 27 ақпанында атып жіберген. Ол 1958 жылдың қазан айында ақталып, партиялық стажы қалпына келтірілген. 1937 жылдың 9 қазан айында тұтқындалған.
С.Баймаханов өзінің 35 жылдық өмірінде қазақ жастарының оқып, білім алуына айтарлықтай үлес қосқан қайраткер. Оның 1924 жылғы «Ақжол» газетінің № 2, 3, 4 сандарында «Жастар қосымша білім тілейді, оны кім ескеру керек» деген мақаласында оқу-ағарту жұмысындағы кемшіліктерді атай отырып, одан шығар жолды көрсетеді. Ол 1920 жылдан бастап Ташкентте шығып тұрған газет, журналдарға мақалалар жазып отырған. Ал 1933-1937 жылдар аралығында «Социалды Қазақстан», «Қызыл Қазақстан», «Лениншіл жас», тағы басқа да басылымдарда мақалалары жарияланған.
Жалағаштан ұшып шыққан, қанатын кеңге сермеген С. Баймахановтың кеңестік зұлмат саясатын құрысып, өкінішке қарай ақырында «Халық жауы» атандырып, атып жіберді.
Ал енді С. Баймахановтың туыстарына келсек, әкесі Баймахан 1927 жылы қайтыс болып, Тоқсанбай ахун қорымына жерленген болу керек. Ағасы Сыдық 1900 жылы туған, 1939 жылы майданға алынып, 1942 жылы хабарсыз кеткен. Інісі Өмірзақ 1912 жылы туған. Жаңаталапта колхозшы, кейіннен Алматы қаласында көлік жүргізуші болып жұмыс істеген. 1942 жылы Қармақшы аудандық әскери комиссариатынан майданға алынады. Бұл да 1943 жылдан хабарсыз.
Сәдуақас Баймаханов ұсталып, қамалғанда отбасында 5 адам болған. Архивтегі жазбада 5-адамның бірі әйелі (мұғалім), ұлы мектеп оқушысы, інісі шопыр, немере інісі (РабФак, КазГу-де студент), немере қарындасы оқушы екені жазылған. Сол ұйысқан отбасының бар-жоғы бүгінде белгісіздеу. Дегенмен нісі мен ағасының 1941-1945 жылдардағы соғыста хабарсыз кеткенін, РабФакта оқыған немере інісінің Омардың баласы Әшірбек (Әшімбек), – болмаса Құлмахан баласы Маханбетжан болар, – деп топшылаймын. Маханбетжан ұрпақтары Ташкент төңірегінде тұрса, Омар ұрпақтары Тараз, Қызылорда қалаларында тұрып жатыр.
Сәдуақас Баймахановтың 1928 жылы туған баласы Алмас 1979-1980 жылдарда Алматыда қайтыс болса керек. Артында бір қызы болған деседі.
Ендігі міндет қоғам және мемлекет қайраткері болған, жазықсыз жазаланған Сәдуақас Баймахановтың өмір жолын, халқына жеткізіп қана қоймай, оның есімін ұлықтау, ол туралы түрлі игілікті, ізгілікті шараларды туған жері мен қызмет атқарған қалаларында аталып өткізілсе нұр үстіне нұр болмақ. Ол құрметтеуге лайық тұлға.