Қазақ руханияты мен мәдениетінің тарихында өзінің өрнегі айқындалған өнер ордасы – Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры. Семей қаласының тарихымен де тамырласып жатқан осынау театр 90 жылдық мерейтойын атап өтті.
Ғасырға жуық уақыт ішінде Абай театры ұлттық өнердің өркендеуіне зор үлес қосып, көрермендерін тың туындылармен қуантып, талай сахна шеберлерінің шығармашылық жолын ашқан киелі мекен екені шындық.
Тарихына жүгінсек, 1917 жылы Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен Ойқұдық жайлауында «Еңлік-Кебек» пьесасы сахналануын қазақ даласында театр өнерін қалыптастырудың негізі деуге болады. Кейіннен 1920 жылы құрамында әйгілі Әміре Қашаубайұлы, Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев сынды майталман өнер иелері топтасқан «Ес-аймақ» қоғамы ұйымдастырған жартылай кәсіпқой драма труппасы негізінде құрылып, 1934 жылы ресми түрде бекітілді.
Міне, содан бергі тереңнен сыр шертетін тарихы бар театр ұжымы мен әртістері үшін биылғы мерейтойдың маңызы айрықша. Ең сүбелісі –режиссер, осы өнер ордасында да өзіндік қолтаңбасы айқындалған Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының басшысы Ержан Жуасбектің құрастыруымен «Тарихы терең театр» атты кітаптың жарық көруі. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы Бағыбек Құндақбаевтың театр тарихын зерттеп, талдаған еңбектері де бұл кітаптың мазмұнын айқындай түседі.
Осы театр қабырғасында жүріп, қазақ өнерінің биігінде жұлдыздай жарқыраған Әбілқасым Жаңбырбаев, Сіләмбек Қыдыралин, Тұратай Иісова, Күләш Сәкиева, Болат Сыбанов, Бекен Имаханов сынды аты аңызға айналған таланттар толқыны күні бүгінге дейін толассыз жалғасып келе жатыр. Мырзахан Сыдықов, Шолпан Мұханбетова, Сұлушаш Төлекова, Азамат Нұрғамыс, Бекзат Омашев, Әсел Нұрланова, Әсел Асылбекова секілді көрермен қауымға етене таныс есімдерді айтсақ та аздық етпесі анық. Сахнадағы декорациялық көріністерді әрлеу ісінде жас суретші Жанна Жүнісованың қолтаңбасы айрықша екендігін де атап өткен жөн. Ал Абай атындағы театрға қазіргі күнде өнер тарланы Амангелді Бахтинов басшылық етеді.
Міне, осындай театрдың мерейтойында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев театр ұжымы мен барша өнер сүйер қауымды айтулы оқиғамен құттықтап, жаңа автобустың кілтін табыс етті.
«Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғалиақпар Төребаев сынды көрнекті тұлғалар құрған мәдени орталық өңіріміздің рухани құндылығының символына айналды. Театрдың 90 жылдық тарихында өнер саласындағы толағай табыстардың шежіресі жазылды. Мұхтар Әуезов: «Театр – ең ұлы бейнелеу өнерінің бірі» деген екен. Бұл – облысымыздың ғана емес, бүкіл қазақ халқының рухани мақтанышы, ұлттық мәдениеттің жарқын шамшырағы. Ынтымағы жарасқан театр ұжымына шабытты шығармашылық жол, жаңа жарқын табыстар тілеймін!» – деді аймақ басшысы өз құттықтауында.
Сонымен қатар «Абай театры: тарих толқынында» атты конференцияда театрдың бай тарихи мұрасы, ұлттық мәдениеттегі орны жан-жақты талқыланды. Басқосу барысында еліміздің театр мамандары мен абайтанушылар театр, кино өнерінің дамуы, Абай атындағы театрдың қоғамдағы рөлі туралы баяндама жасады.
Мерейтойға орай театрдың 90 жылдық тарихының маңызды кезеңдерін, белгілі өнер қайраткерлерінің шығармашылығын, театрдың ұлттық мәдениеттегі маңызын баяндайтын «Ойқұдықта маздаған театр» деректі фильмі түсірілді.
Салтанатты шара аясында театр артистері арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Нұрбек Ташкенбаев, Талғат Төлеубаев, Елена Обухова, Айдос Байгелдин, Ерен Ахметов, Нұржан Хасенов, Әсел Нұрланова, Әлия Хамитова ҚР Мәдениет саласының үздігі атанса, Мырзахан Сыдықов, Әсем Баирова, Бақыт Тоймбаева, Шолпан Мұханбетова, Айжан Манекина, Азамат Нұрғамыс ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің арнайы марапатына ие болды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтаулары да театр ұжымының мерейін асқақтата түсті.
Абай атындағы қазақ музыкалы драма театрының 90 жылдық мерейтойы «Еңлік-Кебек» спектаклімен қорытындыланып, көрермен көңілінде ерекше әсер қалдырды.