Осы бір орта бойлы, шымыр денелі, жауырыны қақпақтай жігітті мен алғаш Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетте оқу корпустарының бірінде кездестірген болатынмын. Кейіпкерім Құрманғали Ғазезұлы сондағы тарих факулътетінде, ал мен университетте география факулътетінде оқимын, сол кездегі таныстық жерлестікке, кейін достыққа айналды.
Сол уақыттарда университетте қыс айларында самбо күресінен факультетаралық жарыс өткізу дәстүрі болатын. Сол жарысты тамашалауға әрі өз факультетіміздің палуандарына жанкүйер болуға спорт залға баратынбыз. Сол жарыстарда менің досым Құрманғали nарих факультеті атынан күрестен спорт жарысына қатысатын. Жалпы КазҰУ де самбо күресі ерекше жақсы дамыды. Сол кезде самбо күресінің жаттықтырушысы спорт кафедрасының аға оқытушысы Темірхан Досмұханбетов ағайымыз болатын. Құрманғали бауырым сол жарыстарда өз салмағында үнемі бас жүлде алатын. Егер спорт қуып кеткенде Құрекең белді бір спортшы палуан болып әлемді, Олимпиаданы бағындырар еді деп ойлаймын. Бірақ менің досым спортты емес ғылымды өзіне серік етті. Сөйтіп университетті өте жақсы бағада бітіріп шықты. Университетте оқып жүрген кезінде өзінің активистігімен танылып, белсенді студенттердің бір де бірегейі болды. соның нәтижесіндей 1982 жылы Москва қаласында өткен ВЛКСМ-нің 18 съезіне КазҰУ-ден делегат ретінде қатысты. 1983 жылы киелі Сыр елінің сұлуы өзімен бір факультетте оқыған Хадиша ханыммен отбасын құрды. Хадиша да университетті өте жақсы бағада бітірген, қазіргі күні тарих ғылымының докторы, профессор, екі баланың анасы, немерелерінің әжесі Л.Н.Гумилев Унивеситетінің профессор ұстазы. Сол заманның үрдісімен Құрманғали университет бітіргесін жолдамамен өзінің туған Торғайына келіп, еңбек жолын Қызыл әскер кеңшарындағы Ә. Жанкелдин атындағы орта мектебінде ұстаздық қызметтен бастады. Екі жыл абыройлы қызмет етті. Сол екі жылда біраз оқушының тарих пәніне деген махаббатын оятып, спортқа деген қызығушылығын туғызды. Қазір сол мектептен шыққан Құрманғалидың бірнеше шәкірттері тарих пәні маманы болды, 2 шәкірті қазақ күресінен спорт шебері. Кейінен нақты ғылыммен айналысу үшін Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институтка ұстаздық қызметке шақырылды.
1987-1990 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық университетінің күндізгі бөлімінде аспирантурада оқып, тарих ғылымы саласынан кандидаттық дисертация қорғады. 2004 жылы Халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі, 2002 жылы Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, 2006 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің «Алғыс хатымен» марапатталды, 2013 жылы Ресей Жаратылыстану Академиясының профессоры атақтарын алды, Казіргі күні еңбек етіп жатқан Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетіне дейін Арқалық, Павлодар, қаласындағы жоғары оқу орындарында қызмет істеді. Оның ішінде 13 жыл факультет деканы, 3 жыл оқу ісі жөніндегі проректор қызметін атқарды.
Аустрия, Болгария, Франция, Нидерланды, Чехия, Түркия, Ресей т.б. елдерде ғылыми конференцияларға қатысып, 200-ден астам ғылыми-танымдық мақалалары жарияланды. Бұл үлкен ізденістің, инемен құдық қазғандай адал еңбек, маңдай тердің жемісі.
Құрманғали досымның әкесі өмірден ертерек өтті. Артта қалған балаларды аналары жеткізді, бір сүйсінерлігі сол балалар тегіс жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапты.
Құрманғалидың «Алаш зиялыларының тағдыры» атты ғылыми-танымдық еңбегі өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы Алаш зиялыларының тағдыры, кеңестік билік тұсындағы қуғын-сүргін, қысым жасау, көзқарас қайшылығы ғылыми еңбек құрылымының өзегі. «Торғай ісі» 1921-1922 жылғы ашаршылық бөлімінде қазақ зиялыларының ынтымақ-бірлігі, бар қазақ менің жалғызым дегендей Кереку елінің азаматы, алаш арысы Жүсіпбек Аймауытов, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы атамызбен бірлесіп, Семей өңірінен мал жинап, Торғай еліне жеткізіп ашыққан халыққа бөліп беруі, оларды сол кездегі кеңестік билік көре алмаушылықтан қудалағанда, алаш арысы Смағұл Садуақасовтың араша түсуі тарихи дерекпен нанымды бейнеленген. Құрманғалидың үлкен баласы Айдос Жапонияның Цкуба университетінің магистурасын бітіріп, білім алып елге абыройлы қызмет етуде. Бірнеше тілді атап айтқанда Қазақ, орыс, ағылшын, жапон тілдерін еркін меңгерген, келешегі кемел азамат. Отбасылы. Келіні Жанерке жоғары білімді, ибалы, инабатты. Досымның екінші баласы Ілияс астанадағы Назарбаев университетінен соң Жапонияда Васэда университетінің магистуратурасын бітірді. Егер екінші дүниежүзілік соғыстан бергі кезеңде Жапонияда үкімет басқарған 10 премьер-министр болса, соның жетеуі осы Васэда университетінің түлегі екен. Ілияс бірнеше тілді қазақ, орыс тілінен басқа ағылшын, түрік, жапон тілдерін меңгерген. Қазіргі күні күншығыс елінде американ-жапон компаниясында қызмет етуде.
Сөз соңында Пайғамбар жасына қадам басқан, биологиялық жасы 50-ге толмаған Құрекең досыма әке-аталарыңыздың жасамаған жасын жасауыңызды, ғылымның биік шыңына қажымай талмай еңбек ете беруіңізге,ел тарихына, туған жер тарихына сүбелі үлес қосуыңызға құдай қосқан қосағыңыз Хадишамен бірге немере-шөберенің қызығына тоймай бірге қартаюды Аллам нәсіп етсін!