Биыл Сарысу ауданына 95 жыл. Сонау 1928 жылы еліміздің тағдырлы тарихындағы тәркілеу науқанының ауыр зардабын, 1932-1933 жылдардағы кең далада көшпелі тірлікпен тарпаң ғұмыр кешіп, байтақ өлкеде бас білдірілмеген асаудай еркін шаруашылықпен өмір сүрген халықты күштеп ұжымдастыру салдарынан болған нәубетті бастан өткерген. Ұлы Отан соғысында даңқты мерген Ыбырайым Сүлейменов секілді баһадүр перзенттері парасатты ерлігімен ел есінде қалып, 2700-ден астам батыры жаумен арпалысып, жат жерде жан тапсырған Сарысу топырағы талай тұлғаның алтын бесігіне айналған, батырлық пен ерліктің шынайы символы болып келе жатқан қадірлі қара шаңырақтың бірі.
Тарихтар тоғысында да, елдік пен ерліктің, бірліктің арқасында шаңырағын нық ұстап келе жатқан аудан тарихы келешегімен кемел. Осынау мерейтой аясында ауданның экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамуына атсалысып келе жатқан азаматтарды аудан әкімі Сәкен Мамытов арнайы марапаттауда.
Марапаттау рәсімдері аудандық мәдениет үйі мен әкімдіктің мәжіліс залында салтанатты түрде өтуде.
Ақпарат үшін, 29 қыркүйек күні таңғы 9.00-ден бастап Сарысу ауданының мәдени іс-шаралары өтеді.