Апат айтып келмейді. Елімізде төтенше жағдайлар жиі болып тұрады. Оның алдын алу үшін үлкен жұмыстар істелуде. Президентіміздің өзі бақылап отыр. Себебі аузымыз талай мәрте күйген.
Ұлт үшін үнсіз, халық үшін қалтқысыз еңбек етіп жатқан жандардың ішінде төтенше жағдай қызметкерлерінің еңбегі ерен қашанда. Олар бейбіт күнде отқа да, суға да түсіп, халықтың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етуден жалыққан емес. Алайда олардың сол бір жанкешті еңбегі қарапайым халықтың көзіне көріне бермейді. Бірақ олардың көріне бермейтін еңбегінің артында өміріміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі жатқанын ойдан шығармағанымыз абзал.
Еліміздің Төтенше жағдай қызметі құрылымы бірнеше рет өзгерген орган. Аталмыш органның қызметінің саналуандығы мен қоғамымыз үшін өте маңызды екенін ескере отырып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында арнайы олардың қызметіне қатысты тоқталып өткен болатын.
«Азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардан қорғау мәселесіне баса мән беріледі. Өкінішке қарай, мұндай апаттар біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде жиілеп кетті. Бұл салада кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек» деген еді ел Президенті.
Осыдан соң бұған дейін ішкі істер министрлігіне қарасты болған Төтенше жағдайлар қызметі Төтенше жағдайлар министрлігі болып қайта құрылды. Ведомство құрылымында 25 мың қызметкер жұмыс істейді және еліміздің азаматтық қорғанысын қамтамасыз етеді деп күтілген министрлік қазіргі таңда еліміздегі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бағытында қыруар жұмыстар атқаруда. Күн демей түн демей өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою бағытында үздіксіз қызмет етуде.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия туралы ереже бар. Бұл ережені бүкіл қазақстандық азаматтар білуі тиіс.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия консультациялық-кеңесші орган болып табылады және азаматтық қорғау саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жүргізу жөніндегі ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылғаны айтылған.
Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
Комиссия өз өкілеттіктерін орталық және жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасай отырып, жүзеге асырады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 2024 жылы шамамен, 10 мың өрт тіркелген. Олардың 200-ден астамы адам өмірін қиған көрінеді. Өкініштісі, оқиға орнында тұрғындармен қатар, құтқарушылар да жан тапсырып жатады. 2023 жылы су тасқыны мен орман өрттері елімізді біраз әбігерге салды.
2024 жылдың І жартыжылдығында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 70 мыңға жуық азаматты құтқарды және эвакуациялады, 42 мыңнан астам жедел сапар жасады. Сонымен бірге 5,5 мыңнан астам төтенше жағдай мен оқиға тіркелді. Ведомство қызметкерлері қандай қиындықтарға тап болды, оларды қалай еңсерді және болашаққа қандай жоспарлар құрып жатқаны туралы төменде айтамыз.
Осы жылдың қыс айында 4,5 мыңға жуық дауыл туралы ескерту жарияланған. Құтқарушылардың жедел әрекет етуінің арқасында автожолдардағы қайғылы салдардың алдын алуға және 13 мыңнан астам адамды қауіпті аймақтан эвакуациялауға мүмкіндік туған.
Жылу беру маусымындағы алдын алу шаралары айтарлықтай нәтиже берген. Өрт саны 14%-ға, қаза тапқандар саны 9%-ға, ал балалар өлімі 48%-ға азайған.
Бұл жетістіктер дер кезінде алдын алу шаралары мен төтенше жағдайларға тиімді әрекет етудің маңыздылығын көрсетеді. Қазір келесі жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Дайындық шеңберінде азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйлерге тексеру жүргізіліп, жаңа өрт дабылдары орнатылуда.
Қуанарлық жайт, ТЖМ бөлімшелердің материалды-техникалық базасын нығайту шараларын жалғастыруда және Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті мен Ұлттық теңіз кәсіби апаттық-құтқару қызметін құруды қоса алғанда, жаңа бастамалар әзірлеуде.
Биыл құтқарушылар үшін 10 мыңнан астам өрт сөдіру техникалық жабдық, 166 бірлік арнайы техника сатып алу, лизинг шеңберінде апаттық-құтқару және іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін ұшақ пен 5 тікұшақ сатып алу жоспарланып отыр. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен 20 өрт сөндіру депосының құрылысы жалғасуда. Жатақханасы бар бірегей құрастырмалы модульді өрт сөндіру кешенінің құрылысы аяқталуда.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі бірыңғай басқарма үшін заманауи ақпараттық технологиялармен жабдықталған Дағдарысты басқару орталығын жаңғырту аяқталды.
Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін жақсарту бөлігінде Мемлекет басшысы мен Астана әкімдігінің қолдауымен жыл басынан бері елордалық гарнизон қызметкерлерінің 50 отбасы тұрғын үй сертификаттарын алды. Аталған тәжірибені өңірлерде де жалғастыру көзделіп отыр. Сондай-ақ тұрғын үй төлемдері мәселесі заңнамалық деңгейде шешілуде.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК















