«Amanat» партиясының облыстық филиалында партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері Гулам Умаров пен Айтбала Жолмаханова атқарған жұмыстары жөнінде баспасөз конференциясын өткізді.
Гулам Умаров облыстық мәслихаттағы әлеуметтік салалар, жастар ісі, құқықтық тәртіп және қоғамдық ұйымдармен байланыс жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы. Осы салалардағы жұмыстарға тоқталған депутат облыстағы ұлттық, техникалық және қолданбалы спорт түрлерін, бұқаралық дене шынықтыру, спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жайын сөз етті.
– Партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының кезекті отырысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында өңірімізде атқарылатын жұмыстар және аймақтағы еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және еңбек дауларын шешу мен алдын алу жұмыстары бойынша мүдделі орган өкілдерінің есептері тыңдалды. Жиында «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды. Сондай-ақ, депутаттар Тараз қаласында санитарлық-тазалық айлығына атсалысып, «Депутаттар аллеясында» абаттандыру шараларына өз үлесімізді қостық. Қазіргі таңда облыста құрылыстың қарқын алғаны қуантады. Оның ішінде партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес салынып жатқан нысандар да жетерлік. Десек те, кейінгі жылдары инженерлік инфрақұрылымның пайдалануға берілу мерзімінің кешігуі мен сапа мәселесі туралы көбірек сын айтылып жүр. Біз мұндай мәселелерді назардан тыс қалдырмай, дер кезінде партиялық бақылау шараларын жүргізіп келеміз. Мысалы, Жамбыл ауданындағы Бесағаш-Түрксіб елді мекендеріндегі ауыз су жүйесінің құрылысына қатысты партияның тарапынан жұмыс тобы құрылып, рейд жүргізілді. Оның барысында мердігер «Көлсай строй» ЖШС басшылығына ауыз су жүйесін көп ұзатпай іске қосу туралы ұсыныс берілді. Біз тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мәселесін партиялық бақылау комиссиясының отырысында да қарадық. Ол бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары есеп берді. Қордаланған проблемалар қозғалып, мемлекеттік сатып алу барысында олқылықтарға жол бермеу мәселесі талқыланды, – деді Гулам Умаров.
Депутаттар Байзақ ауданының Көктал және Тегістік ауылдарында салынып жатқан мәдениет үйлерінің, Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов көшесінің аяғында әрқайсысы 1200 оқушыға арналып салынып жатқан қос мектептің жай-күйін көріп, зерделеген. Бұл құрылыс жұмыстары биыл жыл соңына дейін аяқталуы керек. Алайда, екі мектептің сыртқы желілерінің бөлек жобамен жүзеге асырылатыны ойландырады. Нысандар діттеген мерзімінде пайдалануға берілуі үшін бұл мәселеге қатысты партиялық ұсыныстар берілген. Бұдан бөлек, күрделі жөндеуден өтіп жатқан №48, №46 және №28 мектептерге де қоғамдық бақылау жүргізілген. Сол сияқты «Ұлы дала» шағынауданында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты мәселелер де дер кезінде оң шешімін тапқан. Тараз қаласы мен Жуалы ауданының аумағында жүргізілген және жөндеуден өтіп жатқан автокөлік жолдарының сапасына да депутаттар зер салған. Партияның сайлауалды бағдарламасында өңірдегі сапалы жолдардың үлесін ұлғайту мәселесіне айрықша басымдық берілген болатын.
– Жуалы ауданындағы Күйік-Теріс-Ащыбұлақ жолын орташа жөндеу жұмыстары туралы айтпай кетуге болмайды. Өткен жылдың мамыр айында басталған жұмыстар сол жылдың қараша айында аяқталды. Бірақ, сол жөнделген 10,6 километр жолдың 45 метрі жарамсыз болып қалған. Осыған байланысты мердігер компанияға кеткен кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша ұсыныстар берілді. Сонымен қатар, Тараздағы бірқатар көшелердің орташа жөндеу жұмыстарына қатысты да партиялық бақылау жүргізілді, – деді Гулам Мұхтарұлы.
Халық қалаулылары облыс орталығындағы бірқатар азық-түлік дүкендеріне зерделеу жұмыстарын жүргізіп, дүкен иелеріне бағаны шекті мөлшерден асырмауды түсіндірген. Азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығына қатысты маңызды мәселелер партиялық бақылау комиссиясы мен мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысында кеңінен талқыланған.
№15 аумақтық сайлау округі бойынша депутат болып сайланған Айтбала Жолмаханова Сарысу, Талас аудандарындағы мәселелерді көтеріп келеді.
– Мен депутат ретінде көптеген әлеуметтік нысандар мен ұйымдарды аралап, қала, ауыл тұрғындарымен бірнеше рет кездесулер өткіздім. «Amanat» партиясының аудандық филиалында және аудандық мәдениет үйінде қабылдау өткізіп, өтініштерін тыңдадым. Халық қалаулысы болған соң тұрғындар үшін маңызды мәселелердің шешімін табуға барынша көңіл бөлудеміз. Мәселен, тұрғындардың тілегімен Жаңатас қаласындағы 3-шағынауданның №23/3 тұрғын үйінің артқы жағына лоток орнату жұмыстары 3 мамырда басталып, 30 маусымда толығымен аяқталды. Пайдаланылмаған жерлер мен жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтару бойынша да жүзеге асқан жұмыстар бар. Сарысу ауданында пайдаланылмаған жерлерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде 2021 жылы 44,6 мың гектар жер аудандық жер қорына қайтарылды. Былтыр облыс бойынша 200 мың гектар жерді қайтару жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда аудан бойынша 71,3 мың гектар жер 20 шаруа қожалығынан өз еркімен қайтарылды. «JerInspectr» порталымен жоспардағы 139 жер учаскесінің 105-іне зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 30,2 гектар жайылымдық жер тексеруге жолданды, – деді Айтбала Абухасқызы.
Сарысулықтардың тағы бір жиі көтеретін мәселесі – Ақтоғай ауылындағы клуб ғимаратының жөндеуі болатын. Ол саман кірпіштен салынғандықтан, күрделі жөндеуге жатпайды. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасау үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалған, енді құрылысының өз мерзімінде сапалы аяқталуын депутат өз қадағалауына алатын болады.