Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында тұрғындар үшін жаңа қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Қасым Қайсенов кентінде бой көтерген сквер жергілікті тұрғындардың демалысына, балалардың ойынына және жастардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.
Жаңа сквердің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Aitas холдингінің негізін қалаушы Серік Толықбаев және Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Ерлан Сайыр қатысты.
Аумағы 16 мың шаршы метрге жуық қоғамдық кеңістік Өскемен құс фабрикасының 50 жылдығына орай салынған. Жобаға 470 млн теңгеден астам инвестиция бағытталған.
Тұрғындардың
ұсынысы ескерілді
Сквердің орны кездейсоқ таңдалған жоқ. Жоба әзірленген кезде жергілікті тұрғындардың ұсыныстары назарға алынған. Бұған дейін бұл аумақта абаттандырылмаған сай болған. Кенттің осы бөлігінде тұратын тұрғындар, әсіресе кішкентай балалары бар отбасылар, үйлеріне жақын жерде демалатын орын қажет екенін айтқан.
Енді бұрын пайдаланылмай жатқан аумақ заманауи қоғамдық кеңістікке айналды. Мұнда балаларға арналған қауіпсіз жабындысы бар ойын алаңы, футбол алаңы, воркаут аймағы және ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары орналасқан. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, орындықтар қойылып, аумаққа заманауи жарықтандыру жүйесі жүргізілді. Осылайша, сквер балалардан бастап аға буын өкілдеріне дейінгі әр жастағы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.
«Тұрғындар үйлеріне жақын жерде отбасымен демалатын орын жасауды сұраған болатын. Енді абаттандырылмаған сайдың орнында балалар ойнайтын, жастар спортпен айналысатын, ал аға буын серуендеп, тынығатын сквер пайда болды. Біз үшін осындай қоғамдық кеңістіктердің адамдарға шынымен қажет жерлерде салынғаны маңызды», – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Әкім сондай-ақ ауданның қоғамдық өміріне ұзақ жылдар бойы қолдау көрсетіп келе жатқан Өскемен құс фабрикасына алғысын білдірді.
Скверде Ұланның
тарихы да көрініс
табады
Жаңа қоғамдық кеңістікті абаттандырумен қатар, оның дизайнында ауданның мәдени-тарихи мұрасын көрсетуге де басымдық берілмек.
Атап айтқанда, қазақстандық суретші Санжар Жұбанов Ұлан ауданындағы белгілі археологиялық ескерткіштердің бірі – Ақбауыр петроглифтері негізінде тастарға авторлық композициялар жасауды жоспарлап отыр. Бұл сквердің тек демалыс орны ғана емес, ауданның тарихи-мәдени ерекшелігін танытатын кеңістікке айналуына мүмкіндік береді.
Сквердің ашылуы кезінде алғашқы ағаш көшеттерін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Aitas холдингінің негізін қалаушы Серік Толықбаев және Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Ерлан Сайыр отырғызды.
Ал аумақты негізгі көгалдандыру жұмыстары биыл қазан-қараша айларында жүргізіледі. Бұл кезеңде сквердің жасыл желекпен толықтырылып, көркейе түсуі көзделіп отыр.
Кенттегі қоғамдық кеңістіктер көбейіп келеді
Өскемен құс фабрикасы Ұлан ауданында 50 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорынның ауданның әлеуметтік өміріне қосып келе жатқан үлесінің бірі – қоғамдық кеңістіктерді дамытуға қолдау көрсету.
Осыдан он жыл бұрын, кәсіпорынның 40 жылдығына орай, Қасым Қайсенов кентінде Ардагерлер саябағы ашылған болатын. Ал жаңа сквердің пайдалануға берілуі кент тұрғындары үшін демалыс пен спортқа арналған тағы бір қолайлы орынның пайда болуына жол ашты.
Бұрын абаттандырылмаған сай болған аумақтың заманауи скверге айналуы Қасым Қайсенов кентінің келбетіне де жаңаша сипат берді. Енді мұнда балалар ойнап, жастар спортпен шұғылданып, тұрғындар отбасымен серуендеп, бос уақытын өткізе алады.
Т. АСХАНҰЛЫ,
Шығыс Қазақстан облысы














