Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Мұртаза Жалғас Алижанұлы Нұрлыкент, Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Бүрлібаев Зиядхан Рымбекұлы және бөлім басшылары қатысты.
Аудан әкімі Жалғас Алижанұлы Нұрлыкент ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жылы атқарылар жұмыстардың бірқатарын атап өтіп, округтің тұрмыс-тіршілігіне тоқталды.
Округте ағымдағы жылдың 6 тамыз күні Нұрлыкент ауылдық округтің әкімін сайлау саяси науқаны өткізіледі. Бүгінгі күні сайлауға 3 үміткер тіркелген. Жаңа әкімге жаңа міндеттер жүктелетіндігін айта өтті.
Сондай-ақ, «Мансап» орталығының жұмысы, қоғамдық жұмысшылардың санын арттыру, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кеңірек тұрғындарға кеңес беріліп, бағыт-бағдар көрсетілді. «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы болып табылады. Аудан əкімі ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен оның қосылған құнын арттыру, кооперативтерді дамыту стратегиялық міндет екенін атап өтті.
Аудан әкімі округтегі шешімін күтіп тұрған жұмыстардың 2024 жылы орындалатынын, халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту үшін жұмыстар атқарылатындығын жеткізді. Келер жылы көктем, жаз айларында жол мәселесі, ауыз су мәселесі, 150 орындық мектеп құрылысы, электр бағаналары ауыстырылып, ауылдық округті дамыту бағытында жұмыстар жасалады.
Қызыларық ауылдық округінде шаруалардың жұмысының барысы, егін суы туралы ашық әңгіме жүргізді. Суғару жұмысы бойынша келеңсіздік туғызған канал құрылысы аяқталып, шаруаларға су берілген. Жауапты тұлғалар тарапынан жасалған жұмыстарға тұрғындар алғыстарын білдірді.
Сонымен қатар, аудан әкімі округ тұрғындарына «Ауыл аманаты» жобасы туралы түсіндіріп, үй іргесіндегі жерді пайдалануға 95% аула қатысу қажеттігін жеткізді. Мал шаруашылығын сүт бағытында дамыту тиімді екендігін көрсетті. «Мал саны көп, жайылым жер аз» деген сылтаумен кәсіп жасамай отыруға болмайды. Қазіргі күні заманауи қора-жайда мал басын көбейтіп, асыл тұқымды ірі қара, ұсақ малдарды өсіруге болады. Кәсіпкерлік бағытта да жұмыстар атқару – тұрғындардың табыс көзін арттырады. Пилоттық жобаны мақсатсыз пайдалануға жол берілмейді. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5% кредит алған тұрғын бір адамды жұмыспен қамтуға міндеттенеді. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтерген соң, мемлекет тарапынан әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Олар: газ, су, свет, жол, көше жарығы, балабақша, мектеп, мәдениет үйі, спорт алаңшасы сияқты нысандардың құрылыс жұмыстары жүргізіледі,- деді аудан әкімі.
Ақтөбе ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасы аяқталған. Қазіргі таңда ауылішілік 11 жолға асфальт төсеу жұмыстарын «Дәуренбек» ЖШС мердігер компаниясы жұмыстарын жүргізбей, мәселе туындатқызып отырған жайы бар. Округ әкіміне жол мәселесі бойынша уақытынан кешіктірмей асфальт төсеу жұмыстарын қадағалауы қажет,- деген тапсырма берілді.
Жаңа ауыз су ұңғымасы арқылы тартылған құбырға әр аула қосылып, есептегіш құралын орнату қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, егінге су жіберетін канал құрылыстары мен балабақшаға айналдыратын ғимарат жұмысы талқыланды.
Әр округтегі кездесуден соң, жеке қабылдаулар өткізілді. Тұрғындар сауалдарына заңдылыққа сәйкес жауаптармен қанағаттандырылды. Сала басшыларына орындалатын тапсырмаларды жүктеді.