Аймақта туризм саласын дамыту күн тәртібінен түспей келе жатқан басты мәселенің бірі. Осы бағытта жыл сайын жарқын жобалар жүзеге асып, ішкі туризмді ілгерілетуге өзіндік үлес қосып келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков саладағы салмақты жобалар мен жоспарларды айтып өтті.
Алдымен басқарма басшысы Ұлы Жібек жолының бойында ғасырлар бойы өзінің тарихи құндылығын жоймай келе жатқан Әулиеата өңірінде туризмді дамытуға бағытталған шараларға тоқталып өтті. Салада сервис сапасын арттырып, білікті маман даярлау ісін дамыту мәселесі де басты назарда тұрғанын жеткізді.
– Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа 31 144 турист келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116 пайызға артып отыр. Олардың 467-сі шетелдік турист болса, қалған 30 677-сі еліміздің басқа өңірлерінен келген туристер. Келушілерге 498 миллион теңгеге қызмет көрсетілді. Қазіргі уақытта облыс аумағында 214 туристерді орналастыру орындары, 434 тамақтану орындары, 15 туристік ұйым, 11 балаларды сауықтыру лагері, 7 шипажай, 15 демалыс орын, 200- ден аса қолөнерші мен 25 көлік жұмыс атқарады. Туристік нысандар саны 65-ті құрап, олар арқылы өтетін 45 туристік бағыт әзірленген. Туризм саласын дамытудағы негізгі мәселелердің бірі – білікті кәсіби мамандар даярлау. Биылғы жылдың мамыр айында туристік салада білікті мамандар даярлауға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, гидтер мен экскурсоводтар курстары ұйымдастырылып, 30 маман халықаралық дәрежедегі сертификат алды, – деді Біржан Мықтыбекұлы.
Сондай-ақ, басқарма басшысы биыл облыс аумағында заман талабына сай 2 туристік демалыс аймағы ашылғанын алға тартты. Соның бірі – «Koksai resort» туристік демалыс аймағы толық іске қосылғанда аймаққа келуші туристердің өсуі орта есеппен 32 мың адамға жететінін айрықша атап өтті. «Алмалы» туристік демалыс орталығымен қоса күні кеше ғана Тараз қаласында ашылған «Зербұлақ» аквапаркінің де ішкі туризмді дамытуға қосар үлесінің зор екенін жеткізді.
– Туризм саласына инвестиция тарту мәселесі бойынша облыс кәсіпкерлерімен және шетел инвесторларымен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы әр-түрлі деңгейде кездесулер өткізіліп тұрады. Облыстың туризм саласы бойынша 2023-2025 жылдары жалпы соммасы 7 миллиард 355 миллион теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады. Олар – «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің 3 кезеңі, «Koksai resort» туристік демалыс аймағы, «Aksai resort» этно- туристік демалыс орталығы, «Ақ жол» этно- туристік кешені, «Таскөл» демалыс орталығы, «Алмалы resort» туристік демалыс орталығы. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 106 уақытша және 65 тұрақты, барлығы 171 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Жыл басынан бері «Жанды сабақтар» жобасы, «Көктем көркі – қызғалдақ» республикалық фестивалі, «Жамбыл экономикалық және инвестициялық» форумы аясында туристік іс-шаралар өткізіліп, Тараз-Түркістан-Тараз бағыты бойынша «Taraz City bus» экскурсиялық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жастардың патриоттық сезімін дамытуға және өз өлкесін танып-білуге бағытталған бұл іс-шара аясында барлығы 36 ақпараттық тур ұйымдастырылып, жалпы саны 2000-нан аса бала қамтылды, – деді Біржан Мықтыбекұлы.
Сонымен қатар, басқарма басшысы туристік бизнес өкілдері туристік қызмет объектілерінің құрылысын жүргізсе, олардың шығындарының 10 пайызы өтелетінін, туристік бизнес субъектілері туристерді тасымалдауға арналған туристік автобустар сатып алатын болса, сол шығындарының 25 пайызы қайтарылатынын, республикалық автомобиль жолдары бойында сервис объектілерінің құрылысы жүргізілетін болса, ол объектілердің сметалық құнының 10 пайызы туристік бизнес субъектілеріне қайтарылатынын атап өтіп, мемлекеттік қолдау шараларының маңыздылығына тоқталды. Басқосу соңында Б. Күзембеков салаға қатысты жан-жақты сұрақтарға жауап берді.