Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті I Халықаралық ислам өркениеті форумына қатысты

Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті I Халықаралық ислам өркениеті форумына қатысты

2026 жылғы 7–11 шілде аралығында Өзбекстан Республикасының Ташкент, Самарқанд және Термез қалаларында «Ислам өркениеті: бейбітшілік, толеранттылық және ағартушылық жолы» ұранымен I Халықаралық ислам өркениеті форумы өз жұмысын бастады.

Форумның ашылу салтанатында Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Хайриддин Сұлтанов Өзбекстан Республикасы Президенті жоғары мәртебелі Шавкат Мирзиёевтің форум қатысушыларына жолдаған құттықтау үндеуін оқып берді.

Түркия Республикасы Президенті жоғары мәртебелі Режеп Тайип Ердоғанның құттықтау үндеуін Әділет және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары Күршад Зорлу жеткізді. Ал Татарстан Республикасы Раисының құттықтауын «Ресей – Ислам әлемі» стратегиялық көзқарас тобы төрағасының кеңесшісі, Татарстан Республикасы Раисының арнайы өкілі Фарит Мұхаметшин оқып берді.

Ашылу рәсімінде сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Дін және ағартушылық мәселелері жөніндегі бөлім меңгерушісі Музаффар Камилов, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти шейх Нуриддин Холиқназар, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, шейх-ул-ислам Аллахшүкір Пашазаде, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Сұлтан Раев және ICESCO Бас директоры Салим Мохаммед әл-Мәлік сөз сөйледі. Сонымен қатар, Дүниежүзілік мұсылман лигасының Бас хатшысы Мұхаммед бин Абдулкәрім әл-Иссаның бейнеүндеуі ұсынылды.

Форум жұмысына Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова да қатысты. Қор Президенті «Ұлы өткеннің мұрасы – жарқын болашақтың негізі» тақырыбына арналған IV пленарлық отырыста баяндама жасады.

Өз сөзінде профессор Ақтоты Райымқұлова Өзбекстан Республикасы Президенті жоғары мәртебелі Шавкат Мирзиёевке Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығын құру және аталған форумды өткізу бастамасы үшін алғыс білдіріп, бұл бастамалардың елдің өркениетаралық үнқатысуды дамытудағы маңызды рөлін айқындайтынын атап өтті.

Қор Президенті ислам және түркі өркениеттерінің әлемдік мәдени мұраға қосқан үлесіне тоқталып, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қызметі, сондай-ақ Қордың ICESCO және Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығымен жүзеге асырып жатқан ынтымақтастығы туралы баяндады.

Сөзінің соңында Ақтоты Райымқұлова ислам және түркі өркениеттерінің мұрасын сақтау жолындағы күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтіп, форум ұйымдастырушыларына нәтижелі ынтымақтастық үшін ризашылығын білдірді.

Айта кету керек, форум әлемнің түрлі елдерінен келген белгілі ғалымдарды, сарапшыларды, халықаралық ұйымдардың өкілдерін, жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу орталықтарының, музейлердің және өзге де мекемелердің мамандарын бір алаңға тоғыстырды.

08.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26274
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25715
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43105
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38912
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43507