Түркістан облысындағы индустриалды аймақтар бақылауға алынып, тағы да тексеруден өтеді. Оларға инвестиция тарту, жаңа зауыттар мен жұмыс орындарын ашу мәселесі қатаң бақыланады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппараттың апталық мәжілісінде жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне және индустриалды аймақтарға жауапты мекеме басшыларына соңғы рет ескерту жасады.
– Индустриалды аймақтарда жаңа кәсіпорындар, зауыттар салынуы тиіс. Өндірісті өркендетпей облысымыз дамымайды. Бізге одан басқа жол жоқ. Жұмысты күшейтіңіздер. Индустриалды аймақтары қараусыз қалған, инфрақұрылымы нашарлаған аудан, қала әкімдеріне бұдан былай қатаң шара қолданылады. Бұл мәселені бұған дейін де талқылаған болатынбыз. Индустриалды аймақтардағы кемшіліктерді ретке келтіру, өндіріс орындарын ашу бойынша нақты іс-шаралар жоспары жасалып, орындалу мерзімі белгіленсін. Ұсыныстар берілсін. Егер бұл тапсырма орындалмаса, басқарушы компанияның, аудан, қала әкімі немесе орынбасарларының қызметке сәйкестігін қараймыз. Нақты жұмыс керек, инвестиция тартыңыздар, әлеуетін пайдаланыңыздар. Бірлесе жұмыс атқарыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, Түркістан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, «Turkistan» индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясы» ЖШС құрылған. Жалпы облыста 544,52 гектарды құрайтын (426,4 га басқарушы компания теңгерімінде) 9 индустриалды аймақ орналасқан. Онда құны 75,9 млрд. теңгені құрап, 3684 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 67 жоба орналасқан. 9 индустриалды аймақтың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы қолға алынған. Алайда, индустриалды аймақтарға инфрақұрылымды толық жүргізу үшін қосымша қаражат қажет.
Түркістан қаласының индустриалды аймағының 40 га аумағында инфрақұрылым жүргізу үшін 904 млн. теңге қаржы бөлініп, инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған (автожол – 4,21 км, электрмен жабдықтау – 23,3 км, сумен жабдықтау – 11,9 км, кәріз – 4,03 км, газбен жабдықтау – 1,1 км, телефондандыру – 7,9 км, трансформаторлары 6 дана).
Сондай-ақ 150 га аумақты инфрақұрылым жүйесімен қамтамасыз ету үшін 2,2 млрд. теңге қарастырылып (46 га жер), сәйкесінше тиісті инфрақұрылым жүргізілген. Кентау, Ордабасы, Мақтаарал, Созақ, Шардара, Бәйдібек, Түлкібас және Қазығұрт аудандарындағы индустриалды аймақтардың инфрақұрылым желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Бірнеше аудан, қалада енді салынады. Дегенмен кейбір аудан, қалада индустриалды аймақтар қараусыз қалған, жан-жағы қоршалмаған және бірқатарында жобалар жүзеге аспаған. Аталған мәселені шешу, кемшілікті жою тапсырмасы хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.