Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы тек облыстық емес, республикалық және халықаралық шаралар ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілуде. Руханият ордасында түрлі саланың кәсіби мамандары бас қосып, киелі шаһардың жаңа кейпіне таңданысын білдіруде.
Түркістанда елімізде тұңғыш рет Музей мамандарының І Жазғы мектебі ашылды. Ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті Музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Гүлзейнеп Пазылова мен Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан, республикалық музей басшылары қатысты.
Мұндай шара бұрын-соңды болмағанын алға тартқан музей саласының кәсіби мамандары жаңа алаңның қажеттілігін, өйткені музей өткен тарих пен ұлттық болмысты сақтайтын, болашаққа жеткізетін тірі организм екенін жеткізді.
Шара барысында Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының «Ұлы Дала елі» орталығында интерактивті кітаптың тұсауы кесілді. Орталық директоры Гүлжанат Дюсенбаева жаңа туындыны көпшілікке таныстырып, кітаптың оқырманға берері мол деді.
Маусымдық мектепке спикер ретінде музей саласының түрлі бағытында зерттеулер жүргізетін, біліктілігі жоғары мамандар шақырылған. Олардың қатарында философия ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира Шалабаева, ҚР Орталық музейінің директоры Рашида Харипова, Мәдениет саласының үздігі Тамара Жұмалиева, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс, ҚР Ұлттық музейінің бас қор сақтаушысы Бәтеш Ақпасова, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Алмас Жүнісбай, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Еділ Оспанов, халықаралық дәрежеде аккредиттелген экскурсия жетекшісі-гид Бақыт Оразымбетова тәрізді мамандар бар.
Екі күн бойы кәсіби мамандар қызықты тақырыптарда дәріс оқып, өздерінің тәжірибесімен бөлісті. Жазғы мектепке тыңдаушы ретінде қатысушылар музей ісінің қор сақтау, менеджмент, ғылыми жобаларды жүзеге асыру, ақпараттық технологиялармен жұмыс істеудегі тәжірибелермен танысты.
Жоба соңында қатысушыларға сертификат тапсырылды. Жиын нәтижесінде еліміздің музей мамандары үшін жаңа әдістемелік алаң пайда болды. Мұндай мектеп күз айларында Алматы қаласында жалғасын табады.
Айта кетейік, елімізде алғаш рет ұйымдастырылған республикалық І Жазғы мектептің мақсаты – музей мамандары үшін жаңа әдістемелік алаң қалыптастыру, мамандардың біліктілігін арттыру, кәсіби байланыс орнату және идеяларды кәсіби мамандармен бірге талқылауға мүмкіндіктер жасау.