Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің өкілдері және Тәжікстан Республикасының Денсаулық сақтау және әулеметтік қорғау министрлігінің делегациясы Түркістан облысына іссапармен келіп, Денсаулық сақтау басқармасының «№1 облыстық перинаталдық орталығы» мекемесінің жұмысымен танысты.
Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің Ана денсаулығы басқармасының басшысы Шакизат Халықова, Түркістан облысының №1 перинаталдық орталығының басшысы Салтанат Жабағиева және өзге де мамандар Тәжікстан мамандарымен бірлесе Облыстық перинаталдық орталықта тәжірибе алмасты.
Түркістан облысының №1 перинаталдық орталығында 600-ден астам қызметкер жұмысын атқарады және қауіп-қатер тобындағы Түркістан облысының 8 ауданы үшін үшінші деңгейлік перинаталдық көмек көрсетеді. Орталықта соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар мен заманауи емдеу технологиялары қолданылады.
2023 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес медициналық генетикалық бөлімше «Ұрықты қорғау орталығы» болып қайта құрылды. 2024 жылғы 2 қыркүйектен бері «Бір күндік клиника» жобасы іске қосылып, өз жұмысын атқаруда. Түркістан облысы бойынша медициналық генетикалық қызмет көрсетіледі. Жобаның басты мақсаты – нақты генетикалық диагноз қою. Мұнда туа біткен кемістігі бар балаларды ерте анықтау және оның алдын алуды жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа жобалар жүзеге асырылды. Осы арқылы балалардың туа біткен және тұқым қуалайтын ауруларының алдын алу, балалық шақтағы аурушаңдық пен мүгедектікті төмендету көзделген.