Ордабасы ауданы орталығындағы алаңда Бадам, Шұбарсу, Шұбар, Бөржар, Төрткүл, Жеңіс, Қараспан, Бөген, Қарақұм ауылдық округтерінің әкімдеріне салтанатты түрде жаңа техникалардың кілттері табысталды. Тіркемесі бар МТЗ 89.1 маркалы тракторларды сатып алуға жергілікті бюджеттен 65,5 млн. теңге қаралған.
Шараға арнайы қатысқан аудан басшысы Азат Оралбаев жаңа техникалар елді мекендердегі санитарлық тазалық, қыс мезгілінде автомобиль жолдары тазалау, күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуде мол септігін тигізетінін айтып, ауыл әкімдерінің жоғарыда аталған бағыттар бойынша нәтижелі жұмыс істейтіндеріне сенім білдірді.
Салтанатты шараға аудандық маслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, ақсақалдар мен сала мамандары қатысты.
Айта кету керек, «Темірлан тазалық» мекемесінде санитарлық тазалық жұмыстарын және абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге арналған 26 арнайы техника мен 88 қызметкер бар. Олар 4 секторда жұмыс жүргізеді.