Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданындағы бірнеше нысанды аралады. Түркістан өңірінде шағын және орта кәсіпкерлік саласы жақсы дамып келе жатыр. Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданы, Жартытөбе ауыл округі, Ынтымақ елдімекінде орналасқан темір өнімдерін дәнекерлеп, өз өнімін ұсынатын дәнекерлеу цехының жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда өндіріс орны тәулігіне 50 дана өнім шығарады.
Жобаны іске асыруға 8,6 млн. теңге жұмсаған. Оның аясында 8 адам жұмыспен қамтылған. Түркістан өңірінде қарқынды түрде іске асырылып жатқан ауқымды бағдарлама – «Ауыл аманаты» жобасы. Кәсіпкер аталған жоба аясында 2,5 пайызбен несие алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Өнімдерді Түркістан облысы және Шымкент қалаларына саудалап жатыр.
Кәсіпкердің жұмысымен танысқан облыс әкімі бүгінде іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты ауыл тұрғындарына кәсіп бастауына қаржы бөлу екенін жеткізді. Тұрғындардың әлеуетін жақсарту қажеттігін айтып, аудан басшысына осы саланы қолдап, кәсіпкерлікті насихаттау қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта да «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмысты күшейтіп, кез келген тұрғынның іс бастауына көмектесуді тапсырды.
Одан кейін облыс әкімі Құркелес ауылдық округі, Еңкес елді мекенінде инвестор есебінен ашылған «Бегім Арт» ЖШС медициналық оңалту орталығында болды. Жеке кәсіпкердің демеушілігімен салынған нысанның құны – 500 млн. теңге. 2023 жылы іске қосылған орталық 50 адамға арналған. Мұнда 45 адам жұмыс істейді. Онда инсульт және паралич, терапия, невропатология, педиатрия бойынша қызмет көрсетіледі. Салауатты өмір салтын насихаттап, адам денсаулығына жіті көңіл бөлу, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді жағдай жасай отырып, қоғамдық ортаға бейімдеу – бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі.
Осы орайда, мүмкіндігі шектеулі жандардың ем алуына және демалуына қолайлы жағдай туғызатын орындардың саны ауданда артып отыр. Дархан Сатыбалды денсаулық сақтау саласында нысандар салуға инвестор тартуды қолдайтынын айтып, кәсіпкерлердің қосар үлесі ерекше екенін атап өтті.