Түркістан – жылыжай шаруашылығын дамытуда еліміздегі ең ірі өңір. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен осы саланы дамытуға қолдау көрсетілуде. Жылыжай шаруашылығымен айналысатын азаматтармен кенздесулер өткізіліп, мәселелері тыңдалып, жүйелі шешімдер қабылданды. Жылыжай шаруашылықтарын қолдау бойынша облыстық бюджеттен 565 млн. теңгеге 100-ден астам шаруаға субсидия төленді.
Облыста 1 640 гектарды құрайтын 3 366 бірлік жылыжай бар. Оның ішінде 87,2 гектары – өнеркәсіптік жылыжай. Биыл жылыжайларда 681,5 гектарға қияр, 792,8 гектарға қызанақ, 154,6 гектарға басқа дақылдар (болгар бұрышы, қырыққабат, құлпынай т.б.) және 4,4 гектарға көшет, 3,6 гектарға лимон, 3,1 гектарға гүл егілді.
Жылыжай шаруашылықтарынан 140,0 мың тонна өнім жиналды. Қазіргі таңда, 2024 жылдың бірінші айналымына көшет отырғызу жұмыстары атқарылуда. Жылыжай иелері мен жылыжай салуға ниеттеніп отырған азаматтарды қуантқан тағы бір жаңалық – 2024 жылдан бастап Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтарына қосымша 150 мың тонна Шұбаркөл көмірінің жеткізілетіндігі.
Жылыжай шарушылықтарын бір орталықтан көмір отынымен қамтамасыз ету үшін арнайы мекеме құрылып («Түркістан Ресурс» ЖШС), көмір өндіруші «Шұбаркөл көмір» АҚ-нан тікелей қаңтар айынан бастап 150 мың тонна көмір отынын тасымалдау келісілді.
Бүгінгі таңда, жылыжай шаруашылықтары нарықтан 97,6 мың тонна көмір отынын сатып алып, пайдалануда.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік қолдаудың қосымша шарасы ретінде жылыжай шаруашылықтарына энергия ресурстарына арналған шығыстарды субсидиялау туралы шешімді Үкімет 2023 жылдың басында Түркістан облысының фермерлері қалың қардан зардап шеккен кезде қабылдаған болатын.