Түркістан өңірі ежелден тарихқа бай өлке. Бұл сөзімізге дәлел – жыл сайын археологиялық зерттеулер барысында табылып жүрген жәдігерлер десек болады. Арыс-Қаратау аумағындағы археологиялық нысандардан табылған әралуан заттай деректер аумақтың ежелгі тұрғындарының материалдық мәдениеті, таным-түсінігі, шаруашылығы, тұрмыс-тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерін саралай келе, Отырар-Қаратау мәдениетінен жергілікті бірегей Арыс мәдениетін бөліп шығарды.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ жанындағы, құрылғанына биыл алпыс жыл толатын археологиялық жасақ жарты ғасырдан астам уақыт Түркістан тарихының ақтаңдақтарын ашуда. 1964 жылы Николай Подушкиннің бастамасымен құрылған жасақтың алғашқы экспедициялары Арыс өзені алабының орта сағасындағы Қарауылтөбе мен Наймантөбенің ерте қоныс тұрақ ескерткіштерін зерттеумен байланысты болды. Ал, 1967-1970 жылдары Төрткүлтөбе қалашығына қазба жүргізілді. 1974 жылы Біркөлік шатқалына, 1979 жылдан бастап Алтынтөбе қорымы мен Төлебайтөбе қалашығы мен қорымдарына қазба жұмыстарын жүргізді. 1977-2000 жылдар арасында Оңтүстік Қазақстанның Арыс-Қаратау аумағы зерттелсе, жетекші А. Подушкиннің бастамасымен 1992 жылдан бастап тарих факультетінің I курс студенттерімен Ордабасы ауданы, Сарыарық ауылында, Күлтөбе қалашығы және Күлтөбе және Қылышжар қорымдарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді.
Түркістан өлкесінен табылған құнды жәдігерлер тас ғасырынан Қарахан кезеңіне дейінгі аралықты қамтиды. Нақты айтқанда, қыш ыдыстар, қару-жарақ, әшекей бұйымдар тағы басқа жәдігерлер бүгінде университет көрмесі мен Алматыдағы орталық музейге келушілер назарында. Арнайы қонақтар мен студенттер, қала тұрғындары, мыңдаған студенттер, шетел азаматтары рухани қала тарихына осы безбендер арқылы қанығады. Биыл археологиялық жасақ Ордабасы ауданы, Сарыарық ауылындағы қалашық пен қорымдарда қазба жұмыстарын жүргізіп, далалық маусымда студенттермен бірлесе 3 жазба текше бөлік, прото соғды жазуы табылды.
Археологиялық орталықтың маманы Гүлмира Стамқұлова археология саласына келмес бұрын музейде жұмыс істепті. Тарих ғылымының атасы саналатын археология ғылымы 30-дан аса саламен етене байланысты. Алғашқы жылдары Гүлмира адамның қаңқа сүйектерін топырақтан тазалауға қатты қызығыпты. Күннің ыстығында қаңқа сүйектерді сағаттап отырып жер астынан ашудың өзіндік мәні бар. Ойыңызды жинақтап, асықпай жұмыс жасайсыз. Археолог қызды сүйектерді тазалап жатқанда бірінші кезекте ежелгі адамдардың тісі қайран қалдырады екен. Себебі тістері әдемі сақталған, құртжегі жоқ. Ғылыми кітаптарды оқып, оның теориясын далалық қазбада қолданатын Гүлмира мәдениеттердің ерекшелігіне сай жерлеу орындары да әртүрлі болатынын айтады. Тәжірибелі маман мүрдені 5-6 сағатта толықтай тазалайды екен. Ал, жерлеу орындары жекелей, отбасылық болып бөлінеді.
Бүгінде еліміздің археология саласында нәзікжандылар саусақпен санарлық болса, Гүлмира сол аздың бірі және білікті маман. Отбасы мен ғылым саласын ұштастырып жүргендер қазба жұмыстарында сирек болса да кездескенмен, қыздар бұл саланы көп таңдамайды. Өйткені, ерте көктемнен күздің қара суығына дейін ашық аспан астында жүру, ауа райының қолайсыздығына үйрену сияқты қиындықтары бар. Бірақ, Гүлмираны өз қолымен әдемі де құнды артефактіні тауып, оны ашып көрсеткен мезет ерекше бақытқа бөлейді. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Түркістан облысындағы тарихи құнды деректерге бай өлкені зерттеу жұмысына бірнеше жылдан бері қатысып келе жатқан археолог қыздың бұл салада жүргеніне 7 жыл болды. Музейге табысталған әрбір артефактіге нөмір беріліп, жылжымалы және тұрақты экспозицияларға, көрмелерге қойылады. Қорғандардың обаларынан табылған жәдігерлер де кешен бойынша музейге өткізіледі.
– Өз заманында бірнеше рет тоналған обалардан тарихи деректер іздеу оңай емес, әрине. Көп адамдар археологтардың бәрі алтын табады деп ойлайды. Бірақ, күннің ыстығы мен суығына қарамай жұмыс істейміз. Археология – өткен ғасыр тарихынан қандай да бір заттай дерек беретін сала. Табылған жәдігерге қарап, оның қашан жасалғанын, аналогы қай жерде таралғанын, тұрмыстық мәнін білуге болады. Биыл Төлебайтөбе V қорғанының 3 обасынан табылған алтын сырғалар сенсациялық жаңалық болды және бұл расымен өте құнды тарихи жәдігер, нағыз рухани қазына десек болады. Жасөспірім қыздың сырғасын ашу барысында қолым дірілдеп, әрең тазаладым. Өте нәзік бұйым зергерлік өнердің ең биік деңгейінде жасалған. Жерлеу орындарынан табылған жәдігерлерге қарап, сол 2 мың жылғы адамдардың көзқарастарын ұғынуға тырысамын. Сонымен қоса, жерлеу орнынан табылған Хань кезеңінің айнасы мен соңғы римдік кезеңінің түйреуіші көзге бірден түседі, – дейді археолог маман.
Бүгінде Түркістаннан табылған тарихи-мәдени құндылықтарға әлем университеттерінің ғалымдары қызығушылық танытып, мойындауда. Ал, аталмыш археологиялық жасақ Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорық-музей қызметкерлерімен бірлесіп, табылған артефактілер бойынша көрме ұйымдастыруда. Мақсат – жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды насихаттау және дәріптеу. Болашақ жас мамандарды далалық қазба жұмыстарымен ұштастыра отырып, археология саласына қызығушылығын арттыру және ұлттық мәдени құндылықтарымызды насихаттау.