ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚТЫ БОЛДЫРМАУ КЕРЕК

ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚТЫ  БОЛДЫРМАУ КЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер күшіне енгені белгілі. Осы орайда Мемлекет басшысы Ішкі істер органдарында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құруды тапсырған (ҚР Президентінің  2023  жылғы 8  желтоқсандағы № 409 Жарлығы) болатын. Ақтөбе облысы Полиция департаментінде Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі бөліністер құрылған еді.  

Қоғамдағы заң мен тәртіпті күшейту бағытында Ақтөбе облысында тұрақты түрде кездесулер, түрлі акциялар, іс-шаралар өткізіліп тұрады. Жақында отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы акция өткізілді.  Ақтөбе облысы ЖПҚБ ОТЗЗҚК бөлім бастығы, полиция подполковнигі  Ақгүл Қасанғалиевамен аталған іс-шара жөнінде, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер туралы пікірлескен едік. 

– Ақтөбе облысы Полиция департаментінде Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі бөлім қызметкерлері тікелей отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарымен айналысады, яғни отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жас отбасыларды қолдау, сондай-ақ отбасыларда жиі кездесетін проблемалық мәселелерді зерттеп, алдын алу бойынша жұмыстарды іске асырады. 2022 жылғы қыркүйекте Ел Президенті өзінің Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату мақсатында қылмыстық кодекске енген өзгерістер 19 мамырда, ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап заңды күшіне енді. Атап өтетін болсақ, құқық бұзушылықтарды тіркеу тәртібі өзгерді. Яғни, бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жәбірленушінің арызы негізінде тіркелетін болса, енді полиция қызметкерлері куәгерлердің айғақтары, бейнебақылау жазбалары сияқты дәлелдер негізінде әкімшілік іс қозғай алады. Сонымен бірге татуласу мүмкіндігі шектеліп, әкімшілік жаза мерзімдері ұлғайтылды. Және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Сонымен бірге бірнеше талап алынып тасталды. Мәселен, бұрын әкімшілік іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет болатын, ендігі жерде полиция дәлелдер негізінде әрекет ете алады. Және енді қайталанған құқық бұзушылықтарда ескерту беру алынып тасталды, бірден қамауға алу шарасы қолданылады, – дейді ол. 

А.Қасанғалиеваның айтуынша, Ақтөбе өңірінде отбасылық тұрмыстық қарым-қатынастар бойынша  88 қылмыс тіркелген.  Профилактикалық жұмыстар жүргізу бойынша қорғау нұсқамасы 2400  құқық бұзушыға шығарылған, соттың қаулысымен құқық бұзушыға мінез-құлқына 630 ерекше талап қойылыпты, оның ішінде 612 алкоголь ішуге тыйым салынған. 

– Мен көп жылдан бері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімде қызмет етіп келемін. Тәжірибеме сүйенсек, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің көбісі ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсініспеушіліктен, қызғаныштан, материалдық қиыншылықтардан немесе ішімдікке салынудан туындайды. Бұл – ең жиі кездесетін себептер. Өкінішке қарай, зардап шегушілердің басым бөлігі – әйелдер. Олар көбіне ұзақ уақыт бойы шыдайды, отбасын сақтау үшін үнсіз қалады, тіпті сотта да кешірім беріп жатады. Бұл – психологиялық тәуелділік пен экономикалық тәуелділіктің салдары. Әйелдер балалар үшін, баспанасыз қалмау үшін немесе қоғамнан ұялып, зорлыққа төзіп жүре береді. Сонымен қатар соңғы жылдары ер адамдардың да жәбірленуші ретінде жүгіну жағдайлары кездесе бастады, әсіресе психологиялық қысымға тап болғандар бар. Бірақ бұл өте сирек кездеседі және олар көбіне көмек сұрауға ұялады. Жалпы, тұрмыстық зорлық – бұл бір сәттік эмоцияның көрінісі емес, ол ұзаққа созылатын жүйелі әрекет. Сондықтан бізге тек жазалау емес, алдын алу, психологиялық көмек, қоғамда бұл тақырыпты ашық көтеру маңызды. Сондықтан біз отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған осындай іс-шараларда заңнама бойынша өзгерістер, психологиялық қолдаулар бойынша барынша ақпарат беруге тырысамыз, – дейді полиция подполковнигі. 

А.Қасанғалиеваның айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін 

Ақтөбе облысының барлық аудандарында отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Ақтөбе қаласында 2 дағдарыс орталығы бар. Соңғы 5 айда дағдарыс орталығына 134 адам орналастырылған, оның 35-і – әйел, 99-ы – балалар. Сонымен бірге 216 адамға кеңес берілген. Аталған орталықтарға келушілер алты ай тұра алады, қажет жағдайда мерзім ұзартылады. 

– Отбасындағы тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын алу бойынша полиция департаменті тарапынан тұрақты түрде іс-шаралар өткізіліп тұрады. Мәселен, былтыр «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясын өткіздік. Биылғы жыл Ішкі істер министрі тарапынан «Профилактика жылы» деп жарияланды: полиция заң мен тәртіптің күзетінде». Алдын алу шараларын күшейту бойынша нақты міндеттер қойылды. 

Алайда, егер азаматтардың белсенді қатысуы болмаса, бұл міндеттерді тиімді шешу мүмкін емес. Әр адам қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі өзінің рөлін түсінуі маңызды. 

Қылмыс пен құқық бұзушылықты алдын алуда, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылды, сондай-ақ азаматтарды көп шоғырланған орындарда жыл басынан бері  254 іс-шара, қабылдау жұмыстары  мен кездесулер өткізілді. Мұндай кездесулерде тұрмыстық зорлықтың алдын алу, ол орын алған жағдайда қалай әрекет ету керектігі айтылады. Отбасылық жанжалдарда зардап шегетіндердің көбі – әйелдер. Бұған көбіне қаржылық тәуелділік, қорқу, ұялу себебінен үндемей жүре береді. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін адамдардың құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыру, уақытылы полицияға және дағдарыс орталығына жүгіну, балаларға зорлық-зомбылықсыз өмір құндылықтарын бала кезден үйрету маңызды екендігін айтамыз. Тұрмыстық-отбасылық жанжалдар туындаған жағдайда жедел түрде  102 нөміріне хабарласуы қажет. Сонымен бірге 111, 150 нөмірлері балалардың, отбасының және әйелдердің құқықтарын қорғауға қатысты барлық мәселелер бойынша өтініштерді қабылдайды, барлық қоңыраулар тіркеледі. Хабарласқан адамға қабылданған шаралар туралы міндетті түрде кері байланыс беріледі, – дейді Ақгүл Қасангалиева. 

Мейрамгүл Табын
27.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15012
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14912
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30052
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28672
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32238