УКРАИНА, САҒАН АЙТАМ, ҚАЗАҚСТАН, СЕН ТЫҢДА!

УКРАИНА, САҒАН АЙТАМ,  ҚАЗАҚСТАН, СЕН ТЫҢДА!

Белгілі украин саясаттанушысы Юрий Романенко бүй дейді: «Мынадай жайды елестетіп көрейік. Егер бір үй өртке шалынса, онда оның айналасындағы ғимараттарға да ұшқыны түсіп, олар да жалынға орануы әбден мүмкін. Ал, егер өрт желді, жауынды күні болса ше, онда кемінде жарты ауылды жалын жалмайды. Украинада болып жатқан қақтығыстарды осы дауылды күнгі алып өртке теңеуге болады. Одан шашыраған ұшқындар Украинаның айналасындағы елдерді айтпағанда, жырақтағы Қазақстан территориясына да ұшып жетуі ғажап емес». Сарапшының бұл пікірімен келісу, келіспеу әркімнің өз ісі десек те, сақтықта қорлық жоқ екенін ұмытпаған жөн. «Ресейдің Украинаға жасап отырғаны барып тұрған қылмыс, оны әлемдік қауымдастық көрмеген-білмеген болып отыра беретін болса, қылмыстық әрекет қайталана беруі мүмкін» деп жазған едік өткен мақаламызда.

 

Екі елдің ұқсас тұстары көп

Путин қазақ елін дербес ел деп санамайды. Сұрақ: егер жәбірленушінің орнында келесі жолы Қазақстан болмасына кім кепілдік береді? Сол себептен Ресейдің Украинаға жасап жатқан «арнайы әскери операциясын» «Украина, саған айтам, Қазақстан, сен тыңда!» деген ескерту деп қабылдау абзал. Ресей президенті империялық өктем пиғылын былтырғы «Орыстар мен украиндардың тарихи бірлігі» атты (2021 ж.) мақаласында да ашық мәлімдеген-ді.

«2014 жылы мемлекеттік төңкеріс болғанда украин халқын ешкім ойлаған жоқ. Батыс елдері Украинаның ішкі істеріне араласты, елдегі ұлттық топтарды өз мақсаттарына пайдаланды. Ал, радикалдар біздің ортақ тарихымыз бен руханиятымызға аяусыз соққы берді. Ең бір жеккөрінішті нәрсе – Украинадағы орыстар өзінің түп-тамырынан ажырап қалды. Оларға Ресейді жау, агрессор ретінде көрсетуде. Біз тарихи ортақ территориямызда тұрып жатқан туыстарымызды ешқашанда Ресейге қарсы пайдалануға жол бермейміз», –  деген Путин. Бұдан шығын қорытынды не? Мұныменен не айтқысы келіп отыр? Мәселенің мәнісі осында жатыр. Ең бастысы, бұл – басқалармен бірге қазаққа да алдын ала жасалған ескерту! Қалай десек те КСРО-ның ізбасары ретінде тарихқа енген Ресей саясаткерлерінің өктем сөйлеп, кейіннен тіпті «сыйға алған территорияларымызды қайтарыңдар» деп доңайбат көрсетуінің жай-жапсары жоғарыдағы Путин мақаласының негізін құрайды десек, шындықтан алыс кетпейміз. Никонов, Федоров, Жириновскийлердің территория туралы әр мінберде тұрақты түрде және үздіксіз насихаттап келгендігінің астарында әлгіндей шиыршық атқан империялық пиғыл жатқаны анық. Тіпті, Ресей президентінің өзі «Қазақстан деген мемлекет болмаған, ол Ресей негізінде пайда болған» деп бүкіл бір ұлттың намысына тиетін сөз айтты. Мұның бәрі бекерден-бекер емес. Мәселе Кремль көсемдерінің алдын ала бүге-шігесіне дейін ойластырып жасайтын арнайы саясатында жатыр. Сондықтан бұл мақаланы кешегі Кеңестер Одағының құрамынан шығып, тәуелсіздік алған елдерге жасалған кеудемсоқтық дабыл деп түсіну керек.

Бұл не деген сөз? Яғни, Путин Қазақстанды өз алдына дербес ел деп есептемейді, оның түсінігінде Қазақ елі тәуелсіз ел емес.

Ресей президенті осыдан бірер жыл бұрын бір шетелдік басылымға сұхбат беріп, былай деген болатын: «Ресейдің өз аумағынан тыс әскери базалары тек екі мемлекетте ғана бар. Біріншісі – Арменияда, екіншісі – Тәжікстанда». Қазақстанды мүлде аузына да алмайды. Демек, Путиннің түсінігінде Қазақстан өз алдына бөлек дербес мемлекет емес. Әйтпесе, Қазақстан территориясында стратегиялық  маңызды деген 7 әскери базасы мен полигоны орналасқанын ол білмей отырған жоқ. Күмән келтірушілер болса, еске салайық. 1) Байқоңыр ғарыш айлағы; 2) Азғыр даласында орналасқан Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің В.Чкалов атындағы мемлекеттік №929 ұшу-сынақ полигоны (Батыс Қазақстан облысы); 3) РФ Қорғаныс министрлігінің №4 мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны (Атырау облысы); 4) РФ Қорғаныс министрлігінің  №10 мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны  (Сарыөзек); 5) РФ Әуе күштерінің Ғарыш әскеріне қарасты №3 зымыран қорғанысы армиясының радиотехникалық желісі (Сарыөзек); 6) РФ Қорғаныс министрлігінің №5580 сынақ жұмыстарын қамтамасыз ету базасы (бұрынғы №11 Ембі мемлекеттік сынақ полигоны базасында, Ақтөбе облысы); 7) РФ Әуе қорғаныс күштері транспорттық-тасымалдау академиясының жеке полкі (Қостанай қаласы). 

Мынадай «тасқорған қоршаудан» кейін «тең дәрежедегі әріптестік» туралы сөз қозғаудың өзі түсінгенге езу тартқызады емес пе?!

Ресей пропогандасы мұны мойындамайды, әрине. Олар өз уәждерін алға тартады: «Украина мен Қазақстанды салыстыруға болмайды, Украинадағы жағдай Қазақстанда қайталануы мүмкін емес! Ойбай, оны мүлде ойға алмаңыздар!» – дейді азарда-безер болғансып. Расында, бұл саясат. Қазақстандық азаматтардың ойын, санасын улап, ұйықтатып қоюға бағытталған «жұмсақ спиральді», бірақ көп құйтырқы саясат. Шын мәнінде, қазір ойраны шығып жатқан Украинаның бізге ұқсас тұстары өте көп. Соның бірі – орыстілділер мәселесі, путиншіл Ресейдің сол орыстілді тұрғындарды өз мүддесіне пайдалануға тырысуы, сөйтіп тәуелсіз елдердің ішкі ісіне қол сұғуы. Кешегі «қызыл империяның» шекпенінен шыққан елдерде ұлттық ояну процесі жедел қарқынмен жүріп жатқанын Мәскеу білмей отырған жоқ. Олар бұл ұлттық процесті тежеуге, кеңестік замандағы бодандық психология мен ой-өрісті қайта қалыптастыру үшін жанталасуда. Қазіргі путиндік Ресейдің неошовинизмінің мақсаты  барлық шекаралас елдерде «орыстілділердің құқығын қорғау» желеуімен ТМД кеңістігіндегі мемлекеттердің ішкі ісіне араласуын үлкен саясат деңгейіне көтеру болып тұр. Саяси тарихта «бесінші колонна» деген қалыптасқан ұғым бар. Қазақтың жалпақ тілінде «іштен шыққан жау» дегенге саяды. Міне, Ресей мұндай жағдайда осы бір «бесінші колонна» аталатын отандастарын өз мүддесіне пайдаланудан бас тартпайды. Алпауыт елдің мұндай ұрда-жық саясатына қарсы тұру өте-мөте қиын. Әсіресе, Қазақстан жағдайында.

«Ресей үшін мемлекеттер арасындағы шекара жай жорамал сызықтар ғана, олар үшін халықаралық заңнамалар, өзара келісімдер, оны орындау, сөзде тұру міндетті қағидаларға жатпайды» дегенді сарапшылар бекерге айтпаса керек. Яғни, солтүстік шекарадан келетін қауіп жоқ деп кесіп-піше алмаймыз. Оған ешкім де кепілдік бере алмайды. Қайсыбір сарапшылардың пікіріне сенсек, Кремль тыңшылары қазақ даласында қазірдің өзінде жан-жақты жұмыс жасауға көшкен. Олар «Украинаны бір жақты етіп алған соң, келесі кезекте Қазақстан тұр» деп психикалық дағдарыс туғызып, елдің құтын қашырумен айналысып жүр» дейді, кім білсін...

Бұл жерде диаспора өкілдеріне сенімсіздік білдіруден аулақпыз, бірақ айрандай ұйып отырған екі халықтың ортасына от тастайтын арандатушы күштердің бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Себепсіз салдар жоқ. Мысалы, кейбір диаспора өкілдерінің позициясы солқылдақ, Қазақстандағы ұлт саясатын қолдап-қоштағандай көрінгенімен, іштей өкпесі бар, қазақтың «бірінші ұлт» болуын қаламайды, өз ішкі дауысына, өз өлшеміне сүйенеді. Олар ызалы, бірақ сақтанып жүреді. Кек алу үшін қолайлы сәтті күтеді. Ал, қолайлы жағдай туғанда «тілі шығады», шын ниеті, мінезі көрінеді. Міне, ең қауіптісі де осы, іштен шыққан жаудың ызасы. Бұл ызаның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Қазақ қоғамының солтүстік облыстарға «жарылғыш бомба» сияқты үнемі сақтанып, үрейленіп қарайтыны сол себептен. Бетін аулақ етсін, әрине, расында ниеті теріс біреу ойламаған жерден шырпысын тұтатып, ортаға тастап жіберсе, оның салдарын кімнен сұраймыз?!.

 

Өткенді көксеу ресейліктерге интеграцияға икемделуге зор кедергі 

Украинадағы бүгінгі қалыптасқан жағдай қазақ қауымын қатты абыржытып отыр. Өйткені, Украина Грузияның кебін киюі мүмкін деген болжамдар әуел баста айтылған сөз болатын. Ақыр соңында не болды? Сол сөз расқа айналды. Одан кейін Украинадағы оқиғалар (Ресейдің 2014 жылы Қырымды аннексиялауы, ДНР және ЛНР құрылуы) Қазақстанда қайталануы мүмкін деген болжамдар жасалды. Мысалы, Азия барысы санатындағы Иранның «Iras» сайтында «Бүгін – Украина, ертең – Қазақстан мен Беларуссия?» атты (9 наурыз 2014 ж.) атынан ат үркетін мақала жарияланды. Мақалада Украина тізе бүккен соң («ол сөзсіз тізе бүгеді» депті), Ресейдің келесі нысанасы қай ел болуы мүмкін – Қазақстан ба, Беларуссия ма деген мәселені ашық талқыға салады. Автор алдағы жылдары Беларуссияда қазіргі Украинадағы жағдай қайталануы мүмкін деген болжам айтады. «Беларуссияның Польша, Литва, Латвия және Украина сияқты елдермен көршілес болуы осы елдегі ішкі ахуалдың бүлінуіне жол ашуы әбден ықтимал деген ойға жетелейді» дейді. Әрине, батько Лукашенко өз елінде Украина оқиғаларының қайталануына жол бермейтінін, сол үшін бар күш-жігерін салатынын мәлімдеді және қазірше онысын із жүзінде дәлелдеп келеді. Тіпті, Ресейдің досы болып көріну үшін Беларуссия жерін орыс әскеріне транзит ретінде пайдалануға рұқсат бергені де мәлім. Бірақ, сарапшылар Лукашенконың бұл «қулығы» ешқандай пайда әкелмейді деген пікірде. Өйткені, жағдай Путиннің көңіл күйімен тікелей байланысты, ол қалаған күні әскер кіргізуі мүмкін, кіргізбеуі де ықтимал дейді олар. Дегенмен, Беларусь халқының 10%-ы этникалық орыстар екенін ұмытпау керек, Мәскеудің басты қысым жасайтын тетігі осы мәселе болуы мүмкін» дейді мақала авторы.

Одан әрі автор Қазақстан туралы сөз қозғайды. Қазақстанда орыс тілінің ресми тіл деген мәртебеге ие екеніне, мұндағы халықтың 23%-ы этникалық орыстар екеніне тоқтала келіп, Қазақстан халқы орыс тілінде ең көп сөйлейтін әлемдегі екінші мемлекет екеніне назар аударады. Әрине, солтүстік шекарадағы көршіміздің қарым-қатынасқа қатысты біз үшін жаңалық болар тұщымды тұжырым жоқ десек те, «сырт көз – сыншы» демекші, ирандық сарапшының ескертуі біздің билікті бейжай қалдырмайды деген ойдамыз. «Қорыта келгенде, көптеген сарапшылардың Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін Ресейдің өз ішіндегі экономикалық және саяси жағдайына байланысты «әлемдік ойындардағы» ықпалы әлсіреді дегендері жаңсақ пікір екені анық болды. Қазіргі жағдайда Ресеймен көршілес елдерде Украинаға ұқсас оқиғалар қайталанатын болса, оған міндетті түрде Ресейдің тікелей немесе жанама түрде қатысы бар деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені КСРО-ның мұрагері ретінде бұрынғы отарларының ішкі ісіне араласпауға тарихи-географиялық жағдайы оған мұрша бермейді. Сонымен бірге Ресейге жақын орналасқан елдерде тұратын орыстар мен орыстілді тұрғындар әркез Мәскеудің тәуелсіз мемлекеттердің ішкі ісіне араласуының құралы екенін ескеру керек, бұл елдерде Кремльдің түпкі мүддесі бар», – деген автор пікірінің жаны бар.

Ұлы державалық астамшылдық, өткенді көксеу ресейліктердің бүгінгі интеграцияға икемделуіне кедергі келтіруде. Ресей жан-жақты көршілерімен тең құқта тіл табысуға, тең дәрежеде қатынас жасауға әлі дайын емес, достыққа салқын, өзара іскерлікке енжар.

 

Қазақ үшін сырттағы әлем тек Ресеймен шектелмейді

Жалпы, Ресей билігі ұлтшылдарды суқаны сүймейді. Неге? Cебебі кез келген ұлтшылдың мақсаты біреу – өз саясатын өзі жүргізетін дербес, тәуелсіз ел құру. Путиншіл Ресей мұндай саясатты өліп бара жатса да құптамайды, қаламайды, мемлекет басына ұлтшыл көзқарастағы адамдардың келуіне ыңғай бермейді, мүмкіндігінше кедергі жасап бағады. Ал, шындығына көшсек ше, ұлтшылдар әркез ұлт үшін қызмет істейді, мемлекеттің тұрақты дамуы үшін, халықтың бақытты ғұмыр кешуі үшін тер төгеді, бар өмірін соған сарп етеді, ұлт мәселесінде кейде асау мінез танытатын кездері де аз емес. Ал, Путинге мұндай өжет, жігерлі ұлтшылдар керек емес, олар Ресейдің империялық түпкі мүддесін жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Одан гөрі айтқанға көнетін, айдағанға жүретін «тіл алғыш ләббай, тақсырлар» әлдеқайда пайдалы.

Империяшыл Ресей демекші, бұл жерде бір нәрсе анық. Біз бұған дейін де желкемізден өткір қылыш төніп тұрған жағдайда, үнемі қорқыныш, үрейде өмір сүріп келдік, енді бұдан былай да сол қауіп-қатерде өмір сүре беретін боламыз. Бұл – қазақтың талайына жазылған тағдыр. Оның қанша уақытқа, неше ғасырға созылатынын бір Алла біледі. Сондықтан, «басқа түссе – баспақшыл» дегендей, көнуге, тіл табысуға мәжбүрміз. Алға қандай мақсат қойсақ та, ол бүгінгі күннің талабынан туындауы керек дейтініміз сол себептен.

Бүгінгі басты мақсат Ресейге де емес, Украинаға да емес, ең алдымен өз ішімізге үңілу. Әлемде болып жатқан аса күрделі үрдістерді қазақ мүддесі, қазақ мемлекетінің мүддесі тұрғысынан дұрыс талдап, дәріс алу, нәтиже шығару, әрекет ету. Адами тұрғыдан тағдырлас украин бауырларымызға қолдау білдіреміз, соғыстан аман-есен шығып, жағдайдың тұрақтанып, Украина үшін тиімді шешім табуына тілекшіміз. Десек те, біз үшін қазақ мәселесі алға шығып, қазақ мемлекетінің, оның тұтастығының, бірлігінің, тәуелсіздігінің мәселелері ең бірінші кезекте тұруы тиіс. Ашығын айтайық, бүгінгі күннің басты талабы – солтүстік көршімен қарым-қатынасты тұрақты түрде сақтай отырып, оның Украинаға жасап отырған авантюрлық соғысын мойындамау, өркениетті әлемнің алдында қарабет болмау. Ресей ірі мемлекеттермен текетіреске барып, оқшауланып, экономикалық және басқа да салаларда санкцияларға душар болып жатқан кезде өз мүддемізді сақтай білу, ұлттық бет-бейнемізге нұқсан келтірмеу. Керек болса, қазіргі қалыптасқан жағдайды өз мүддеміздің пайдасына жарата білсек, тіптен ғанибет!.. Алайда, ең басты міндетіміз – айналамызда болып жатқан саяси ойындардан сабақ алу. Бүгін «ура-патриотизмнің» де, «ойбай-патриотизмнің» де уақыты өткен. Құр амбицияға беріліп, қажетсіз көпіре бермейік, жайдақ атқа міндім деп босқа ұрандатып, шаңдатпайық, айналамызға айқайлап, ақырзаман тудырмайық. Барлығына байыппен көңіл аударып, нақты іс пен әрекетке көшейік. Аты шулы ағылшын премьер-министрі У.Черчильдің былай дегені бар: «Ресей ешқашанда  өзі ойлағандай мықты болып көрген емес, бірақ жаулары қалағандай әлсіз болып та көрген емес». Осы нақылды қаперде ұстайық. Одан ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Әрине, «орыс шегінсе, Қазақстанның тәуелсіздігіне тұмсығын тығатын,  бізді жаулағысы келетіндер пайда болады. Оларды тоқтататын бірден-бір және жалғыз күш – Ресей» деп үйдей үрей шақыратындар арамызда жоқ емес. Кесіп айтайын, мұндай стереотиптен арылу керек. Бұл – Ресей насихатының әсері. Расында Ресей насихатының әсері Ресей әскерінің пәрменінен де күшті. Ел боламыз, тұтастығымызды сақтаймыз, әлемге өз көзімізбен қараймыз десек, бірінші кезекте қолға алатын шаруа – толық ақпараттық тәуелсіздікке жету. Сырттағы әлем тек Ресеймен шектелмейтінін сезінген күні біз сөзсіз жеңіске жетеміз. Егеменді ел болып отырғанымызға отыз жылдан асқанымен, біздің ақпараттық кеңістігіміз әлі күнге Ресейдің «бодандығында». Қазақстандықтардың барлығы дерлік әлемде болып жатқан оқиғаларға, оның ішінде Украинадағы оқиғаларға 95 пайыз Ресейдің ақпарат құралдары арқылы қанығып отыр. Әрине, бұл өтірігі, жаласы, айласы көп насихат. Ал, оның жетегінде кетіп, адасып жүрген отандастарымыз қаншама.

Мысалы, қазір өз еліміздегі орыстілді БАҚ-тың көбі қазаққа «іштен шыққан жау» екені көкірегі ояу азаматтардың бәріне белгілі. Бұл мен ашқан жаңалық емес. Олардың Ресеймен интеграцияланып жатқанымызды қалай уағыздап, мадақтап, қолдау көрсетіп жүргенін күнделікті орыстілді бағдарламалардан анық көруге болады. Газет-журналдар да солай. Бір күн уақытыңызды «ОРТ- Қазақстанның» орыстілді хабарларына арнап, мұқият көріп шығыңызшы, олардың қаншалықты солтүстік көршіміздің саясатына «түсінушілікпен» қолдау көрсетіп жатқандығын байқар едіңіз, байқар едіңіз де басыңызды шайқар едіңіз. Украинадағы жағдайды тек ресейлік көзқараспен біржақты насихаттап көрсетуі осы айтқанымызға дәлел.

Осы жақында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі E-gov сайтында «Масс-медиа» заңының жобасын жариялады. Жалпы алғанда, жаңа заң жобасы көңілден шықты. Мысалы, жобаның 24-бабында «шетелдік теле-радио арналардың материалдары ҚР-ның конституциялық құрылысын күшпен өзгертуді, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, экстремизмді немесе терроризмді, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын болса, ондай шетелдік бұқаралық құралдары есепке қоюдан бас тартылады» деп жазылыпты. Өте орынды талап. Егер мәтін осы нұсқада қабылданар болса, нұр үстіне нұр. Елімізде шетелдік масс-медиа құралдарына қатысты талапты күшейту уақыт талабынан туындап отырған жағдай. Қазақстан мемлекетінің мүддесінен туындайтын талаптарға сай келмейтін материалдарды таратумен және насихаттаумен айналысатын кез келген шетелдік масс-медиа жұмысына біздің елімізде қатаң тыйым салынуы тиіс.

 

Бүгінгі айбалтамыз – саяси қырағы болу

Бұл күнде ешкімге сенуге болмайды. Өзара ынтымақтастық, елдердің қауіпсіздігі туралы құжаттар, мәңгілік достық туралы келісімшарт, БҰҰ-ның шешімі, бәрі бос әңгіме. Орыстың арнайы қызметі мен ақпарат құралдарына құлақ салыңызшы, не дейді екен? «Қазақстанды қауіпсіз аймақ дей алмаймыз», «Қазақстан тең құқылы «партнер» еді, «қарсылас» болды», «Қазақстанды тәртіпке шақырып қою керек» дейді олар. Көрдіңіз бе, орыстың путиншіл «бұлбұлдары» қалай-қалай құбылта сайрайды?!

Тағы бір нәрсе ойландырмай тұрмайды. Ресей саясаткерлері мен зиялы қауым өкілдері Путиннің ревизионистік іс-әрекетін ақтап алуға тырысуда. Ресейдің ең қорқынышты тұсы да осы. Өктем, кеудемсоқ, тұрпайы, ұрда-жық. 

Дәл қазір қай жағынан алғанда да Мәскеудің құрығы ұзын, күші басым, айласы көп. Көрші елдерді айтқанына көндіріп, айдауына жүргізгенімен қоймай, әртүрлі саяси технологиялар мен соғысты ойынға қосып, уысында ұстауға күш салып жатыр. Бұл жолда аяушылық болмайды.

Бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз да осы – путиндік Ресейдің неошовинизм мен неофашизм астасқан мақсаты туралы айтып, бүкіл әлем куә болып отырған оқиғаны ұлтымыздың көкірек көзіне ұялату, кеудесіндегі терезені ашу, орыстың кім екенін таныту, ұғындыру, патриотизмді күшейту, сол арқылы ұлы империялық астамшылыққа тосқауыл болу, Ресейдің ақпараттық шабуылына сын көзбен қарауға үйрету көзі ашық әрбір қазақ оқығанының басты міндетінің бірі болуға тиіс.

Ресейге қару күшімен қарсы тұру мүмкін емес, қару кезену – өз еркіңмен ажалға мойынсұну деген сөз. Оған білімнің күші керек.

Қазақтың бүгінгі айбалтасы – сақтану, саяси тұрғыдан қырағы болу, ұйықтап жатқан аюдың шамына тимеу, ұрынарға сылтау іздегенге себепші болмау. Тағы бір нәрсе ойландырады. Қазақтың мінезі кең, білімі көп болуы мүмкін, бірақ саяси жігері кемшін, ұлттық санасы ала тұман. Сондықтан да қазақтың неошовинизмге қарсы тұру немесе қорғану инстингті әлі әлсіз.

Соңғы кезде саяси сарапшылар мынадай қарапайым ақиқатты түсіне бастады. Орыс аюы ұйқыдан оянды, ал оның доңайбатынан қорғайтын Америка ақбас бүркітінің өз шаруасы басынан асып жатыр. Бұл түйсіну – Польша, Финляндия, Молдова, Балтық елдері мен Украина мемлекетінің Мәскеуге деген өшпенділігі мен ашу-ызасын тудырып, қарсылығын күшейтуде. Ал, жағдайы не болары белгісіз посткеңестік тәуелсіз елдер бұл түйсінуді Ресеймен тіл табысу, ымыраға келу деп ұғады. Ресеймен мәмілеге келуге ұмтылып жатқан мемлекеттің бірі – күн дидарлы Қазақстан.

 

Түйін: Патриот Мәдина және тәуелсіздік

R.S: Жақында қазақ  сайттарының бірінде Украинада берен кеудеше (бронжилет) тігетін қазақ қызы Мәдина Қастер жайлы хабар көрсетті. Блогер одан туған Отанынан жырақта не істеп жүргенін сұрағанда, ол: «Иә, мен Қазақстан азаматымын, өз елімнің патриотымын. Бұл жерде Украина сарбаздарына берен кеудеше тігумен айналысамын. Өз елімді Ресей агрессиясынан қорғау үшін осы жолды таңдадым. Мұным дұрыс па, бұрыс па, білмеймін, бірақ өз Отаныма қорған болудың басқа жолын таба алмадым. Ал, мен тіккен кеудешелерді сарбаздар өте сапалы деп мақтайды. Сол менің көңіліме медет», – деп жауап берді. Мәдинаның жауабы жұртшылықтың сүйіспеншілігін тудырып қана қоймай, оның батылдығы мен отаншылдығы көпшілікті қайран қалдырды. Ал, арамызда мұндай батыл, жігерлі қыздар мен жігіттер аз емес.

Қазақ елінің ең ұлы құндылығы – тәуелсіздігі. Тәуелсіздік үшін қаншама ізгі ниетті ата-бабаларымыз шыбын жанын құрбан етті.

Қазір Украинада болып жатқан оқиғалар қазаққа саясатта сақ, Отан қорғауда қырағы әрі батыл болуға үндеп жатқандай көрінеді. Егер қазақ қоғамы сын сағатта саяси батылсыздық, жауапсыздық, солқылдақтық танытса, онда ел болып қалуымызға, тәуелсіздікте өмір сүруімізге ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан ойланатын кез келді. Мұны қазақтар, украиндар ғана емес, тілі басқа болса да жүрегі бір орыстілді азаматтар да түсінуі керек.

                        

 

БОЛАТ ШАРАХЫМБАЙ
02.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 132
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 16
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 68
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 62
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 47
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 464
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 432
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 456
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 448
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 446
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 463
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 453
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 646

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9688
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9067
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12301
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10072
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11281