Ұлағатты ұрпақ – ұлт байлығы

Ұлағатты ұрпақ – ұлт байлығы

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Ел ертеңі, кемел келешектің кілті бала тәрбиесінде. Кейін өкініп қалмас үшін, бала тәрбиесін бәрінен биік қойған абзал. Қандай игі істі қолға алса да оған адамның өзі кірісуі керек.

«Сенімен Болашақ» республикалық ата- аналар қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Нұркен Асановтың да бала тәрбиесі бойынша атқарып отырған еңбегі жетерлік. Бұл бірлестік ата-ана мәдениетін қалыптастырып, бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті арттырумен қатар, психология-педагогикалық білім мен дағдыларын арттыруды көздейді. Бірлестік 2021 жылы 28 шілде күні ашылып, бүгінге дейін 126 мыңнан астам ата-анаға арналған 16 910 түрлі іс-шара өткізген.

Мұнда республика бойынша 117 мыңнан аса ата-ана мүшелікке тіркеліп, 16 филиалда 61 педагог және бала тәрбиесінде айтары бар түрлі саланың 247 сарапшысы бірлесе жұмыс атқарады. Қазіргі таңда бірлестіктің әр өңірінде түрлі саладан іріктелген сарапшылар кеңесі құрылған. Әр өңірдің өзіндік менталитеті, көзқарасы мен түсінігіне орай, бала тәрбиесіне қатысты ең өзекті деген мәселені анықтап, шешімін табуға ұмтылады.

Тараз қаласына жұмыс сапарымен келген қоғам қайраткері Нұркен Асанов, бірлестік төрайымы Жансая Бердімұрат пен төрайымның орынбасары Әлия Жұманиязқызы мен облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкілі Дәурен Бағжанов қаладағы Балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебінің жеткіншектерімен кездесті. Шалыс басып, сот шешімімен бір ай немесе бір жылға жуық аралығын осы мекемеде өткізіп, ерекше жағдайда білім алып жүрген жеткіншектердің өмір иірімі бұралаң.

– «Өмірдің мәні неде? Қандай сұраққа жауап іздеуіміз керек?» деген сұраққа бір данышпан: «Не істеп, не жасағанымыз маңызды емес. Ең бастысы «Неге? Не үшін? Қайда?» деген сұрақтарға жауап іздеген абзал» деп жауап берген екен. «Осы жерде тәрбиешілер не істеп жүр? Біз неге келдік? Бәріміз жиналып не істемекпіз?» деген сұрақ мазаласа, онда ойымыздың дұрыс бағытта болғаны. Бала күнімнен тек алға жүруге, үлгілі, үздік болуға ұмтылдым. Алға қойған бар мақсатымыз – ұлағатты ұрпақ өсіру. Біздің басты міндетіміз де осы деп білемін, – деді өз сөзінде Нұркен Асанов.

Мұндағы жеткіншектердің бірі тағдыр тауқыметін тартып, ата-анасынан айырылып, ақыл айтар адамы болмаған соң түрлі қателікке бой алдырып, шалыс басса, енді бірі өгей ана мен өгей әкенің мінезіне шыдамай, үйінен қашып жүрген жерінен ұсталып, осы мекемеден бір-ақ шыққан. Енді бірі ұрлық жасап көзге түскен. Бірақ бәрінің аты бөлек болғанымен – заты бір. Олар – бала. Сондықтан, балалығы мен шалалығының салдарынан күндерін осында өткізуде.

«Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігі балаларға сый-сияпат табыстап, олардың хал- жағдайымен танысып, өз бастарынан кешірген қилы оқиғаларымен бөлісті.

– Жастайымнан ата-анамнан айырылып, қанатсыз құстың күйін кештім. Балалықпен адам баласына зиян келтіретін дүниелердің де дәмін татып көрдім. Дегенмен, дер кезінде өзімді тоқтатып, ақылға келдім. Болашақ ана болатынымды ойладым. «Ата-анасының тәрбиесін көрмеген» деген сөзді естімеу үшін, үлгілі адам болуға тырыстым. Солай жасадым да! Енді міне өзіме ұнайтын қызметім, үлгілі отбасым бар. Сүрінген адамның қайта тұруға, өз қателігінен сабақ алып, дұрыс шешім қабылдауға шамасы, ішкі құлшынысы жетеді. Кем-кетіксіз адам болмайды. Жеңіс сол қателігін түзете алатындардың қолында, – деді Жансая Бердімұрат.

Қонақтардың жеткен жетістіктері мен өмір жолында кездескен түрлі оқиғаларын тыңдаған жеткіншектер өз кезегінде қонақтарға ән салып берді. Бүгінде мұнда түрлі келеңсіз жағдайда сот отырысының шешімімен 37 бала оқып жүр. Оның 21-і қыз, 16-сы ер бала. Олар бұл мекемеде бір ай мен бір жыл ішінде білім алады.

– Әне-міне дегенше, биылғы жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Балалардың мектепке қажетті құрал-жабдықтары, дәптер-кітаптары сақадай сай дайын тұр. Жылда 6-сынып болатын, биыл 7-сынып болып ашылайын деп жатырмыз. Кабинеттердің барлығы жөндеу жұмыстарынан өткен. Мұнда 13 пән мұғалімі мен 19 тәрбиеші қызмет атқарады. 9 және 11-сынып бітірген оқушыларды біз колледжге оқуға түсіреміз. Көбіне бізге алғаш келгенде жеткіншектер әріп танымай келеді. Себебі, балалардың көбі сабаққа бармайтындар. Тәрбиеден кеткен қателіктің салдарынан балалар жастайынан темекі, ішкілікке үйір, бірі таксикоман, енді бірі басқа да жаман жолға түскендер. Болашақта бұл балалардың түзеліп, түзу адам болып қалыптасуына біз атсалысып келеміз, – деді аталған мекеменің директоры Оспан Күнтубаев.

 

Құралай ІЗЕТБАЕВА,Ақ жол
08.08.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 243
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 239
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 741
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 864
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 777

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8933
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8327
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11555
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9311
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10539