Ұлағаты мол ұлттың баласы едік...

Ұлағаты мол ұлттың баласы едік...

Су тасқыны, сел астында қалды деген сөз естілген сайын апамның Көртоғай жайлы айтатыны еске түседі. Шарынның айналасындағы тоғыз жолдың торабында орналасқан шап-шағын ауыл. Әр ауданнан күніне екі уақ шығатын автобустағы жолаушылар бел жазып бес-он минут аялдайтын жері. Салқын көжесін жолаушыларға ұсынып тұратын апайлар… Сол шағын ауылда ұлы мен келіні мектепте істейтін қария тұрыпты. Немерелерінің алды бес-алты жаста, кішісі екі-үш жаста екен. Мұғалімдер аудан орталығында тамыз айында өтетін кеңеске кетуші еді ғой, оқу жылының алдында медтексеруден өтеді дегендей… Ұлы мен келіні кетіп, немерелеріне бас-көз боп қалған қария алдымен сол күндері ауылда ит-мысықтың ізім-қайым жоғалғанын аңғарған. Күншуақтап есік алдында отырғанда құрт-құмырсқаның өзенге қарсы бетті – тау жақты бетке алғанын, жыбырлаған жәндік біткеннің жөңкіле «көшіп» жатқанын байқаған. Ертесі ауылдастарына айтқан мұны. Керек құжаттары мен ішіп-жейтін нан-суын алып ауылдан кетуі керегін ескерткенімен, шалды келекелеп күліпті-мыс ауылдастары. Сөзін өткізе алмаған қария үш немересін жетектеп, наны мен суын арқалап жыбырлаған жәндіктің соңын ала тау жаққа кетеді. Оған тіпті ешкім мән бермейді де. Аз уақытта ауылды қойып, ағашының түп-тамырымен жұлып бәрін ағызып әкеткен сел айналаны тып-типыл еткені жайлы хабар тарайды. 

Әуеде тікұшақ қалықтағанымен, құтқарар жан жоқ. Шап-шағын ауылды жайпап кеткен сел «ізі», қаңыраған жұрт. Жылап-еңіреп жұртына жеткен мұғалім ұл мен келін… Сонадайдан үш немересін жетектеп келе жатқан қария… Шағын ауылдан қарияның сақтығының арқасында аман қалған бір әулет. Апамнан естігенім ғой. Әсілі, қазақ Жаратылыс деген ұлы кітаптың өзін оқып-таныған көзі ашық кемеңгер халық еді. Санасын сектамен улап, түрлі ағымның жетегіне ермеген ел еді, анау айтқандай діндар емес, құдайды Құран оқып түсінбей-ақ, «Құдайсыз қурай сынбайды» деген бір ауыз сөзге бүктеп-қаттамай-ақ сыйдыра салған ұлағаты мол ұлттың баласы едік. Күздің күні сыртта қалған бір шелек суының бетіне қатқан мұздың жұқа-қалыңынан-ақ қысының қандай болатынын, жер бауырлап ұшқан құсынан-ақ түнінің қандай болатынын білген халықтың тоз-тозын шығарғысы келетін арампиғыл көп. Өкініштісі –  қазақтың соған еретіні. Өзге ұлтқа майдай еріп, өз ұлтына келгенде тасбауыр боп қататыны. «Адам» деген ұлы аттан қашатыны, «адамгершілік» деген киелі ұғымнан алшақтағаны. Түбімізге осы жетеді. Еее…

 

АЙГҮЛ БОЛАТХАНҚЫЗЫ

 

16.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1162
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7210
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11072
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7275
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7422