Ұлт тағдыры – жан қалауы, көтергені – ар жалауы

Ұлт тағдыры – жан қалауы, көтергені – ар жалауы

Мыстан жаратылған күрескер ана

 

Әр адам өзінің өмір сүруімен қоршаған ортасына белгілі бір идея әкеледі. Сол болмысына қарап сөйлессең де, сөйлеспесең де, алыстан қарасаң да белгілі бір ойға қаласың. Және сол ой сені сол адам туралы, сол адам тұрған орта туралы білуге құштарлығыңды арттыра түседі. Ортаның әсері деген осы! Мен Сәуле Мешітбайқызын көрген кезде осындай түрлі ойдың шырмауында қаламын. Ол кісінің жүрген жері адамға деген жылылықтың, қамқорлықтың сонымен қоса ілгері жетелейтін ізгі арманның кемесіндей көрінеді маған. Адамды өзіне баурап сөйлеу де үлкен өнер. Және ол үшін асқан бауырмалдық қана емес, күш те керек.
Сәуле Мешітбайқызының бойындағы үлкен қасиет – адам баласын жатырқамай өзіне тарта білуінде. Жан дүниесіне кіріп, аналық жүрекпен ілтипат сезімді білдіру де – екінің біріне бұйырмаған бақ! Ол кісінің болмысын анықтайтын адамгершілік қасиет ел үшін күйіп, жануы. Азаматтық сияға толы қаламы жұртқа белгілі. Ал қашанда өзінің бойындағы шаршауын, кемелдігін, жігерін өзіне емес, отбасын күтуге емес елдің игілігіне бағыттай білуінде жатыр. Осы қасиетін мен жоғары бағалаймын. Әдетте адамдардың арасында белгілі бір өзіне тиесілі ғана дүниені білетін, өзара қатынасты ашуға ұмтылатын түйінді сөздер болады. Біз Сәуле апай екеуміз сөйлескен бетте-ақ, тез түсінісіп кеткен жандармыз. Елдік, ұлттық мұрат, тіл мен діл мәселесі де, тарих пен бүгінгі саясатқа да көзқарасымыз сай келді. Осы жағынан келгенде мен Сәуле Мешітбайқызына ризамын. Қоғамдағы кез келген мәселеге бей-жай қарамайтыны да ұнайды.
Мен Сәуле апайымды «мыстан апай» деп атаймын. Бұл сөзімде Сәуле апайдың бар болмысы тұр. Әрине мыстан дегенде ертегідегі мыстан кемпірді айтып отырмағанымыз түсінікті. Оның мағынасы былай: Сәуле апай қыз кезінде алтын болды. Алтын қыз болды. Келіншек кезінде «күміс келін» атанды. Күлкісі қандай тартымды апайдың! Көз жанарының ішіне толып кететін мейірімі қандай! Адамды өзіне қарай иісіндіріп тұрады. Ал әже атанғаннан кейін қола кемпір – мыс кемпір болады емес пе? Сәуле апай үнемі қозғалыста жүретін адам. Алтыннан, күмістен өткен адам енді мысқа айналмағанда қайтеді?! Мыс ешқашан тотықпайды. Иіледі, қайысады, бірақ морт кетпейді. Сынбайды. Иі жұмсақ. Отқа қызбайды, 24 сағат жұмыс істеуге бар. Қазақстанның ең үлкен бренді де Жезқазғанның мысы. Сондықтан сіз мыстан жаратылған апайсыз. «Оны тарқатып айтып жатамыз ба, одан да сізді мен мыстан апай дейін» дегем алғашында. Ол кісі рахаттана күліп алып: «Мені енді басқаша атаушы болма, Мыстан апа дейтін бол» деген еді.
Бүгін туған күні екен Сәкеңнің, берекелі ғұмыр, деніне саулық, отбасына амандық тілеймін. Күрескерлік бағытыңыз айқын, сол жолда бір болайық!

Тұрсын Жұртбай,
алаштанушы, ғалым

 

Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!

Сізді мерейлі 75 жасқа толуыңызбен шын пейілден құттықтаймын! Сіздің бүіл саналы өміріңіз педагогикамен, ұрпақ тәрбиесімен тікелей байланысты болып келеді. Оның алғашқы бөлігінде ұстаз ретінде мектепте жұмыс істеген болсаңыз, ал кейінгі мерзімдік басылымдардағы қызметіңіз де негізінен ұрпақ тәрбиесіне бағытталды.
2009 жылдан бас директордың бірінші орынбасары ретінде «Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетінің дамуына айтулы үлес қостыңыз. Аянбай еңбек етіп басылымның қаржылық мәселелерін шешіп отырдыңыз. 2017 жылдан газеттің атын «Qazaqstan dauiri» деп өзгертіп, бағытын оқырман талабына қарай ойыстыруға мұрындық болдыңыз. Онымен қоса республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы сияқты жауапты міндеттерді қоса атқарып келесіз. Біздің білуімізде Сіз ҚР Журналистер одағының мүшесі ретінде де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келесіз. Бас редакторлар клубының да түрлі бастамаларының қақ ортасындасыз.
Чехтың ұлы педагогы Ян Амос Коменский: «Ақыл ерік-жігеріңе жол ашады, ерік-жігерің әрекетке бастайды» дейді екен. Бойыңыздағы ақыл мен парасат өмір-бақи Сізді ұлтқа қызмет етуге жетелеп келеді. Педагогтік тәжірибеңіз арқылы «Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі» атансаңыз, халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетіндегі ұйымдастырушылық жұмыстарыңыз Сізді жаңа абырой биіктеріне бастады. 2014 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атандыңыз.
Бізді қуантатыны «болдым-толдым» демей, қазіргі күнге дейін журналистикада жемісті жұмыс істеп жүргеніңіз. Күрделі тақырыптарға жасқанбай барып, ел өмірінің өзекті мәселелерін көтеріп келесіз. Сондықтан алдағы уақытта да күшіңізге күш, қайратыңызға қайрат қосыла берсін!
Сізді тағы да мерейлі мерекеңізбен құттықтап, толағай табыстар тілеймін!

Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Тұлға» журналының бас редакторы,
Қазақстан педагогикалық ғылым
Академиясының академигі, профессор

 

Аса қадірлі Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ!

Сізді сергектігіңізге селкеу түсірмей жеткен жаңа белесіңіз – 75 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Екеуміз кеш табыстық. Сонда да, кешегі күндер бедерінде бір-бірінен алшақтап қалған үлкендердің аманаты мен арманын ұштастырдық. Оның барлығы Сіздің мейірім тұнған адал жүрегіңіз бен өрісті өнегеңіз арқасы! «Нағашым!» деп бауырға басып, көңіліңіздің шуақ болып толқыған көліне шомылдырдыңыз. Аналық адал пейіліңіздің төріне оздырып, бойыма шапағат нұрын сіңірдіңіз!
Аяулы жиенім Сәуле апай!
Сіздің ұлт руханиятына сіңірген сүбелі еңбегіңіз бен кейбір азаматтардан табылмай жүрген қайрат-жігеріңіз туралы жазатын болсақ, бір құттықтаудың шеңберіне сыйғыза алмайтынымыз да ақиқат. Өйткені, Сіз бүгінгі мерейлі сәтке Алатаудай асқақ абыроймен, Қаратаудай қастерлі қасиетпен, Ұлытаудай ұлы ұлағатпен жеттіңіз! Біз Сізді мақтамаймыз, жаратылысы жібектей нәзік болса да, жігіттей жігерлі жиенімізбен мақтанамыз! Сіз бізге де, Ұлтқа да қажет тұлғаға айналғансыз! Қабағы түксиген қан-сөлсіз қоғамның тым кербез керуенінде мейірімге шөліркей қалсақ, Сізді іздейміз! Атыңызға сай Сәулелі, нұрлы болмысыңыздың шуағына малынып, жүрек жылуыңызға шомылып, рухани ләззатқа кенелетінімізді қалай жасырайық?! Сондықтан да Сіз жекелеген біздерге ғана емес, тұтас қазақ қоғамына дегдарлықпен дем беріп, көрегендікпен көш бастап тұрғандайсыз.
Арамыз тым жақын нағашылы-жиен, қандас туысқан бола тұра, келте ғұмыр керуенінде кеш табысқанның да өз өкініші бар шығар. Өткен шақта кеткен өлшеусіз есеміздің орнын толтырар өмір берсін Сізге! Мықты денсаулық, мұқалмас қуат тіледім! Ғасыр жасаңыз, асыл жиен, аяулы Апай!

Бекзат Алтынбеков,
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты

 

ЖАСАЙ БЕРІҢІЗ, ЕЛАНА!

Менің пайымымда Жаратқанның нәсібі нәрселей де, рухани да болады. Бұның ең құндысы – рухани нәсіп. Ондай нәсіп адамға адамнан бұйырып, дариды. Алла тағала адамзатқа сондай заңдылықты бекіту арқылы адам мен адамды бір-біріне бауыр әрі нәсіптің көзі ете жаратады.
Менің Сізбен танысқан 2006 жыл сондай нәсіпке жолықтырған Жаратқанның бір сыйы санаймын.
Сіздей нәзік жанды бола тұра, қайратты, қауқарлы, жігерлі, сұңғыла Апаны кездестіргенім – менің өмірдегі құнды нәсіптерімнің бірі! Сіз – шынайысыз, сіз – табиғисыз, Табиғат ана қандай болса, Сіз де – сондайсыз. Мен үшін бұл аса құнды адами қасиеттер.
Сіз айналаңызды шынайы қабылдап, табиғи сүйесіз. Біреуге жалынуды, жалбарынуды, жақсы атты болуды жасанды жасамайсыз! Бұл – бүгінгі адамдардың бойынан тапшылыққа ұшыраған қабілет пен қасиет!
Сіз ұлтыңызды шынайы сүйіп, оның жетістігі мен кемшілігіне ынты-шынтыңызбен кірісесіз, сол үшін жаныңызды ауыртып, күйдіруден жасқанбайсыз, жаныңызды аямайсыз. Ол үшін биліктен, мемлекеттен, адамдардан қайтарым сұрамайсыз, бұлдамайсыз!
Бұның бәрі елге АНА болар адамға ғана тән қасиет!
Аман болыңыз, жасай беріңіз, Сәуле апа – Елана!
75 жасыңыз құт болсын!
Бағыңыз жана бергей, баянды болғай!
Деніңіз сау, еңбегіңіз бауға айнала берсін!

Құрметпен, Серік Ерғали

 

Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!

Сізді бүгінгі төл мерекеңіз – туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Дүйім жұрт Өзіңізді саналы ғұмырын ел игілігі жолындағы қызметке арнаған ардақты аға буынның бірі деп таниды. Сіз ұзақ жылдар бойы отандық БАҚ саласын дамыту жолында еңбек етіп, үнемі абырой биіктерінен көрініп келесіз.
Қазақта «Жақсы туған қыз бала, батыр туған ұлмен тең» деген жақсы сөз бар. Өзіңіздей өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым Әйел-Аналарымыз қай кезде де батырлық пен батылдықтың үлгісі болған. Сіздің бойыңыздағы қазақ қыздарына тән қайсарлық пен тектілік, инабат пен ибалылық кейінгі буын қара көз қыздарымыз үшін үлгі болары хақ.
Алдағы уақыттарда да қазақ журналистикасы мен баспасөз саласына қосар үлесіңіз бен сыбағаңыздың сүбелі боларына кәміл сенеміз. Туған күніңізбен тағы да құттықтай отырып, сізге зор денсаулық, мол бақыт, отбасыңызға ырыс пен береке тілеймін!

Ізгі ниетпен, Е. Каналимов,
Нұр-Сұлтан қаласы
Мәслихатының хатшысы

 

Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!

Сізді 75 жасқа толған мерейлі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Саналы ғұмырыңызды ел мүддесіне арнап, мемлекетіміздің өркендеуі үшін абыроймен қызмет атқарып, халықтың зор құрметі мен ыстық ықыласына бөленген тұлғасыз.
Сіз егемен еліміздің мүддесін жалынды сөзімен де, белсенді іс-әрекетімен де қорғайтын, әлеуметтік әділдік жолында аянбай күресетін ұлтжанды азаматша ретінде танылдыңыз.
Алуан түрлі ұлттық тақырыптарда қалам тербеп, салиқалы ой-пікірлеріңізді батыл жеткізіп келесіз және оған мыңдаған оқырмандарыңыз үн қосуда.
Ұлт жанашыры ретінде Сіз ана тілімізді насихаттаудың алғы шебінде жүрсіз.
Қажырлы еңбегіңіз, игі істеріңіз замандастарыңыз бен өскелең ұрпаққа үлкен өнеге.
Сәуле Мешітбайқызы! Мерейлі мерейтойыңызға орай қуанышыңызбен бөлісе отырып, Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және әулетіңізге амандық тілеймін!

Ізгі ниетпен, Б. Әбдіғалиұлы,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты

 

Атқамінер азаматтардан да ақыл-кеңесін аямайтын абыз ана

«Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің көшін бастаған танымал журналист, Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген қайраткер, «Ел анасы» атанған қарымды қалам иесі Сәуле Мешітбайқызын мерейлі 75 жасымен шын жүректен құттықтаймын.
Сәуле апаймен танысып-біліскеннен бері оның қаламы жүйрік журналист, еңбекқор маман иесі, қайсар жан, талантты ұйымдастырушы, іскер басшы екеніне көзім анық жетті. Орал қаласына келген әр сапарында ел-жұрттың амандығын сұрап, Қазақ жерінің әр түкпіріндегі отандастарына тілеулес екенін байқатып отырады.
Зейнет жасына жетсе де, аттан түспей, қатардан қалмай жүрген танымал журналист қарапайым халық пен биліктің арасын жалғап, отандастарының мұң-мұқтажын қаламынан туындаған мақалаларымен жеткізуге тырысады. Сәуле апай – қазақ баспасөзіне ғана емес, туған тіліміздің тағдырына, еліміздің ертеңіне, жастардың болашағына алаңдап жүретін қайраткер тұлға. Осындай елеулі еңбегімен «Елдің анасы» атануы да кездейсоқтық емес. Ел тізгінін ұстаған атқамінер азаматтардан да ақыл-кеңесін аямай, рухани қолдау көрсетіп отырады.
Өзі де көпшіл, айналасындағы адамдарды ерекше кеңпейіл мінезімен, көрегендік қасиетімен баурап алатын Сәуле Мешітбайқызының болмысы, ұстанымы, турашылдығы – ізін басқан іні-сіңлілеріне үлгі болары сөзсіз. Қоғамдағы көкейтесті мәселелерді зерделеумен бірге жақсы істердің де жарияшысы болып жүрген қалам иесі оқырманының рухани кемелденуіне, білім көкжиегінің кеңеюіне қызмет етіп келеді. Мерейтой иесінің бір бойынан кең жүректі, дархан мінезді, иманжүзді, ұлтжанды қазақ анасының бет-бейнесін көре аламыз.
Қадірменді Сәуле Мешітбайқызы! Сіздей ақылы дана, аузы дуалы абыз ананың ортамызда аман жүріп, осындай мерейлі жасын ел-жұртымен, көзі қарақты оқырмандарымен бірге қарсылауы – үлкен мерей, зор мәртебе. Сізді туған күніңізбен құттықтай отырып, өзіңізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағыңызға шаттық тілеймін. Тәуелсіз еліміздің әлі талай жарқын бастамалары мен жемісті жылдарына куә болып, аман жүріңіз!

Абат ШЫНЫБЕКОВ,

Орал қаласының әкімі

 

 

«Qazaqstan dauiri» басылымының бас директоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
С.М.МЕШІТБАЕВА ханымға

 

Ұлтының мұң-мұқтажын, зар-запыранын жеткізуден шаршамаған жан

«Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеп жүрген кезім еді. Елордадағы Журналистер үйіндегі кеңсеме жүзі жылы, дауысы жағымды бір үлкен кісі кіріп келді. «Айналайын, амансың ба? Мен Сәуле деген апаң боламын. «Qazaqstan zaman» газетіненмін деп өзін өте сыпайы, сабырлы қалпымен таныстырды. «Ақжүрек апамен бірден тіл табысып, шүйіркелесіп кеттік. «Журналистикаға келгенде бірінші сені көрдім, балам. Сол үшін ықыласым ерекше» дейді өзі кездескен сайын. Содан бері сыйластығымыз, бір-бірімізге деген қадір-құрметіміз артпаса кеміген жоқ. Жұмыста да, үйде де құдайы көршіміз. Сәуле Мешітбайқызымен осылай ана-бала, апа-іні, әріптес-тілекші, қамқоршы-қолдаушы, көрші-бауырға айналдық.
Сәуле апамды ел-жұртқа таныстырудың қажеті жоқ. Ұлағатты ұстаз, қаламының қуаты бар қаламгер, рухты қайраткер, мықты медиа менеджер, білікті басшы, аузынан Алласын тастамайтын қажы, ел анасы деп тізбектеліп кете береді.
Журналистикаға өзі айтқандай «кеш келгенімен» елдік, ұлттық мұраттарға адал қызмет етіп келеді. Бойындағы күш-қуатына, ар-рухына таң қаласың! Ел мүддесіне келгенде ешқашан қарақан басының қамын ойлап, бұқпайды. Кейбір атағынан ат үркетін ақын-жазушы, қайраткер-күрескерлер жүрегі дауаламаған өткір ұлттық мәселелерді Елбасына, Президентке хат, мақала арқылы батыл жеткізіп жүр.
Сәуле апаның қаламының қуатынан қорқатын, сынының уытынан зәресі ұшатын ақжағалы, атқамінерлер атынан түсіп, арнайы барып сәлем береді. Санасады. Соңғы жылдары Сәуле апа тұтас қазақ баспасөзінің мұң-мұқтажын, зар-запыранын жоғары билікке ашық жеткізіп, ұлт баспасөзінің ертеңі үшін шырылдап жүр.
Қазағын жанынан артық көретін, ұлтына шын ықыласымен қызмет етіп жүрген жанның өне-бойында Алаш қайраткерлерінің рухы, болмысы бар. Имандылық, парасаттылық, адалдық, даналық, адамгершілік, батылдық, əділдік, кішіпейілдік сияқты адам баласына тəн ізгі қасиеттерді бір бойына жинақтаған тұлға. Ең алдымен, Сәуле апам – ардақты ана, аяулы әже! Туған күнінің Аналар күнімен тұспа-тұс келуінің өзі кездейсоқтық емес!
Мерейлі 75 жасыңыз құтты болсын, Сәуле апа! Құдай қуат беріп, ғасыр жасаңыз! Қазағын жанындай жақсы сүретін, өз ұлтына қызмет етуді өнеге қылған Сіздей ел анасына Алла ұзақ ғұмыр, баянды бақ, кетпес дәулет бергей! Әр қазақтың мұң-мүддесі, арман-мұраты үшін аман жүріңіз, Сәуле апа!

 

Құрметпен, Төлен Тілеубай,
«Астана ақшамы» газетінің шеф редакторы

 

Қанатымен су сепкен қарлығаштай…

Мен Сәуле Мешітбайқызын алғаш рет 2010 жылы маусым айында көрдім. Астандағы Журналистер үйінде «Qazaqstan zaman» газетінің бас болып ұйымдастырылған Көші-кон тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткен еді. Соған шетелден көшіп келген ағайындардың бір өкілі ретінде мен де шақыртылдым. Бұл дөңгелек үстелдік басқа жиналыстардан «қызықты» болғаны, бірнеше «даукес оралмандардың» басын қоса салмай, газет тілшілері, елге келген белсенді ағайындардың өкілдерінен бөлек, сол кездегі Көші-қон комитетін басқарып тұрған Қабылсаят Әбішевтің қатысуы еді. Сөз бастаған Сәуле Мешітбайқызы көші-қон саласындағы қордаланған амәселелерді ашық айтты. Сөз кезегі келгенде біз де біраз жерге «көсілдік». Сол дөңгелек үстелде айтылған пікірлердің барлығы газеттің жаңа нөмерінде басылып шықты.
Көші-қон саласында қордаланған мәселелер шаш-етектен. Мұны шешудің және ретке келтірудің жолдарын айтып, өз пікірлерін жоғарыға жеткізе алмай жүрген белсенді азаматардың «шер тарқатар, айтып-айтып алатын жалғыз жері» қазаққа жаны ашитын басылымдар еді. Солардың қатарында мен үшін «Qazaqstan dauiri» газетінің орны ерекше. Бұл жерде де газетті басқарып отырған Сәуле апайымыз бастаған жанашыр жақсыларымызбен қоса, билік пен халық арасында «алтын көпір» болып жүрген журналистер қауымының еңбегі ерекше дер едім.
Жоғарының шешімімен еліміздің әр өңірінде, елге оралған ағайындарға арнап, тұтас ауылдар тұрғызу мәселесі қолға алынғаны белгілі. Соның нәтижесінде СҚО-да, ШҚО-да және Ақмола облысында «Бәйтерек», «Нұрлы көш» қатарлы ауылдар бой көтерді. Өте жақсы бастама еді. Алайда сол ауылдарда салынған үйлердің сапасы сын көтермейді екен деген сыбыстар шығып жатты.. Оралмандарға арнап салынған сапасыз үйлерде дірдектеп отырған ағайындардың жағдайын «Қазақстан заман» жасқанбай талай мәрте жазды.
Келесі бір есте қалатын жағдай, Сәуле Мешітбайқызның Президентке айтқан даты еді. 2014 жылы «ҚР Кейбір заңнамалық актлеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңның ішінде қазақ көші-қонына кері әсерін тигізетін баптардың мақұлданып кетуі еді. Бұл қоғамда күшті наразылық туғызды. Өкінішке орай көзіқарақты, зиялы азаматтар бұл жайға қатты назар аударған жоқ. 2014 жылы желтоқсан айында Сәуле Мешітбайқызының «Заң жүзеге асса, 5 млн қазақтан тірідей айырыламыз» деген тақырыппен Елбасының атына жазған даты басылып шықты.
Шыны керек, бұл туралы көптеген танымал азаматтар жақ ашпаған еді. Осы мақала ғаламтор бетінде қатты таралды. Мүмкін осындай пікірлерідің әсері болды ма, сол заңдағы көңілге қонбайтын тұстар көп өтпей косметикалық өзгерістермен толықтырылды…
Міне, қазақтың бір қызы, ардақты анасы, қалам ұстаған қарымды журналисі Сәуле Мешітбайқызы осылайша қазақтың көші-қоны үшін «қанатымен су сепкен қарлығаштай» шырылдап келеді. Қадірлі Сәуле Мешітбайқызы, келіп жеткен мерейлі 75 жасыңыз құтты болсын! Сізге мықты денсаулық және шығармашылық табыс тілеймін!

Құрметпен, Бауыржан Шақарбекұлы,
«Ұлт бірлігі» ҚҚ төрағасы

 

Сәуле апаға алғыс айтамыз!

Мен Асанов Алға Амангелдіұлы және ұл-қыздарым (Назерке, Нұрберген, Нұржігіт) үшін Сәуле апаның орны бөлек жан! Олай дейтін себебім, Сәуле апа Алланың қалауымен себепкер болып, басымызға шешімі өте қиын сынақ келгенде, өзінің аналық мейірімімен бізге жаны ашып, жанымыздан табылған жан. Менің басыма келген қиын кезеңнің басы 2009 жылы екі бүйрегім істен шығып, күтпеген жерден жасанды бүйрек (гемодиализ) аппаратына тәуелді болып қалдым. Оған қоса тағдырдың басқа салуымен үш перзентімді өзім бағып өсіруіме тура келді. Осылай күнара ем қабылдап, балаларға шама келгенінше тамақ тауып, жалдамалы пәтерде тұрып 4 жыл өмір сүрдік. Жылдар өте денсаулықтық жағдайымның қиындағанын сезініп, үкіметтен балаларыма баспана сұрау үшін телеарналар арқылы жағдайымды жария етуге тура келді. Телеарналардан бізді көрсетіп, «ал енді не болар екен» деп күтіп жүргенімде маған қоңырау шалынды. Жауап бергенім сол еді, «айналайын мен Сәуле деген апаң боламын, Астана қаласынан хабарласып отырмын. Мен «Qazaqstan-Zaman» газетін басқарамын, не болып жатыр жағдайларың қалай? – деп сұрады. Менің жауабымды тыңдаған соң: «айналайын менің кіші ұлыммен жасты екенсің, уайымдама, барлығы жақсы болады, ертең Шадияр Молдабек атты бауырың барады, осы жігітке барлығын айтып бер, газетімізге шығарамыз», – деді. Көп ұзамай Сәуле апаның өзі арнайы Шымкент қаласына келіп, Әкімге біздің жағдайымызды айтып, көмектесулерін жеткізіп болған соң үйге келіп, балаларымды бауырына басып отырып: «айналайындар, уайымдамаңдар, барлығы жақсы болады» деді. Көп ұзамай үкімет пәтер берді, келесі кезекте бүйрекке ота жасалды, тіпті Сәуле апа келіп, қызымның оқу орнына барып басшыларына жолығып, қызым ақысыз университет оқып бітіруіне жағдай жасады. Сәуле апаға, «Qazaqstan dauiri» газетінің ұжымдарына алғыс айта отырып, Алла разы болсын дейміз! Сәуле апа, жүз жасаңыз! Алла тағалам сізге екі дүниенің бақытын нәсіп етсін!

 

 

 

Құрметпен, Алға Асанов, Назерке, Нұрберген, Нұржігіт,
Шымкент қаласы

 

Біздің апай осындай!

Жұмыс десе, жанын салар ортаға,
Еңбексүйгіш жан басқа одан арта ма?
Ел мүддесін алға қояр бұл кісі
Қызуқанды, жуас емес «біртоға».

Қайда барса, сонда келіп құт кірген,
Білікті ұстаз көп жұмысты бітірген.
Ең соңына қойылмаған нүкте әлі
Шәкірттері бөлініп тұр үтірмен.

Сәуле атты апай біздің осындай,
Қос жанары ұшқын атқан жасындай.
Халқы үшін еңбек еткен тер төгіп
Бақ тілейді ол ұлтқа бармақ басындай.

Оранбаған оның үлде-бүлдеге,
Кезі сирек ілінбеген жүлдеге.
Күрес үшін жаратылған апайдың
Бала өсірген аналығы бір төбе.

Есіме алып айтсам сыйлас шақтарды,
Бітіре алман апай жайлы ақпарды.
Байлау керек әрбір адам беліне
Апай сынды көтере алар шоқпарды.

Бар қандасқа жаны қалмай болысқан,
Бүгін апай ел анасы толысқан.
Сол апамыз жетпіс бестің төрінде,
Сәлем жолдап тұр баршаға ғарыштан!

Қиып түсіп жетпіс жастың желкесін,
Мерейтойдың тағы бірі келгесін
Тойлап жатқан соны аяулы апайға:
«Сізге Тәңір дерт-дербезді бермесін,
Ал, даңқыңыз,– деймін,– көкке өрлесін!»

Ермек Сахариев

 

 

 

Шенділерге жақпаса да, жақты елге!

Қара нардай өрге тартып ел жүгін,
Қарайламай алды-артына келді мың!
Көрді жұрты – түпсіз ойдың кеңдігін,
Сезді жұрты- қайсар жанның өрлігін!

«Тілім» деді, тілімдеді жүрегін,
«Елім» деді, еңіреді білемін!
Жалғандықтың тұріп тастап түнегін,
Қаламменен айтты талап-тілегін!

Дар алдында тұрған жандай қасқиып,
Ар алдында адал болды басты иіп!
Торуылдап жүрсе дағы қас-күйік,
Жел жағына замананың тосты иық!

Шенділерге жақпаса да, жақты елге,
Талай мәрте көтерілді Бақ-белге!
Тауқыметін, қуанышын, мұң-шерін,
Өмір дейтін жазып келед дәптерге!

75 жас, аз ба, көп пе, сарала,
Тоғышар мен мәңгүртің жүр арада.
Күрес жолын таңдады ма, бағала,
Сәуле апайдай қайраттансын, бар АНА!

Жетпіс бестің көтерілген шыңына,
Сәуле апайға қарайды жұрт қызыға.
Көп шәкірттің арқау болған жырына..
Келер ұрпақ жетсе деймін құнына!

Сәуле апайдың тірлігіне нәр берген,
Немере мен шөбере жүр әрленген…
Ұлттық намыс-бесігінде тербелген,
Сәуле апайға әке рухы дем берген…

Мәуелі бақ берді бүгін жемісін,
Созған жан ең талайларға қол ұшын…
Мұның бәрі апай сенің жеңісің!
Сол жеңіспен кеңейсе екен өрісің!

Ұмытпайды еңбегіңді ел іші,
Даңғыл болсын ұрпағыңның өрісі!!!
Тоқсан деген Кенен ата -өресі,
Жүзге жетсең – Жамбыл ата қонысы!

Шенділерге жақпаса да, жақты елге,
Талай мәрте көтерілді Бақ-белге!
Тауқыметін, қуанышын, мұң-шерін,
Өмір дейтін жазып келед дәптерге!

Нағашыбай Қабылбек

 

 

 

 

Халықаралық “Qazaqstan dauiri” газетінен

(Жалғасы бар)

24.09.2021

Ұқсас жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЛАР ЖАЛҒАСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 93
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 147
 ОТЫРАРЛЫҚ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРҒА ДУБАЙҒА ЖОЛДАМА ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 32
ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 96
ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 94
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 147
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 191
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 196
Жарқын жобаның жемісті жалғасы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 183
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 193
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 198
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 192

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11306
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10240
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13486
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12440
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 17448