ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНҒАН ӘУЛЕТ

ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНҒАН ӘУЛЕТ

2013 жылдан бері елімізде дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып келеді. Оған әр жыл сайын біздің облысымыздан да үлгілі отбасылар қатысып келе жатқандықтан, жалпы өңір халқы аталмыш байқау туралы мағлұматтан хабардар деп білеміз. Өйткені, дәл осы байқауға он жыл ішінде жиырма мыңнан астам отбасы қатысқан екен. Биыл Қазақстанның ең үлгілі отбасы атағы үшін 3369 үміткер ниет білдіріп, байқауда бақ сынаған. Биылғы жылы үздіктер арасынан Шу ауданының тұрғыны, жерлесіміз Баймағамбетовтер әулеті де жеңіс тұғырынан көрініп отыр. Нақты айтар болсақ, бұл әулет «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінен топ жарып, облыстық кезеңде жүлделі екінші орынды еншіледі. Осыған орай, жуырда біз Баймағамбетовтер әулетінің тірегі болған Бейқұт Баймағамбетов және отанасы Рахиля апамен жолығып, сұхбаттасқан едік. Ұлттық байқаудың мақсаты әр өңірдегі өнегелі отбасыларды өзгелерге үлгі ету, сол арқылы жалпы қоғам өкілдерінің арасында оң тәрбиені қалыптастыруға ықпал ету болғандықтан, өзара әңгімемізді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

– Бейқұт Ахметұлы, әуелі өзіңізді таныстырып, өмір жолыңыз жайлы жан-жақты әңгімелеп берсеңіз. 

– Мен 1949 жылы ауданымыздың Көктөбе ауылында дүниеге келіп, осы өңірде өсіп-өндім. Кейін Рахиля есімді жұбайыммен отбасын құрдым. Алғашқы еңбек жолым 1971 жылы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның Шоқпар жол дистансасында машинист болудан басталды. Зейнетке шыққанға дейін осы мекемеде машинист, аға машинист, механик болып еңбек еттім. Саладағы жалпы еңбек өтілім 53 жылды құрайды. Қазіргі таңда құрметті еңбек демалысындамын. Еңбек еткен жылдар ағымында билік өкілдері тарапынан бірнеше марапаттарға ие болдым. Атап айтқанда, «Еңбек ардагері» медалі, теміржол саласына сіңірген еселі еңбегі үшін деп екі мәрте берілген «Құрметті теміржолшы» белгісі, «Адал еңбегі үшін», «Біртұтас қазақ теміржолына 50 жыл» төсбелгілері, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың грамоталары ақ адал еңбегімнің жемісі деп білемін. Сонымен қатар, соңғы жылдары ауыл әкімшілігінің ықпалымен өтетін жоспарлы іс-шараларға, ақсақалдар жиналысына, түрлі мәселелерге негізделген ауылдағы жалпы жиындарға арнайы шақыртумен қатысып келемін. Мұндағы мақсатым – жастарды адамгершілікке, ізгілікке, ілім-білімге, өнерге баулып, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді, жөн-жобаларды, мәдениетімізді үлгі етіп, бабалар аманатын жалғастыру.

– Жеке өміріңіз жайлы біраз мағлұматқа қанық болдық. Енді, жалпы отбасы мүшелерімен толығырақ таныстырып өтсеңіз. 

– Жұбайым Баймағамбетова Рахиля Қасымқызы 1951 жылы Балқаш қаласында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болудан бастаған. Ал, 1985 жылдан Шоқпар метеостансасында метеоролог болып 17 жыл еңбек етті. Кейін еңбек жолын теміржол саласында жалғап, осы ортадан зейнеткерлікке шықты. Жұбайым «Күміс алқа» иегері. Екеуміз екі ұл, төрт қызды дүниеге әкеліп, оларды саналы, тәрбиелі жандар қатарынан өсіруге тырысып, бақтық. Үлкен ұлым Нұрлан 1971 жылы дүниеге келді. Орта мектепті тамамдаған соң, Көкшетау қаласындағы Алғабас училищесін «Столлер» мамандығы бойынша бітірді. Шоқпар жол дистансасында (ПЧ-47 П3 бөлімшесі) көпір жөндеуші болып еңбек етуде. Отбасында үш ұл тәрбиелеп отыр. Екінші ұлым Рахман 1977 жылы дүниеге келді. Бұл ұлым да жоғарыда аталған оқу орнында білім алып, Шоқпар жол дистансасында (ПЧ-47 П3 бөлімшесі) мотовоз машинисі болып жұмыс жасайды. Отбасында үш ұл, бір қыз баланы тәрбиелеуде. 1974 жылы дүниеге келген Айгүл есімді қызым Көкшетау қаласындағы жоғарғы оқу орнын «Кәсіптік білім» мамандығы бойынша аяқтады. Қазіргі таңда Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану және сервис колледжінде өндірістік оқыту шебері болып қызмет етіп келеді. Бір ұл тәрбиелеп отыр. 1980 жылғы Айнұр қызым жеке кәсіпкер. Сауда саласында нәпақасын тауып, отбасында үш ұл бағып-қағуда. 1981 жылы дүние есігін ашқан Әйкерім есімді қызым Қарағанды мемлекеттік университетін «Физика» мамандығы бойынша тамамдап, ауданымыздағы М.Х.Дулати атындағы орта мектебінің мұғалімі болып еңбек етуде. Отбасында төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Ал, 1984 жылы дүниеге келген кенже қызым Айзада Қарағанды мемлекеттік университетінен бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгеріп шықты. Қазіргі уақытта ауданымыздағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқарып жүр. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсіруде. Бастапқыда екі ұлым, екі келініммен барлығымыз үлкен отбасы болып, жеті жыл бірге тұрдық. Кейін немерелер есейе келе, үлкен ұлым бөлек шықты. Дегенмен, олар да осы ауылда тұрып жатқандықтан, келінім Гүлима ауылдағы «Ертөстік» балабақшасында отыз жылдан астам уақыт бас аспаз. Ал, өзімізбен бірге тұратын, қолымыздағы кіші келін Мақпал осы балабақшада жеті жылдан бері меңгеруші болып қызмет етеді. Оның жалпы еңбек өтілі 15 жылды құрайды. Бүгінде жұбайым Рахиля екеуміз дүниеге әкелген осы перзенттерімізден 23 немере, 7 шөбере сүйіп, ардақты ата-әжеге айналып отырған жайымыз бар. Жалпы, отау құрғанымызға бұл күндері 56 жыл толып отыр.

– Ұлдарыңыздың әке жолын жалғап, теміржол саласында тер төгіп жүргенін, сондай-ақ, немерелер қауымының да алды отбасын құрып, шаңырақ иесі болып отырғандығын байқап отырмыз. Немерелер арасында өздеріңізден үлгі алып, теміржол  саласының   майталман маманы болуға бел буған ізбасарлар бар ма? 

– Иә, әулетімізді теміржолшылар әулеті деп тануға болатындай. Өйткені, әкем Ахмет те 37 жыл теміржол саласында байланысшы болып жұмыс жасаған. Өзімнің немерем Нұржан, жиен немерлер Нұрбек пен Анар осы сала бойынша арнаулы білім алып, болат жолдың бойында шыңдалып келеді. Нақты айтар болсам, 1992 жылы дүниеге келген немерем Нұржан Нұрланұлы Алматы транспорт колледжін тамамдап, бүгінгі таңда Шу локомотив депосында машинистің көмекшісі болып жұмыс жасап жүр. Сондай-ақ, 2000 жылғы немерем Нұрбек Айбекұлы мен 2002 жылғы Анар Айбекқызы да жоғарыда аталған колледжден білім алып, қазір екеуі де Шоқпар жол дистансасында (ПЧ 47 ПЗ) еңбек етуде.

– Ұрпағыңыздың өнегелі ортаға айналуы ең әуелі тәрбиеге байланысты екені анық. Бала тәрбиесінде қандай қасиетке басымдылық бердіңіз? 

– Өзім жиырма жасымнан еңбекке араластым. Сол себептен, балаларымды жастайынан еңбекке, адал қызмет етуге баулуға, барлығының білімді азамат болуларына барынша күш салдым деп ойлаймын. Сонымен қатар, бала тәрбиесінде ананың да рөлі ерекше маңызға ие емес пе? Жұбайым Рахиляның да еңбек ете жүріп, ұл-қыздарымыздың жат әдеттен аулақ болуына, бойларына ізгі қасиеттерді сіңірген, саналы перзенттер қатарынан өсуіне ықпалы зор болғандығын атап айтқым келеді. Қазақта «Анасына қарап, қызын ал» демей ме. Әсіресе, қыз баланың тәрбиесі күрделі мәсәле. Алайда төрт қызымыздың салмақты, ибалы азаматшалардың қатарынан бойжетіп, келісті келін, ардақты ана атануында жұбайымның тәрбиесі, үлгі-өнегесі басым деп білемін. 

– Сөз  соңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы туралы ойыңызды білдіріп өтсеңіз.

– Бұл байқаудың жалпы қоғам тәрбиесінде алатын орны бөлек. Өйткені, байқау талабына сай оған әр өңірдегі өнегелі отбасылар қатыстырылады. Мұның өзі жүлдегерлер мен жеңімпаздар қатарынан көрінген әр отбасының жерлестері үшін сол мекенде оң тәрбиенің негізі қалануына бір себеп. Байқаудың мақсаты – отбасы институтын нығайту, отбасы құндылықтарын арттыру,  бала тәрбиесіндегі  ата-ананың жауапкершілігін арттыру, өнегелі отбасы өмірін жастарға насихаттау. Әр қатысушы осы мақсат үдесінен шығып жатса, бұл біз секілді аға буын өкілдерінің өскелең ұрпақ алдындағы өзіндік үлкен парызының орындалғаны. Біздің отбасымызды «Мерейлі отбасы» байқауына ұсынған ауыл әкіміне, оған қолдау көрсеткен аудан басшылығы өкілдеріне, ерен еңбегімізді бағалап, жақсы қырымызды қалың жұртқа танытып, жүлдегер атануымызға лайық деп тапқан облыс басшысына алғысымыз зор. Байқаудың облыстық кезеңінде 22 отбасы бақ сынаған екен. Солардың арасынан екінші орынды иеленуіміз біз үшін үлкен мәртебе. Мұның барлығы ең әуелі жұбайым екеуміздің бірлескен берекелі ісіміздің нәтижесі, балаларымның, келіндерімнің еңбегінің жемісі. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы алдағы уақытта да лайықты жалғасын тауып, осындай марапат, мадақтар өзге де жерлестерімізге бұйыра берсін. Байқауды ұйымдастырушылардың еңбектері жана берсін.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан – 

 

Динара Батырхаирова

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
12.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.12.2024 61
АУДАНДА БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі - 04.12.2024 49
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 138
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 121
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 534
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 504
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 523
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 520
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 514
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 531
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 519

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9139
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12376
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10142
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11352