Президенттің жылдың ұлттық басым бағыттарын жыл сайын айқындауға бағытталған бастамалары қоғамнан қолдау тауып келеді. Президентіміздің өзі жыл сайын БАҚ сұхбат беруді дәстүрге айналдырды. Ол сұхбатта ұлттың басым бағыттары әңгімеге арқау болады.
Президенттің жыл сайынғы ұлттық басым бағыттарын сарапшылар ел дамуының стратегиялық жоспары ретінде бағалайды. Олардың пікірінше, бұл бастамалар саяси жаңғыру, экономикалық тұрақтылық және әлеуметтік саланы жақсартуға бағытталған.
Сарапшылардың айтуынша, басты назар аударылатын бағыттар:
Цифрландыру және инновация: Электронды үкіметті дамыту және жасанды интеллект дәуірінде цифрлық өзгерістерді енгізу.
Саяси реформалар: Ұлттық құрылтай аясында елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңарту.
Экономикалық даму: Инвестиция тарту және халықаралық серіктестікті нығайту (мысалы, Қатармен байланыс).
Әлеуметтік бастамалар: Халықтың тұрмыс сапасын арттыру.
Сарапшылар бұл шаралардың елдің жаңа тұрпатты дамуына жол ашатынын атап өтеді.
Саясаттанушы Ермек Тоқтаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатындағы маңызды мәселелерге былайша баға беріпті. “Бүгінгі таңда цифрлық трансформация мен жасанды интеллекттің (ЖИ) дамуы әлемдік үрдіске айналып отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бұл мәселелердің мемлекет дамуындағы маңызы айрықша атап өтілді. Цифрландыруды тек мемлекеттік органдардың немесе IT мамандарының ісі деп қарауға болмайды, ол қоғамның әр саласына әсер ететін ауқымды үрдіске айналды. Президенттің мәлімдеуінше, еліміздегі электронды үкіметтің дамуы әлемдік рейтингте 24-ші орынға көтерілуіне ықпал етті. Бұл – маңызды жетістік, дегенмен одан әрі сапалы өзгерістер енгізіп, инновациялық шешімдерді батыл түрде жүзеге асыру қажет. Сондай-ақ, банктік және қаржылық сектордағы цифрлық экожүйе қалыптасып, халықтың күнделікті өмірін оңайлата түсті, - дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, жасанды интеллекті кеңінен қолданысқа енгізу орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады.
Astana Hub технопаркінің жұмысы да отандық IT саласының өркендеуіне тың серпін беріп келеді. Мұнда отандық және шетелдік стартаптар бір алаңда бас қосып, тәжірибе алмасуда. Жасанды интеллект бағытындағы жобаларда KazLLM сынды қазақ тілінің үлкен тілдік моделінің алғашқы нұсқасы жасалды. Бұл – ұлттық тіл мен мәдениетті қолдап қана қоймай, жалпы білім беру мен инновациялық өндірісті дамытудағы үлкен қадам. Сонымен қатар, жасанды интеллектті кеңінен енгізу барысында құқықтық және этикалық мәселелер туындайтыны сөзсіз. Президенттің айтуынша, ЖИ технологияларын реттеу мен оларды жауапты қолдану үлкен маңызға ие. Бір жағынан, жасанды интеллект мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі сапалы көрсетсе, екінші жағынан, киберқауіпсіздік, жалған контент пен алаяқтық секілді қатерлерге тосқауыл қою қажеттігі туындайды, - дейді Ермек Тоқтаров.
Түркістан облысының білім саласының қызметкері Раушан Құдайбекқызы Президент көтерген мәселелер еліміздің келешегі үшін аса маңызды екенін былайша жеткізді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсу – мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» деген сөзі әрбір өндірістік салада қызмет етіп жүрген ұстаздар мен мамандардың жүрегінен шыққан ой деп білемін. Шын мәнінде бүгінгі күнде еліміздің дамуы мен экономикасының тұрақтылығы – нақты салаларда еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандардың қолында. Жастардың өндірістен қашпай, өз мамандығы бойынша еңбек етуі – елдің дамуына қосқан үлесі.
Біз ұстаздар қауымы сол мамандарды даярлаудың алдыңғы шебінде тұрмыз. Әр шәкірттің қолына берілген кәсіби дағды оның болашақтағы табысының кепілі ғана емес, мемлекетіміздің өркендеуіне қосылған үлесі. Еңбек адамының мәртебесін көтеру тек мемлекет міндеті ғана емес, әрқайсымыздың жүрегіміздегі миссия. Сол себепті президенттің бастамасы – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып қана қоймай, жастардың болашағына бағыт-бағдар беретін үлкен тарихи қадам деп есептеймін», – дейді Раушан Құдайбекқызы.













