Ұлттық өнер мен ғылымды ұштастырған жарлысулық жас өрен

Ұлттық өнер мен ғылымды ұштастырған жарлысулық жас өрен
Талапшыл жеткіншектерді көргенде, елдің ертеңі жарқын боларына үміт ұлғайып, көңілге сенім ұялайды. Әсіресе жаңа техниканың тілін меңгеріп, өз бетінше ізденіп, ғылыми ізденіске түскен әрекеттері қуантады. Жас та болса, талабы таудай жеткіншектерді Т.Рысқұлов ауданының Жарлысу ауылындағы Айтқұл Шынасилов атындағы орта мектебінен кездестірдік. Осы мектептің түлегі Шапағат Әсілбек ғылыми жобасымен республикалық байқауда топ жарып, өзінің таңдаған мамандығы бойынша Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің білім беру грантын жеңіп алды.

Республикалық ғылыми жобалар конкурсында Шапағат Әсілбек «Құрылымдық комбинаторикадағы комбинация мен пермутация» тақырыбындағы зерттеу жұмысын сәтті қорғап, күміс медаль иегері атанған болатын. Осы жеңісімен ол оқу грантын да жеңіп алып, болашағына баянды қадам басты. Зерттеу барысында оқушы комбинация мен пермутация ұғымдарын тек теориялық тұрғыдан ғана емес, нақты өмірлік мысалдар арқылы да зерделеді.

– Жұмыстың ауқымы кең. Атап айтсақ, онда музыкалық композициялардағы әуен терулері мен орналастырулары арқылы шығармашылық мүмкіндіктерді арттырып, болашақта музыкалық композиция жасаудың автоматтандырылған тәсілдерін дамыту жолдарын ұсынады. Шахмат жүрістеріндегі комбинациялар арқылы жеңу ықтималдығын арттырып, көлік нөмірлеріндегі (VIP) комбинациялардың сиректігіне қарай экономикалық пайдасын есептеу сынды бағыттар қамтылған.

Айта кетерлігі, музыкалық тақырыпты зерттеу барысында жас ғалым қазақтың ұлттық аспабы – домбырамен танысып қана қоймай, оны тартып үйренді. Зерттеу жұмысын өнермен ұштастырды. Бұл еңбегі жобаның мазмұнын тереңдетіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Жас ғалым аудан мектептерінің математика пәні мұғалімдеріне арналған «Білім сапасын арттырудың басты бағыты – педагогтердің шығармашылық әлеуетін қалыптастыру: Ізденіс. Шеберлік. Тәжірибе» тақырыбындағы оқу-әдістемелік семинарда өз жұмысын көпшілік алдында қорғап, тәжірибесін бөлісті.

Осы республикалық жетістігі үшін аудан әкімі Ернар Есіркепов алғыс айтып, өз тапсырмасымен аудан орталығындағы билбордқа суретін ілдірсе, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те алғысын білдіріп, қаржылай сертификат табыс етті. Бұл жеңіс – Шапағат Әсілбек үшін мектеп бітірер алдындағы үлкен жетістік қана емес, ғылым мен өнердің үйлесімді үндестігін дәлелдейтін жарқын үлгі, – дейді жоба жетекшісі, математика пәнінің мұғалімі Гүлнар Самбетқұлова.

Гүлнар Жолдасбекқызы – ғылымға құштар, білім алу жолында еңбекқор біраз шәкіртті тәрбиелеп жүрген ұстаз. Өткен оқу жылын білімімен жеңімпаз болған Шапағаттай шәкіртінің қуанышымен қорытындылаған мұғалімнің алдағы жаңа оқу жылында да озат оқушыларды дайындауға көздеп отырған жоспарлары бар. Ізденімпаз ұстаздың алдынан білімпаз шәкірт шығатынына тағы бір көз жеткізген мұғалімнің ағарту ісіндегі қызметіне сәттілік тілейміз.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

02.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Көтердім 51 пұт кірдін тасын
Б.МЕРГЕНБАЕВ, «Аманат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі - 31.08.2025 178

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17129
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16977
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32162
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30755
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34391