Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында: «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпы халықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі Қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады. Ұлттық құрылтайдың құрамында еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауылшаруашылығы жұмысшылары, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді. Осылайша сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасады. Ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады деп атады».
Біздің бастамамыз қолдау тапты
Президент: «Бұл құжат, ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген» деді. Дөп басып, шынайы айтылған сөз. Мысалы жоғарғы «Ұлттық Құрылтай» – құруды ұсынуыосының бірден бір дәлелі. Ұлттық құрылтай шақыруды халық талқылап, қарапайым қатардағы қазақтар бастама көтеріп алғашқы құрылтайды «Жалпы Ұлттық Құрылтай»- атауымен өткен жылдың 27 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласында өткізді. Құрылтайға барлық өңірден ұлтқа жаны ашитын, мемлекетінің бекемдігін, елінің өркенін ойлаған 300-ден астам белсенді азаматтар жиналды. Елдің жағдайына байланысты сан қилы оқиға,пікір ұсыныстар айтты. Кім сөйлегісі келеді – барлығы сөйледі. Құрылтайдың орталық кеңес, өңірлік өкілдерін сайлады. Олар қарар қабылдап Президент Қ.Тоқаевқа 3 бөлікті 30 тармақтан тұратын талаптарын жолдап, бетпе-бет кезігіп, ауызша айтатын басқа да ұсыныстары барын жеткізіп, жеке қабылдауын өтінді. Өкініштісі, құрылтайдың жолдаған талаптары ескерілмеді. Ұсыныс талап Президент Қ.Тоқаевқа жетті ме, жоқ па белгісіз. Елеусіз ғана, күнделікті жағдайды баяндаған Ақпарат және қоғамдық даму вице минстрінен жауап келіп, құрылтайды бастама көтеріп өткізген, жиналған көпшіліктің наразылығын туғызды. Қарарда ел жағдайының нашарлығы, тәуелсіздігімізге нұқсан келгелі тұрған жайларды анық баяндаған болатын. Нақты ұсыныс, алда болуы мүмкін қауіп-қатерлер, дәлел-дәйек ескерілмеді. Қарарда айтылған келеңсіздіктердің алдын алмағандықтан «Қаңтар оқиғасы» орын алды деуге негіз бар. Құрылтайдың орталық кеңесі «Қаңтар оқиғасынан» соң жоғарғы талаптарды екінші рет Президент Қ.Тоқаевқа қайта жолдады. Қаңтардағы жан ауыртқан оқиғадан сабақ алды ма? Әйтеуір бұл жолы қарардың талаптарына мән беріп жағымды жауап келді. Бірақ Президент Қ.Тоқаевпен кездесіп ашық алаң жасап пікір алмасуы болады делінгенімен, уақыт аз болды ма, кездесу болмай, осы жаңа жолдау жасалып, жоғарыдағы «Ұлттық құрылтай құру» ұсынысы халыққа жолданды. Кеште болса, түсіністік орын алды, елге қайырлы іс болса болғаны.
Ұлттық құрылтайды ұйымдастыру қалай басталды?
Қоғамдық ұйым, қозғалыс, партиялардың тыңдап, әртүрлі жиындарға қатысып, көтерген мәселелелерін тыңдап жүрген қарапайым қазақтың ақсақалдары Нағызхан, Аманғазы, Мамырбайлар дастархан басында қазақ елінің, қазіргісі мен келешегі жайын кеңеседі. Кеңесе келе «Ұлттық құрылтай» шақыруға уағдаласады. Уағдаларын қоғам, партия белсенділеріне айтып қолдап, бірігуді ұсынады. Партияларын тіркете алмай жүргендер аузы күйген үрлеп ішедінің кері ме, әлде атақ дәрежесі жоқ 3 шалдың көктегі қиялы деген бе, қолдайтындар шықпайды. Сол кезде ақсақалдар жаңа партия құрып жүрген, бірақ тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының жетекшісі Н.Алтаевқа кезігеді. Ол ақсақалдарды тыңдап ойлана келе ойларыңыз санама қонды. Қолдауға тұрарлық, біздің офисте игі істеріңізді жалғастыра беріңіздер деп құп алады.
Бұл жайлы бастамашылардың бірі Аманғазы Зейноллаұлы былай баяндайды: «Құрылтай шақыруды Н.Алтаев қабыл алған соң ұйымдастыруға кірістік. Қоғамдық жұмыс жасауға білім, тәжірибеміз аз, қарапайым адамдармыз. Қатарымызды толықтырып, сауатты, белсенді деген азаматтарға бардық, кездестік, қатарымызға шақырдық. Жиындар өткіздік. Қоғамға танылып жүрген С.Ерғали, Е.Али, Ж.Шәмші қатарлы азаматтар ақыл-кеңестерін айтып қолдады. Олардан құрылтайды басқарудыда өтіндік. Бірақ олар қош көрмеді. Жиындарға келіп қатсып, жалынды, орынды сөз айтып, ой қозғап жүрген басқа да көп жастарға ұсыныс айттық. Ешкім құлшынып шықпады. Тек Н.Алтаев және оның қызметкерлері құрылтайды өткізуге белсене кірісті. Бірақ ортамызда жүрген кейбір белсенді азаматтар «Ел тірегі» партиясына күмәнмен қарап, солардың жобасысыңдар деп, орта жолдан шегінді. Біз ел сеніміне ие болу үшін, Құран ұстап ант беруге мәжбүр болдық. Бастама көтерген үшеуміз және арамызда Н.Әлтаев бар, Құран ұстап ант бердік. Оған өздерің куә болдыңдар. Кейіннен өздерің келіп, қатарымыз толығып құрылтайды өткіздік. Жалпысы халықтың көңілінен шықты, ұнады, қолдады».
Нағызхан Қажыұлы: «Аманғазының айтқандарына қосарым: өткен ғасырдың аяғында ауыл тарап, мемлекет мүлкі талан-таражға түсті. Ауыл аңырап, қаңырап бос қалды. Ауыл халқы қалаға ағылды. Менің өзім ауылда жаңа зәулім үй салдым. Иен ауылда қалай тұрасың? Қалды бос. Міне жаппай талан-тараж, сыбайлас жемқор жүйенің араны күн сайын ашыла берді. Елдің әл-ауқаты нашарлап, әсіресе ауыл тозды, жер қалталылардың қолында кетті. Аяғы міне елді құрдымға кетіруге шақ қалды. Әлі ес жия алмай отырмыз. Ауыл тарап Астана салынды. Қалаға жақындадық. Бірақ, халықтың мұң-мұқтажы ескерілмеді. Сайлаулар әділетсіз өтті. Сот жүйесі, құқық қорғау органдарында жемқорлық жайлады. Билік басындағылар халықтың мүддесін емес, қалта мен қарын, ағайын жақын туыстарының күнін күйттеді. Жер дауы шықты. Сайлау жүйелеріндегі әділетсіздік, қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерге жанымыз ауырып жүрді. Өткен жылы АЭС саламыз, Ресей банкіне береміз деген хабар шықты. Осы сияқты тәуелсіздігімізге нұқсан келетін жайттарға алаңдаған қоғам белсенділерімен бірге болдық. Осы жайды жоғарыда Аманғазы айтқандай біздің үйде, дастархан басында кеңесіп отырғанда «Ұлттық құрылтай» шақыру идеясы туындаған еді.Бұл ойымызды еліне, ұлтына жаны ашыған азаматтар Н.Алтаев, А.Омар қолдап, көмектесті. Н.Әлтаев құрған «Ел тірегі» партиясына кей азаматтар күмәнмен қарап, Ұлттық мүддені қорғау кеңесін, партияның ойлап тапқан кезекті қойылымы деп сынаққа алды. Басында бізге қаншама адамдар келді. Жиналды, ой-пікірлерін айтты. Соңында табансыздық танытып, айтқандарынан көбі айнып кетті. Кейіннен ақмолалықтар, соның ішінде Ұлы хан Абылай 48 жыл ордасын тіккен көкшетаулықтар өздерің келіп жігерімізді жанып, қолдап, атсалысқандарыңның арқасында құрылтай өтті. Нәтижелі болды. Нәтижесі мынау, ең қуаныштысы ел Президенті Қ.Тоқаевқа халықтың үні жетті. Ұлттық құрылтай құрылатын болды. Бұны «аққа құдай жақ» дейді қазақ.
Мамырбай Орыс: «Ұлттық құрылтай шақыру жайлы Нағызхан, Аманғазы ақсақалдар нақты айтты. Бастаманы үшеуміз бастадық. Ұлтқа жанашыр азаматтар, халық қолдады. Ең маңыздысы жоғарғы билікке жетті. Бұл мемлекет құрушы ұлт өз деңгейінде болуы шарт деген ұғымды дәлелдеп берді. Шеттен келген қандаспын. Атажұртым, ұрпағым үшін деп, туған елді тастап келгенде қазақ елі кері кетіп, талан-таражға түсіп жатса, ел тәуелсіздігіне нұқсан келіп тұрса, ұлт үшін жан беруден басқа амал бар ма? Осылай жігерімізді жанып істі бастағанбыз. Міне, нәтижемен аяқтадық. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды болатынына нық сеніммен қараймын. Президентіміз Қ.Тоқаев соңғы кездерде нақты қадамдар жасап, халқы елі үшін игі іс атқаруға қамданып жатыр. Көпшілік халық қолдауда. Менде қолдаймын. Жағдайдың күрделілігіне орай әртүрлі жағымды, жағымсыз ой пікірлер айтылуда. Бірақ, өз басым сабырмен қарап, уақыт төреші деп білемін».
Бақытжан Анасқызы: «Мен 2012 жылдан бері қоғамдық жұмыспен айналысып жүрмін. Менің туған ауылым Солтүстіктегі Балуан ауылы. Осы ауыл алаяқтарға алданып, пайға алған жерінен айрылып қалды. Ауыл жүдеп, тарап кетті. Жер дауға айналып биліктегілер, қоғам белсенділері, оппозиция серкелерімін дегендерменде қаншама кезіктім. Нәтиже шықпады. Дауда жеңе алмадық. Сыбайластар өз дегенін істеді. Соңғы рет ауылдың жерін алған инвестор жердің бәрін қорып, қоршап, мал жаю тұрғай өзен-көлдің маңына баруға тыйым салды. Көлді қорып, тұрғындарға балық аулатпады. Ауыл жұрты ғана қалды. Осылай айтысып тартысып жүргенде осы Ұлттық мүддені қорғау кеңесіне жағдайымды айтып, келешектен үміт күтіп бастамашылармен бірге жұмыс істеп жүрмін. Бірге іс атқарудың нәтижесінде «Жалпы ұлттық құрылтай» өткіздік. Халық жылы қабылдады. Міне «Ұлттық құрылтай» құрылатыны белгілі болды. Қуанышпен қолдап отырмын. Ұлт мүддесін қорғауда нәтижеге жетеміз деп үміттенемін. Ұлт мүддесіне ел, жер, тіл, салт -санамыз, мемлекеттің тұтастығы, өркені бәрі қамтылады. Еліміздің қәзіргі жағдайына қатты алаңдаймын. Жастарымыздың тәлім тәрбиесінде үлкен ағаттықтар орын алып жатыр. Мен өзім ұстазбын. Ауылда мұғалім болдым. Ел, жер үшін күресімді жалғастыра берем. Біздің ұлтық мүдені қорғау кеңесі «Ұлттық құрылтай» жанынан табылатынына сенімдімін. Өйткені «Ұлттық құрылтайдың» негізін қалап, нәтиже беретінін елге аян еттік. Игі іс тоқтамайды, тыңғылықты жалғасады».
Құрылтай елдің, мемлекетіміздің тұтастығына, халықтың береке, бірлігі ауызбіршілігін нығайтуға зор ықпал ететіне кәміл сенуіміз керек. Ұлттық құрылтай аты қалып, заты өшкен ұлттық идеологияны жаңғыртып, болашақ жастарымыздың ой-санасына отаншылдықты сіңіруміз керек. Ұлттық идеологияны қалыптастырудың негізі болып ұлттық мүдені қорғау, отанды, елді, жерді сүю, патриоттық сезім бірінші болып тұруы шарт. Себебі Қазақстан Республикасын құрып отырған ұлт – қазақ ұлты. Олай болса, қазақтың тілі, мемлекеттік тіл өз мәртебесін иеленуі керек. Құрылтайдың барлық іс қағаздары, сөйлеген сөз, баяндамалар барлығы мемлекеттік тілде болуы шарт. Бұның бәрін мектепте халықтық педагогика пәнін кіргізу арқылы, ұлттық сананы әр балаға жастайынан сіңіріп, ұлт тұлғасын қалыптастыру керек. Жаңа Құрылтай сөзден іске көшіп, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, көкейінде жүрген мәселелерді шешуге тиіс. Ұлттық құрылтай демократияның жаңа негізін қалауы керек. Қазақтың өзіндік дала демократиясы бар. Хан, билер сайланып, қарашасы ханға дат айтатын құқықтары болуы керек. Далалық басқару жүйесінің тиімді тұстарын құрылтайдың басқару жүйесіне енгізу керек.
Бабаларымыз құрылтай шақыру үрдісін қашан бастап, негізін қалай қалаған?
Түркілер тарихында құрылтайлар шақырылған жайлы айтылады. Бірақ, нақты дерек табылмады. Көшпенділер тарихында алғашқы құрылтайды Монғолдың ықпалды би-шонжарлары 1189 жылы ұйымдастырып Темуджин барша монғолдың ханы сайлайды. Кейін 1206 жылы шақырылған жиын Ұлы құрылтай аталады. Ұлы құрылтайда Ұлы Монғол империясы орнағаны әлемге жарияланып, Темуджинді Ұлы хан, яғни Шыңғыс қаған деп, ұлықтайды. Құрылтайдың негізін қалаушы ретінде Шыңғыс қағанды таныса болады.
Қазақ құрылтайларының тарихы Талас жерінде 1269 жылы Қайду ханның ұйымдастыруынан басталады. Ұлы құрылтай Алтын Орда мен Моғолстан мемлекетінің негізін қалайды. Бұл құрылтайдың қазаққа тиесілі болу себебі. Ұлы түрік қағанаты, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері – Қазақ хандығы екендігін тарих айғақтаған. Атап өтсек Талас құрылтайы арқылы Шыңғыс хан құрған ұлы империя ыдырап, түрік-ислам өркениетін ту еткен жаңа, дербес 3 мемлекет – Жошы, Шағатай ұлысы және Моғолстан бой көтерген екен.
Шыңғыс қағаннан басталып, қазақ даласына жеткен құрылтай орыс отарлаған 300 жыл, кеңестік қызылға 70 жыл бодан болған жылдары санадан өшіп, ұмытылды. Зерттелмеді, тәуелсіздік жылдары там-тұмдап құрылтайлар, хандық басқару жүйе зерттелді. Бірақ мардымсыз. Мысалы, Қазақ хандығының «Күлтөбенің басында күнде жиын» атанған Әз-Тәуке (1678-1718) шақырған алғашқы құрылтай қай жылы болғаны жайлы нақты дерек жоқ. Осы құрылтайда қазақтың алғашқы заң жинағы «Жеті жарғы» қабылданды. Заң, ережені жазуға Әз-Тәуке өзі бас болды. Оған қатысқан Төле, Қазбек, Әйтекені үш жүзге би сайланды. Жеті жарғыны жазу, хандық жүйені басқаруда дін егелері қожалардың рөлі де маңызды болғаны байқалады. Себебі Ислам дінінің ғұламасы, әулие Мүсірәлі сопы әзиз үш жүздің бас пірі болады. Осы сайлауларды кей деректерден саралап көрсек, нағыз дала демократиясы негізінде болғанын көреміз.
«Жеті жарғы» заңын қабылдау арқылы XVII ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің алдын алады және қазақ ұлтының ауызбіршілігін сақтап қалды. Мемлекетті нығайтуға Тәуке хан бұрын қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары және алдыңғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» қағидасын жетілдірді. Одан кейінде қазақ хандары бастама болып Қарақұм құрылтайы – 1710, Орда басы құрылтайы – 1726 жылдары шақырылған екен.
Ордабасы жиыны қазақ жеріне баса-көктеп кіріп, бейбіт елді қырып-жойып «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретіне душар еткен жоңғар басқыншылығына қарсы күрес үшін шақырылды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт мәселесін көтерген Дүниежүзі қазақтары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, басқа да ұйым, жеке белсенді топтың бастамаларымен үлкенді-кішілі біршама құрылтайлар өтті. Нәтижесіне халық баға бере жатар. Осы құрылтайлардың ішінде қарапайым халықтың ортасынан шыққан белсенді тұлғалар жиналған Ұлттық мүддені ұлықтаған, ұлттық ой-сананы жетілдіріп, патриоттық сезімді дер кезінде оятқан 2021 жылдың 27 қарашасында шақырылған алғашқы «Жалпы Ұлттық құрылтайдың» орны ерекше деп білген жөн. Бұл құрылтайдың ерекшелігі, мән-мағынасы, мақсат-мүддесін халықта ел Президенті Қ.Тоқаев терең түсініп, «Ұлттық құрылтай» құруды ұсынғаны өте қуанышты оқиға. «Ұлттық құрылтай» арқылы елді қалай басқару, билікпен халықтың арасына дәнекер болу, ұлттық мүддені қорғауда үлкенде ауқымды жұмыстарды атқаруға болатынын халық та, билік те түсінген сияқты. Ертедегі көшпенділер, қазақтар биін ханның жарлығы арқылы сайламаған. Ауылдың ақылды, шешен, батыр адамдары арқылы сайланған. Би мен сұлтандар ру басыларының қалауымен, халықтың араласуымен сайланған. Біздің дана да, дала халқы демократияға сонау ерте заманнан бейім болған. Бұл қазақтардың ұлттық демократиясы. Әрине оны жетілдіру заман талабы. Бірақ негізіден ауытқымау керек. Ал қазақтың тәлім-тәрбиесі, әдеп-ғұрпына келсек, мағынасы мәнді, үлгі өнегесі ұлтына жағымды, сыйластыққа негізделген. Қазақтың бәрі басшы, би болу қабілетке сай болмаса да, көбі әр іске икемді екені ата-тектен жалғасқан үрдіс. Қазақтың: «Болар бола он бесінде баспын дейді» деген тәмсілін әркім біледі. Бірақ не үшін, қандай мағынада айтылғанын біле бермейді. Бас болатын осындай жеткіншектерді билік басына, білімге ғылымға, ұстаздыққа ұлттық идеологияны сіңіре отырып баулу керек. Біздің қазіргі билік, жалпысы биліктегілер ғана емес ғалым, ұстаз, ойшылдардың өзі – орысша ойлап, орысша сөйлейтіндіктен, ұлттық санадан жырақ қалған. Ұлттық мүдде, ұлттық мүддені қорғау дегеннен жұрдай десе де болады. Біз өзге тілді сөйлесе де, ұлт үшін күреседі, патриот білімді, жүрегі таза деп жеке тұлғаларды мадақтаған жазбалар көп. Ана тілін білмесе, анасын қалай құрметтейді? Анасына құрметі жоқтың, Отанға құрметі сүйіспеншілігі бола ма? Отан – Ана. Бір мүдде, бір тілде сөйлейтін мемлекет болуымыз керек. Осыны әу бастан шегелеп алған жөн. Өзге ұлт өкілдері, ішкен суын, жеген нанын ақтап, мемлекетті құрметтесе, қазақша сайрап кетеді. Сайрап жүргендер де баршылық.
Ұлттық құрылтай ұлт мүддесі үшін жұмыс жасауы тиіс. Қазақ ұлты мемлекетті құрушы ұлт ретінде танылып, оны әр қазақ сезінетін болсын. Әрине Қазақстанда өмір сүретін этнос, ұлт өкілдері мемлекет азаматы ретінде бар жағдайда тең құқылы. Бірақ Қазақстанда тұратын этнос өкілдері өз ұлтының салт-дәстүрі, тілін ардақтаумен қатар, қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын ұлықтап, мемлекеттік тілді білуге міндетті.
Ұлттық құрылтайдың қарары, баяндамалары, жарғылары, барлық іс қағаздары тек қана мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс.Қазақтың дала демократиясының тиімді жағын ала отырып, ұлттық идеологияны қалыптастырған жаңа заманға сай ұлттық демократия орнатқан жөн. Қазақтың «Ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ ауыз сөз тәлім тәрбиесінің ауқымын кеңейте отырып, ұлттық тәрбиені жас ұрпақтың санасына сіңіру арқылы, ұлт патриоттарын қалыптастыру қажет. Ұлттық құрылтай құрылған жағдайда Ұлт мүддесіне жұмыс жасап отырған Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамын» этностар мұңын мұңдап отырған Қазақстан халқы Ассамбелясын таратып, Ұлттық құрылтай жанына қосу керек. Бұлардың үшеуі де ұлт мәселесі, тіл мәселесімен шұғылданатын қосақталған ұйымдар. Біріктіру арқылы Ұлттық құрылтайдың ауқымы кеңейіп, арақатынастар нығайып, елдің, ұлттың мәселесін біріктіріп шешуде тиімділігі артады. Бұл қаржы үнемдеуде де маңызы зор. Ұлттық құрылтай жанында «Жаңа Қазақтанды құруға жұмыламыз және бақылаймыз» деген мақсат тұтқан «Тәуелсіз халық бақылаушы» ұйымы болған дұрыс. Олар басқа тәуелсіз бақылаушы ұйымдарымен бәсекелестікке түсе отырып, әділдіктің үлгісін басқаларға көрсетуі керек. Олар әр сатыдағы сайлауда, күнделікті өмірде, қоғамның әр саласына жіті қарап, кемшіліктерді түзеуге ықпалды болғаны жөн. Жалпы Ұлттық құрылтай ел, ұлт үшін өте ауқымды іс атқарады деп сенген жөн. Былтыр өткен Жалпы Ұлттық құрылтайды ұйымдастырған бастамашыл топтың қатары ұлғайып, үлкен бір қоғамдық ұйымға айналды. Осыған сай құрылтай кеңесінің мүшелері ақылдаса отырып, «Ұлттық мүддені қорғау» РҚБ құрып, құжаттарын әділет орнына тапсырған. Құрылтай кеңесі құрылтайда сайланған «Халық қалаулыларына» арнайы куәлік, төсбелгі дайындады. Бастамашыл топ тіркеуге берген қоғамдық ұйымның мақсат, мүддесі, жаңадан құрылатын Ұлттық құрылтайдың мақсат-мүддесіне сай келеді деп ойлаймыз. Олар Ұлттық құрылтайды ұйымдастыру, басқару тетіктерін бірігіп атқарамыз деген сеніммен отыр. Сонымен қатар ұйымдастырушылар бастамамыз, жоспар, жобамыз жаңа құрылтай құрылғанда ескерілмей қала ма деген, күдікте жоқ емес.
Алаңдаған бастамашыл топ Қазақстан Республикасының Президент әкімшілігіне, Мемлекеттік хатшы Е.Каринге хат жолдап, өз ойларын айтып, ақыл-кеңес алуға қабылдауына жазылып, нақты ұсыныстарын дайындау үстінде. «Жалпы Ұлттық Құрылтайды» ұйымдастырған бастамашылар, қазір «Ұлттық мүддені қорғау» РҚБ мүшелері, ұлттық құрылтайдың негізін қалаушылар ретінде жаңа құрылатын «Ұлттық құрылтай» жанынан табылып, елдің өркені, ұлттық мүдде үшін бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз деп мәлімдейді.