ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ ЖЕЛ ӨТІНДЕ ТҰР ҺӘМ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНІҢ КӨСЕГЕСІ ҚАШАН КӨГЕРЕДІ?

  ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ ЖЕЛ ӨТІНДЕ ТҰР  ҺӘМ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНІҢ КӨСЕГЕСІ ҚАШАН КӨГЕРЕДІ?

24 ақпан күні Астана қаласында журналистер үйінде «Ұлттық мүдденің жоқтаушысы - қазақ баспасөзін қолдау керек» атты конференция болып өтті

Бірақ елең етіп  елпілдеп жеткендері де, елең қылмай ерініп келмегендері де жетерлік. Біздің түбімізге осы немқұрайлылық жетпесе не қылсын!   Әттең... әттең!.. Билік тарапынан дөңгелек үстелге қатысуға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі атынан Нұрлыбек Жеңісбекұлы ғана келіпті. Жас болса да бас болуға лайық азамат екен, көпшіліктің сауалдарына шама-шарқынша жауап беріп отырды. 

Сонда дейміз-ау,  қазақ баспасөзінің қиын жағдайына ұлтжанды  шенеуніктер селт етпейтін болса, өзгеге не жорық?! Ұлттық мүдде жайлы биік мінбелерден сағаттап сөйлеуге құмар басшылар қайда? Неге осындайда қасымыздан табылмайды?     

Көңілге демеу болғаны сонау Алматыдан ат арытып келген белгілі жазушы-публицист, қоғам қайраткері, «Президент және Халық» басылымының бас редакторы  Марат Тоқашбаев, Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, республикалық «Үш Қоңыр» газетінің бас директоры Болат Батыр,  «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы мырзаларға айтар алғысымыз шексіз.

Астана шаһарында өткен дөңгелек үстелге модераторлық еткен – «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры Сәуле Мешітбайқызы. Жиынға бастан-аяқ қатысып, сүбелі ойларын ортаға салған халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына,  «Айқын» газетінің белді журналисі Жадыра Мүсілімге,  «kazaknews.kz» және «kazakistan.kz» ақпараттық агенттіктерінің жетекшісі Доған Йылдызға, «Иман» журналының жауапты хатшысы  Кеулімжай Құттыға,  «Қарашаңырақ» бірлестігінің төрайымы Тұрар Сәттарқызына,  публицист, жазушы  Серік Ерғалиға, «Астана» телеарнасынан  арнайы келген журналистерге (олар сол күні кешкі жаңалықтардан көрсетті)  және «ЗУМ» арқылы байланысқа шығып, өз ойларын ірікпей айтқан «Балбұлақ» журналының бас редакторы Мағира Қожахметоваға, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуатқа,  белгілі журналист Жеңіс Оспанға, тағы басқа да белсенділік танытқан азаматтарға Алланың нұры жаусын. Ұлттық мүдде сынға түскенде үнсіз қалу –  үлкен күнә. Кешірілмес қателік.  Талай ұлттардың жер бетінен жойылып кетуіне ауызбіршіліктің аздығы,  ынтымақтың жоқтығы әсер еткенін алаш баласы ешқашан ұмытпауы тиіс.    

Ұлттық мүдде тұрғысынан қарағанда бұл жолғы жиын өзектілігімен есте  қалды. Бұған дейін де «Qazaqstan dauiri» газеті қазақтілді қауымға  арнайы мақала жазып, баспасөздің қиын жағдайы туралы құлағдар еткен. Ол коронавирус құтырып тұрған кез-тін.  Оған да жағдай түзеле қоймағасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға  «Қазақ баспасөзі мерзімді басылымдары басшыларының Ашық хатын»  жолдаған. Ол хат «Ұлттық мүдденің жоқтаушысы – қазақ баспасөзін қолдау керек» деп аталды. 

Жиынға қатысқан және қатыспаған журналистер қауымы бұл ашық хатты қолдады. Оны бүгін ерекшелеп, толықтырып тағы да назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Соңғы жылдары газет-журнал тарату, оған оқырмандар тарапынан жазылу төмендеп барады. Оның себеп-салдары көп. Бұрынғы білім министрлігі тарапынан  «Күштеп, қолқалап жаздыру болмасын» деген астыртын тапсырма да болған сияқты. Соның зардабын енді  тартып жатқан түрі бар. Ол аз болғандай, тендер деген дәу шықты. Оны сынауға, мінеуге болмайды. Тек жақсылығын ғана көріп, жамандығынан жеруге тиіссің. Сонда ғана мақсатқа жетесің. Ұзаққа кетесің! Жасыратын түгі де жоқ, осыдан барып «тендер жарысы»  көптеген басылымды тереңге батырып жіберді. Кейбіреуін құлдыратып құрдымға жіберді. Мұны неге айтпасқа? Тендер шыққалы оқырмандардың газет-журнал оқуға деген құлқы да  азайды. Оған тағы бір себеп әлеуметтік желінің күш алып кеткені. Байлаусыз кеткен ақпараттар ағыны халықты өсек-аяңға, жалған деректерге, айқай-шуға  бейімдеп алды.  Тәуелсіз елдің баспасөзі қауқарсыз болса, қаржысы кем, тұрмысы төмен болса, журналистері жетім баланың күйін кешіп именіп жүрсе, ақпараттың үні бәсең, тілі жұтаң болса, ол мемлекеттің  болашағы жарқын,  келешегі кемел деп ешкім айта алмас. Себебі БАҚ – үлкен құрал. Идеологиялық қару.  Бір ғасырдан астам уақыт бұрын Наполеон Бонапарт «Маған бес түмен әскерден гөрі бес  БАҚ қауіпті» деген екен. Сол қауіп әлі сейілген жоқ. Әлеуметтік желілер күшіне мініп, жылдам ақпарат тарату жүзеге аса бастаса да   БАҚ-тың  «бағын» тайдыра алар емес.  Керісінше, дамудың шыңына шыққан Жапония, АҚШ секілді алпауыт мемлекеттер  әлі күнге қағазға басылған газет-журналға  көзқарастарын өзгертпей отыр.  «Жаңа Қазақстан» жаңашылдығын осыдан бастаса, ұтылмайды.

Осыдан 5-6 жыл бұрын Жапонияның ішкі істер және коммуникациялар министрлігі халықтың ақпарат құралдарына деген сенім деңгейін анықтау мақсатында он үш  жастан жетпіске дейінгі жапон азаматтары арасында сауалнама жүргізген. Сауалнамаға 1500 адам қатысқан. Оның  70,1 пайызы  газет-журнал оқитынын  айтқан. 2012 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан сауалнаманың мақсаты ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің тиімділік деңгейін бағалау екен. 

 Жапон сарапшылары «ғаламтор баспасөзді басып кететін болды» деп қауіптенетінін жасырмайды. Өйткені Жапонияда баспасөздің үлесі әрдайым басым болғанымен, ғаламтордағы ақпараттар тасқыны қоғамға өз әсерін тигізуде. Ақпарат алу тәсілі бойынша Күншығыс елінде портал, сайттардың көрсеткіші газеттермен теңесіп, 2016 жылы 59,1 пайыздан 60,4 пайызға көбейіпті. Ал әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланушылар саны 70 пайыздан асады. Десе де аға буынның ақпаратты негізінен газет-журналдардан алатыны айқын. Жас ұрпақтың ғаламторға әуестігі жалпы дүниежүзілік сипат алып бара жатқаны белгілі. Әлеуметтік желілерге тіркелген жапондардың саны көбейгенімен, баспасөз сенімді ақпарат көзі боп қала береді. Бүгінде ғаламтор негізгі ақпарат алаңы десек те, сауалнамаға жауап бергендердің 33,8 пайызы ғана ондағы мәліметке сенетінін айтқан. Демек, жапонның баласынан    қариясына дейін газеттерді сенімді ақпарат көзі деп біледі. Сараптамада жапондардың 70,1 пайызы газетте жарияланған мәліметке иланатыны айтылған. Ақпараттың нанымдылығы тұрғысынан теледидар 65,5 пайыз болса, ғаламтор содан кейінгі орында. Журналға халықтың 20,5 пайызы сенетін көрінеді. Бізде жағдай мүлде басқаша? Себебі ғаламторды ауыздықтауға биліктің өзі мүдделі емес.  Осыдан барып қалт-құлт еткен қазақ баспасөзі жел өтінде тұр.  

Қазақ баспасөзін  қалай қолдаймыз? Қайтіп  көсегесін көгертеміз? Қазақ баспасөзі қайтсе жанданады, рухтанады?  Тендер мәселесін қайтіп шешкен дұрыс!  Бұл – қазақ еліне, қазақ тіліне жаны ашитын кез келген адамның көкейіндегі ой.  Қазақ халқында жыламаған балаға емшек бермейді деген тәмсіл бар. Қазақ БАҚ-ы жыламақ түгілі, еңіреп келеді, егіліп келеді. Олардың үнін кім естиді? Мына ел, мына жер, мына тіл кімге аманат?  «Ұлттық мүдденің жоқтаушысы – қазақ баспасөзін қолдау керек» атты дөңгелек үстелде  жоғарыда айтылғанның бәрі сөз болды.  Ашына сөйлегендер де, ашыла сөйлегендер де жетерлік. Жиналғандардың жанайқайы биліктің құлағына жетіп, нақты шешім қабылдауға итермелесе, жетістігіміз.  Үніміз жоғарыға жетпесе,  өз қолыңды өзің кесе алмайсың, кемістігіміз! 

 

Сәуле Мешітбайқызы, «Qazaqstan dauiri» ЖШC-нің Бас директоры: 

«Мәжбүрлемеңдер» дегеннің астарында «жазылмаңдар» деген емеурін тұр

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру жөніндегі идеясы негізінен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» туралы тапсырмасынан басталды. Ал мемлекет естуі үшін халық пен билік арасын жалғайтын алтын көпір – баспасөз мықты болуы керек емес пе? Бірақ сол алтын көпір – қазақ баспасөзінің жағдайы қазір аса мәз емес. 2020 жылы біз «Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр!» (20.02.2020 жылы) деген тақырыпта қазақ баспасөзі мерзімді басылымдары басшыларының басын қосып, дөңгелек үстел өткіздік. Сол кезде карантин, пандемияға қарамастан Алматыдағы Ұлттық кітапхананың залы толық болды. Әріптестеріміздің де айтары, толғандырған ойлары мен қордаланған мәселелері бар екен. Жиын соңында барлық түйткілді мәселелерді түйіндеп, Президентке ашық хат жолдағанбыз. https://qazdauiri.kz/news/ulttyq-muddenin-zoqtausysy-qazaq-baspasozi-komekke-zaru Сол кезде-ақ бізді алаңдатқан мәселенің бірі – қазақ баспасөзінің мемлекеттік және жекеменшік болып екіге бөлінуі болған еді. Қазір тіпті қазақ баспасөзі бөлініп, жеке-жеке жіктеліп алды. Жаңа ғана қазақ баспасөзінің ақсақалы, қайраткер Марат Тоқашбаев теледидарға берген сұхбатында мемлекеттік немесе жекеменшік деп бөлуге болмайды, ортақ көзқарас керек. Бүгінгі қазақ баспасөзі төртінші билік өкілі бола алмай жатырмыз деді. Рас. Келешек үшін бәріміз жауаптымыз. Сондықтан бөліну емес, бірігуіміз керек. Мен зерттедім, дамыған елдерде жекеменшік басылымдардың үлесі басым. Америкада екі-ақ мемлекеттік баспасөз бар. Бірақ дамыған Жапония халқының 50 пайызы газет-журналға жазылады. 

Ал біздің биліктің өзі оқымаса, ашық хаттарымыз бен көтерген мәселелерімізге елең етпесе, жауап бермесе, қазақ баспасөзі қалай төртінші билік болады? Билікті айтпағанда, қарапайым оқырман тарту бүгінде үлкен проблемаға айналды. Баспасөзге жазылу жыл өткен сайын қиындап барады. «Мәжбүрлемеңдер» деген бір сөзбен-ақ жазылымның жолын кесті, мектеп, мекемелердің есігі журналистер үшін алынбас қамалға айналды, есігін тас жапты. Руханиятты жақтап, ұлттық құндылықты дәріптеп, руханиятқа жазыл, руханиятты оқы дегенің үшін қылмыскер болу... Мектептер бізді   прокуратура тексереді деп журналистерді кіргізбейді. Баспасөзге жазыл дегеніміз үшін қылмыскер болдық. Иә, қазақ баспасөзінің үлкен бір бас ауруы – баспасөзге жазылу. Осы отырған ортаңғы және біз сияқты алдыңғы буын қазақ баспасөзімен өстік, оқыдық. Ал  қазір мені әже ретінде, ана ретінде қазіргі жастардың құлтемірге, телефонға құл болуы толғандырады. 

Ұлттық құндылықтан, тілден, ділден ажырап барамыз. Қазақ тілі өркендемей жатыр,  балалар мемлекеттік тілде сөйлемей жатыр деп дабыл қағамыз. Оның себебі мен салдарына үңілген кім бар? «Балалар жылы» деп бөркімізді аспанға атып қуандық, алайда сол балалардың рухани қажеттілігін өтей алдық па? Елімізде қазақ тілінде шығатын онға жетер-жетпес балалар журналы бар.  Сөйте тұра көп облыстарда балалар журналына тапсырыс жоқ. Бар болғандарының өзінің талаптары қисынға келмейді, балалардың жас ерекшеліктеріне сай емес. Кішкентай балалардың сана-сезімі, ой-өрісі  жатық тілмен жазылған балалар журналы мен ертегі кітаптар арқылы дамитынын неге естен шығарамыз? Осы мәселе бүгінгі таңда ең өзекті болып тұр. Мемлекеттік тілдің өркендеуі де, өсуі де бала тілінің қалыптасуына байланысты. Кезек күттірмейтін бұл мәселе тез арада шешімін таппаса, үлкен проблемаға айнала түспек!

Біз 2022 жылы «Qazaqstan dauiri» газетінің 30 жылдығында да қазақ баспасөзінің мәселесін көтеріп, дабыл қақтық. Газетіміздің 30 жылдық мерейтойын «Қазақ баспасөзі: бүгіні мен ертеңі» (23.09.2022 жылы) деген конференциядан бастадық. Сол кезде Президентке екінші рет Ашық хат жаздық. Келелі-келелі мәселе көтердік. Оған да жауап болмады. «Еститін мемлекет, еститін үкімет» естімеді. Бүгін тағы көтергелі отырған негізгі мәселе  – қазақ басылымдарына жазылуды «мәжбүрлемеңдер» деген «қара сөзден» арашалап алу. «Мәжбүрлемеңдер» деген сөздің арты…

 

Ертай Айғалиұлы, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы: 

Шешілмей жатқан түйін көп

 

Бұл мәселені бұрыннан қаузап келе жатырмыз. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Осы мәселені билікке жеткізіп, Қасым-Жомарт Тоқаевқа карантин кезінде Ашық хат жаздық. Бірақ әлі де біздің түйіндеріміз шешілмей келеді. 

Ол уақыттан бері үш министр ауысты. Баяғы жартас – сол жартас.  Алматыға бірнеше рет бас редакторларды жинап, кездесу ұйымдастырған. Нәтиже жоқ. Бос уәдемен тойдыртып қайтады. Дархан Қуандықұлы БАҚ жай-күйін жақсы білетіндіктен, өзі сол салада қызмет еткендіктен, оған үлкен сенім артып отырмыз.  Хатқа шолу жасап өтсек:  

Бірінші мәселе. Мектепке барсаң, есігі тарс жабық. Кіргізбейді. Мәжбүрлемеңіздер дейді. Бюджеттік мекемеге барсаң да сол. Әр өңірді  «Ауыл – ел бесігі» экспедициясының аралауымен тиражды әзер дегенде 10 мыңға жеткізіп отырмыз. Бұл – дабыл қағарлық мәселе! 

Республикада 11 мыңдай мәдениет министрлігіне бағынатын кітапхана, 7 мыңдай мектеп бар. Барлығы ең болмаса бір данадан жазылса, 18 мың болатын еді. Біз де қаржы жағынан қиналмайтын едік.

Екінші мәселе – мемлекеттік   тапсырыстың аздығы. Ол қаражат бір айлыққа да жетпейді. Амал жоқ, кадр қысқартылады. Нәтижесінде сапасыз газет басылады.  

Тендер мәселесінде мынандай сорақылық пайда болды. Материал екі тілде басылуы шарт. Мемлекеттік тілде жарияланатын баспасөз, тендердің талаптарына сай болып, қаражат алу үшін материалдарды қазақ-орыс тілдерінде беруі тиіс. Бұдан өткен сорақылық бар ма?! Біз Ресейде        отырмыз ба? 

Үшінші мәселе – «Дәуір» баспасы. 90-жылдары газет 350 мың тираж болатын. Алматы мен  Астана қаласында қазақ баспасөзіне арнап жаңа ғимарат берілсе немесе сол баспаны қайтарып берсе.  Қаншама басылым әр жерде қаңғып жүр. 

Дүңгіршектер мәселесі. Ол да жоқ. Астанада бір-ақ жерде сатылады. Басқа жерде  жоқ.  Қазақ газеттерінің жағдайы нашар. Айта берсең мәселе көп, алайда шешімі жоқ. Оны еститін билік те жоқ!

 

Марат Тоқашбаев: ҚАЗАҚ журналистикасы – ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ құрудың қолдаушысы  | Qazaquni.kz | Қазақстан жаңалықтары | Қазақ үні сайтыМарат Тоқашбаев, жазушы-публицист, қоғам қайраткері

Билік бүгіншіл, халық ертеңшіл...

 

Қазақ баспасөзінің айта берсе таусылмайтын жыры көп. Осы жиынға қатысуға ұсыныс жасалғанда көп ойландым. Ақырында көкейімде жүрген кейбір ойларымды айтайын деп әдейі келдім. Қазақ баспасөзі емес, жалпы Қазақстанның дамуы қай деңгейде деген сауал көкейде тұр. Негізі қазақ баспасөзі мемлекеттің бағытына қарай ыңғайланады. Соған көмекші болуға әркез даяр тұрады.  Дұрыс бағыттан ауытқып бара жатса, жөн сілтейтін компас тәрізді. Осы тұрғыдан көз жүгіртсек, бізде тұтқа ететін, бағыт ететін қандай құжат бар? Әрине, Алашорда қайраткерлерінің бағыты.

1990 жылы 25 қазанда Егемендік декларациясы қабылданды. Аталмыш құжатта: мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығы, қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығы және мемлекет қазақ халқының дамуына жауапты деген қағидалар бар.  

1993 жылы 28 қаңтарда  Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Араға 2 жыл салып, 1995 жылы 30     тамызда аталмыш құжатқа  қайта қол қойылды.  Қазіргі қолданыстағы Конституция референдум арқылы қабылданып, онда негіз болуға тиісті қағидалар мен баптар алынып тасталды. Мемлекет қазақ халқының  дамуына жауапты деген қағидалар жоқ. Ұлттық мемлекетті құруға бағытталған декларация қағидаларының орнына, Америка Құрама Штаттарының азаматтық мемлекетті құрудағы бағыттарын ұстанып кеттік. Соның  салдарын қазір кез келген саладан көріп келе жатырмыз. 

Жаңа Қазақстанды құрудағы  сәтті пайдаланып, мемлекетті шынайы бағытына қарай бұрылуына атсалысып, көмектесуіміз керек. Билікке жақпай қалады деген қорқыныш болмау керек. Қоғамдық сана, пікір қалыптасып, бойұрып бара жатқанын көрген билік, онымен санасуға мәжбүр болады. Билік бүгіншіл, қазақ халқы, сіздер мен біздер ертеңшіл! 

Қазақ баспасөзінің бүгінгі жағдайына келер болсақ, азаматтық бағытты ұстанған орыс басылымдарына қазіргі қазақ баспасөзінің жағдайы өте оңтайлы. Билік жазылымға мәжбүрлеуге тыйым салғанымен, жанашырлық танытуға ешкім тыйым салған жоқ. Қазақ баспасөзіне арнайы ұйым құрылса, бірқатар материалдық жағдайы түзелер еді.

Алғаш рет журналистің мәртебесі заң бойынша анықталатын жоба әзірленуде. Сондай-ақ, қазақтілді басылымдардың статусы анықталса деген тілегіміз бар. Мемлекетке қызмет ететін, жол көрсететін, қамқорлық жасайтын – қазақтілді басылымдар. Осыған байланысты оның арнайы статусы болуы қажет.

 

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА: ҚАЗІР «МЕНМІН» ДЕП ЖҮРГЕНДЕР – ЕШКІМ ЕМЕС!Мағира Қожахметова, «Балбұлақ» журналының бас редакторы: 

Журналистерге  тиесілі екі үйімізді қайтарып берсе...

 

Өте дұрыс мәселе көтеріп   отырсыздар. Бұл жерде әрқайсысымыз өз мәселемізді айтпай-ақ қояйық. Мен екі-ақ мәселеге тоқталғым келеді. 3-4 жыл болды, біз Президентке Ашық хат жазып, қиыншылықтарымыз туралы айтып келе жатырмыз. Енді барлық мәселенің шешілу жолдарын, жүзеге асыру технологиясын айту керек деп ойлаймын. Ең бірінші мәселе еліміздегі 20000-ға тарта кітапханаларға балалар журналдарын ғана емес, барлық қазақтілді басылымдарды жаздырып алудың механизмдерін жасаса дұрыс болар еді. Оған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі қатарлы құзырлы орындардың көмегі қажет. Екінші мәселе, қазір осыған дейін ұрланған, заңсыз жекешелендірілген барлық дүниелерді мемлекетке немесе нағыз иелеріне қайтарып жатыр ғой.

Менің ұсынысым Алматы қаласы Гоголь көшесіндегі журналистерге тиесілі екі үйімізді қайтарып берсе... Осыған кірісетін уақыт келді. Сіздердің көмектеріңіз керек. Өйткені біздің есеміз кетті. Ең көп қорлық көріп жүретіндер де журналистер. Журналистер бүкіл проблемаларды көтереді. Халықтың үнін билікке жеткізеді. Алайда өздерінде ешқандай құқық та, қаржы да жоқ. Қазір ең қайыршы, ең нашар тұратындар жазушылар мен журналистер. Сондықтан да біздің шығарып жатқан басылымдарымызды кітапханаларға алдырудың механизмдерін жолға қойғаннан ешкім ұтылмайды. Кезіндегі Кеңес үкіметінің идеология саласындағы мәжбүрлеу технологиясын қазір де қолдануға болар еді. Бұдан мемлекет ұтпаса ұтылмайды. Қазір министрліктерге, оны қойып мектептерге де кіре алмай қалдық. Сондықтан проблемаларды Президентке, министрлерге айта бергеннен гөрі тездетіп шешу жолдарын қарастырсаңыздар деймін.

 

Нұрлыбек Жеңісбекұлы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өкілі: 

Қазақ баспасөзінде маркетинг жағы ақсап тұр 

 

Ақпарат саласында 15 жылдай қызмет етудемін. Бұл саладағы мәселелермен таныспын. Қазіргі қазақ баспасөзі  шетте қалып қойғандықтарын, газетті ешкім оқымайтындығын алға тартуда. Неліктен? Біріншіден, елімізде оқуға қабілеті бар адамдардың 9-10 пайызы әлі күнге дейін газет оқиды.  Егер газет беттеріне жарияланатын материалдар легі күнделікті ғаламтор немесе әлеуметтік желіден оқи алатын қысқа ақпарат  емес, сараптамалық тұрғыда зерттелініп, журналист ізденіп жазса, ондай материалдың сұранысы да жоғары болатын еді. Бұндай материалдарды жариялайтын газеттің деңгейі де жоғары, абыройы да үстем болады деп ойлаймын.  

Қоғамда  кликбэйд деген ұғым пайда болды. Ақпарат қысқа, нақты түрде ғана беріледі. Тіпті, кейбір ақпараттың тақырыбынан-ақ түсінуге болады.  Әлеуметтік желі мен ғаламтордағы сайт сол бағытқа бет бұруда. Алайда, сараптамалық материал аз. Ал, анализ жасалынбаған материалдың аздығы қоғамның ойлау қабілетіне, критикалық ойының қалыптаспауына алып келеді. 90-жылдардағы қазақ баспасөзінің барлығы сараптама жазған. Ақпарат ешкім жазған жоқ. Цифрлық дәуір пайда болғалы бері газет ысырыла бастады. Ғаламтор алға шықты. Мұны мойындауымыз керек.  Мен де қазақ баспасөзінің үлкен жанашырымын.   Екіншіден, қазақ басылымдарында менеджмент жүйесі қалыптаспаған.  Маркетинг  жағы  ақсап тұр.   Материалды   оқырманға  тек  көркем тілмен ғана жеткізбей, тақырыпқа сай заманауи, көзді еліктіріп назар аудартатын фото-анимация арқылы жазылым мәселесін шешсе болады. 

Таяуда балалар журналын зерттедік. Журнал  беттеріндегі суреттер, ондағы материалдардың барлығы балалар журналы емес, ересектерге арналған журнал сияқты. Баланың қызығушылығын танытып, назарын ұстап қалатындай дүние жоқ.  Журнал мәтінмен де, фото-дизайнымен де баланы ұстап қала алмайды. 

Үшіншіден, Қазақстанда 3000-ға жуық газет-журнал тіркелген. Соның 700-800 астамы мемлекеттік тілде жарияланады. 30-ға жуық газетпен министрлік тұрақты түрде жұмыс жасауда. 2023 жылдың қаңтар айында министр Дархан Қуандықұлының бастауымен  тұңғыш рет қазақ баспасөзінің форумы өткізілді. Тұрақты түрде өткізу жоспарда бар. Форумға 200-ге жуық бас редакторлар қатысып, жоғарыда аталған мәселелердің барлығы қаузалды. Қазір жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, таяу арада «Каспий» мобильді қосымшасы арқылы газетке жазылу мүмкіндігі іске қосылады. 30-ға жуық басылым тест режимінен өткізілді. 10 күннің ішінде өз басылымыңызды сіз де мобильді қосымшаға енгізе аласыз. 

Министрлік бұқаралық ақпарат құралдарына да, оның өкілдеріне де мән беруде. Соңғы кездері журналистердің қаламақылары туралы да жиі айтылып жүр. Заңды тұрғыда кез келген авторға гонорар төлеу мәселесі қазір қаралып жатыр. 

Оқырман ретінде, қазіргі қазақ баспасөзінің деңгейіне өте жақсы деген баға беремін.

 

Байлығымызды емес, ақыл ойды инвестициялайтын уақыт келді – Дәурен Қуат:  2020 жылғы 27 мамыр, 15:22 - inform.kz жаңалықтарыДәурен Қуат, жазушы, «Қазақ Әдебиеті» газетінің бас редакторы: 

«Қазпошта» қазақ басылымдарына бойкот жариялап отыр

 

Бізге қазір Үкіметке «сіздерге газет-журнал керек пе, жоқ па?» деген сұрақты төтесінен қоятын кез келді. Осының ашығын айтайықшы. Қазір «Азаматтық журналистиканың» заманы. Қарапайым тілде «блогерлер» деп жүргендер ғой. Бұлар электронды ақпарат құралдарында кәсіби журналистермен бәсекеге түсіп жатыр. Арасында жақсы блогерлер де бар шығар. Бірақ жасыратыны жоқ, түкке тұрмайтын бала-шағаны шулатып, соларға ақша беріп отырған жағдай бар. Олар бір ғана эффектіге жұмыс жасайды. Мысалы, бір әкімнің жұмысын көрсете қойса, соны жылт еткізіп әлеуметтік желіге сала қойса, соның астына біреулер комментарий жазып, «лайк» қойса, шаруа жүрді деген сөз. Қазір «лайкомония» деген ауру пайда болды. Бұл аурумен әкім де, министрлер де, бәрі ауырады. Бұл жақсы ауру емес. Бір сәтке ғана елп ете қалып, бір сәттік көңіл күй, эмоциямен жұмыс жасау деген болмайтын нәрсе. Бұлар соған берілген. Сөйтеді де жаңағы блогерге ақша береді. Олар түрлі аккаунттар, ютуб каналдар ашып алған. Солармен жұмыс жасайды. Дәстүрлі, кәсіби, классикалық  баспасөзді олар ысырып бара жатыр. Мұнымен мемлекеттің идеологиясы жасалмайды. Ақпарат жылдам таратылатын шығар. Газеттер ақпарат та таратады, сараптамаларды да жасайды. Негізгі мәселені сараптап, түсіндіріп, сарабдал дүниелер беретіндер – газет-журналдар. Ертең электронды басылымдардағы дүниелер бір сәтте жоқ болып кетуі мүмкін. Архивтер жоғалуы мүмкін. Ал газет-журналдарға шыққан дүниелер тасқа басылғандай болып сақталып қала бермек. Сондықтан Үкіметтің баспасөзге деген көзқарасын анықтап алуымыз керек сияқты. Егер билікке керек емес дейтін болса, онда барлығымыз электронды нұсқаға көшейік. Қазір «Жас Қазақ» газеті жабылып, «Жас Қазақ» сайты ашылды ғой. Сол сияқты бізде 90 жылдық тарихы бар «Қазақ Әдебиеті» газетін жабайық. Ондағы дүниелерді сайтқа көшірейік те отырайық. Мен «Abai.kz» деген сайтты жасағанмын. Маған сайтпен жұмыс істеген әлдеқайда жеңіл. Ол ешқайсыларыңызға қиын емес. Бірақ қазақ руханиятының, мәдениетінің, құндылығының бір бөлшегіне айналып кеткен басылымдарымызды жауып тастап қайда барамыз? Түсініксіз дүние жалпы... 

Биыл қаражат, субсидия дегеніңіз мүлдем құлдырап кетті. Былтыр да, алдыңғы жылы да солай болған. Мына жерде киоскі деген мәселені тағы да айтып отырсыздар.Қазір «Караванның» киоскілері тұр. Соған шамамыз жетпеді. Оны шайқалтпай ұстап тұрған не құдырет, қандай күш екенін кім білсін... Әйтеуір қазақ газеттерін маңына жуытпайды. «Қазпоштаның» жұмыс анау. «Қазпошта» қазір мүмкіндігінше газеттерді таратпаудың амалын ойлап отыр. Биыл қазан, қараша айларына дейін каталог жасамай отырды. Бұл дегеніңіз қазақтілді газет-журналдарға бойкот жариялау деген сөз. Жұмыстары жүрмесін, оқырман жазылмасын, оқымасын деген сөз! Онан басқа не деп түсінеміз? Каталог дегеніңіз тамыз айында-ақ дайын болуы керек еді. Бағасы белгіленіп, адамдар сол кезден бастап жазыла бастауы керек еді. Басылымдар да ертерек науқанға кірісер еді. Жылдың соңғы екі айында біз қандай тираж жасай аламыз? Осылардың барлығын үкіметтік деңгейде Әлихан Смайыловтың алдына қою керек сияқты. Ал жаңадан тағайындалған Ақпарат министріміз жағдайды түсінетін адам. Өткенде «Қазпоштаның» басшысымен кездескендігі туралы хабарлады. Не сөйлесіп, не шешкендерін білмедім. Болмаса Үкімет «Еуразия пресс», «Еврика» деген сияқты алтернативный таратушылардың жұмысына субсидия бөлсін де, соларға жүктесін. «Қазпошта» тарата алмайтын болса, Үкімет баламалы жолдармен таратудың тетіктерін қарастырсын! 

 

Болат Батыр, «Үш қоңыр» газетінің Бас редакторы:

«Қазпошта» жұмысы жазылуға да әсер етеді

 

Басқа басылымдарға шетелдік елшілермен байланыс жасаңдар, Қазақстан тендер бермейді, берсе де 10 процент беру керек. «Қазпоштадағы» 1 катологқа кіру үшін 20 мың төлеу керек. Бір журнал 500 теңге деп алатын болсақ, сонда 20 журналды тегін сату керек. Каталогты электронды түрге ауыстыру керек.

Мен 4 журналды каталогқа кіргізуім керек. Енді өздеріңіз есептеп көріңіздерші. Қып-қызыл ақша ғой?! Онсызда газет-журналдың хал-жағдайын білесіздер. Ашық хаттағы көтерілген мәселелер дұрыс. Менің қосарым кітапханалармен бірге кәсіпкерлерді көмекке шақырған жөн. Журналистердің жалақысы өте төмен. Журналистерімізге пәтер алу мәселесін де қарастырмаса болмайды.

Доған Йылдыз, «kazaknews.kz» және «kazakistan.kz» ақпараттық агенттіктерінің жетекшісі:  

Журналистика тәуелсіз болуы тиіс

 

Мен Бас редакторлар клубының атынан емес, жеке өз атымнан біраз ойларымды айтайын деп отырмын. Өйткені жоғарыда айтылып жатқан мәселелер барлығымызға қатысты болғандықтан, азырақ болса да ой бөлісе кетуді жөн көріп отырмын. 

Мен талай жыл мектепте жұмыс істедім. Елдің болашағын ойлайтын балаларды тәрбиелеу, олардың бойында дұрыс сана қалыптастыру дегеніңіз оңай нәрсе емес. Осы жерде бала мектептегі кітапханаларға барғанда алдында газет-журналдар, кітаптар тұрмаса қалай болғаны? Бұл жерде балалар оқи ма, оқымай ма, ол басты проблема емес. Біз ең алдымен олардың алдына жайып, дайындап қоюымыз керек. Мысалы ас ішуге барсаңыз да алдыңыздан ең бірінші ас мәзірі шығады ғой. Сол секілді балалар кітапханаларға бас сұққанда алдарында кітап, газет-журналдар тұруы тиіс. Бұл жан-жақтылы қаралатын мәселе. Жаңағы айтып жатқандарыңыздың маңыздылығы осында.

Келесі бір мәселе – тәуелсіз       журналистика және шынайылық. Бізге ең үлкен сабақ алатын мәселе Украина соғысында болды. Әуелі Қырым шиеленісі басталды. Біраз жыл өткенде соғыс бұрқ ете түсті. Біздің арналар ең алдымен Ресейден таратылып жатқан ақпараттарға сүйеніп хабар таратты. Яғни орыстардың санасына лайықталған ақпараттарды біркөзді желілерден алып пайдаландық. Кейін Украинаға өзіміздің журналистеріміз барып хабар тарата бастағаннан соң кейбір жағдайлардың біз естіп жүргендей емес екендігін білдік. Қазір Украина медиалары өте тез әрі шынайы ақпарат таратып отыр. Ал Түркияда болса соңғы уақытта медиа саласы бір адамның күйеу баласының қолына шоғырланды. Соңы не болды? Қазір жер сілкінісі болған аймақтардағы апатқа ұшыраған халықтың шынайы өмірі басты арналарда сол күйі көрсетіліп жатқан жоқ. Міне, тәуелсіз журналистиканың маңыздылығы қайда жатыр? Осыған жалғас бәсекелестік туралы да айта кеткен жөн. Біз өз ішімізде орыстілді журналистиканы бөліп-жарып отырған жоқпыз. Алайда салыстыра алмаймыз, бәсекелесе алмай            отырмыз. Себебі неде? Біз қазір басқасы емес, редакцияны қалай сақтап қаламыз, мықты мамандарымызды қалай ұстап тұрамыз деген секілді аяғы қаржыға келіп тірелетін мәселелерден аса алмай отырмыз.

Өткенде медиафорумға қатынастым. Көп әңгімелер айтылып, мәселелер көтерілді. Бүгінде сөз сөйлеген азаматтардың барлық пікіріне қосыламын. Біз медиа саласында жүргеннен кейін журналистиканың барынша тәуелсіз болғанын қалаймыз. Ал ол үшін барлығымыз күшімізді біріктіріп, халықпен тығыз байланыса отырып жұмыс істеуіміз керек. Билікке тәуелді болсаңыз қиын. Себебі белгілі уақытта билік алмасып отырады. Тек халық қана тұрақты. Сондықтан халықпен тікелей қарым-қатынаста бола отырып жұмыс істегенде ғана болашағымыз жарқын болады деп ойлаймын.

 

Бауыржан Бабажан, «Түркістан» газетінің Бас редакторы: 

Демеушілер арқылы жаздыру мәселені шешпейді

 

Шынында да өзекті мәселелер көтеріліп жатыр. Соның ішінде ең бастысы – баспасөзге жазылу мәселесі. Біз де жиі айтып жүрміз. Негізі бүкіл кітапханаларға жазылғанның өзінде біраз мәселе шешілер еді. Бірақ ол әзірге болмай жатыр. Біздің «Түркістан» газетінің мысалын айтар болсақ, біздің газетті көп жерлерде ұмытыңқырап қалған. Менің бір оқырманым жазыламын деп барса, ол Түркістан облысынан шығатын газет. Сол жақта жазылады деген пікірлер айтылған екен. Әрине, өте қиын жағдай. Әсіресе биылғы жазылу өте қиын болды. Біз демеушілердің арқасында лоторея ойнаттық, «айфон» тіктік деген секілді... Соның өзінде жазылым керемет бола қойған жоқ. Осы жазылым мәселесін шешу жолдары хаттарыңызда жан-жақты көрсетілген. 

Ал «мәжбүрлемеу керек» деген сөзді бір бағытта ғана алып кеткен секілді. Қазір газетке жазылу қылмыс секілді. Мысалы: Кеңес заманында газетке, журналға жазылу таңдау бойынша ұсынылатын. Әркім өзінің таңдаған басылымына жазылып жататын. Баспасөзге жазылғысы келетін адамға жазыл деп айту қылмыс емес қой. Қалай десек те қазақ мемлекетінің ең жанашыры – қазақ газеттері. Сондықтан қазақ газеттеріне қолдау керек. Өткенде министр Дархан Қуандықұлы «Қазпоштаға» Оқу-ағарту министрін ертіп алып, газеттерге жазылу үлгісін көрсетті. Әрбір кітапхана ғана емес, әрбір мекеменің де бір-бірден жазылуына қаржы бөлсе болады ғой деп ойлаймын. 

Қатысушы:Elserik/зертхана — УикипедияСерік Ерғали, журналист, этнолог:  

мәселені қоя білу тәсілін өзгерту керек

 

Бізде «Журналистер одағы» бар. Бұл – үлкен армия. Естуімше, 5 мыңдай адам мүше. Егер сол «армияны» пайдаланып, билікке ықпал етсе, көп нәрсені шешуге болады. Маған Доған бейдің әңгімесі ұнады. Менің айтқандарым жақпай қалуы да мүмкін. 

Сәуле апай, Сәуле Мешітбайқызы қайраткер адам. Сондықтан бұл шараны атқарып отыр. Егер Сәуле апай болмаса, бұл шаруа бола ма, болмай ма? Қазіргі қазақ журналистеріне қайраткерлік жетпейді. Мәселені шешу жетпейді, мәселені қою жетпейді. Қазақтілді баспасөз құрып жатқандығы сондықтан. Өте ауыр болса да айтайын. Қайраткерлік деп қазақ журналистері лауазым алуды ойлайды. Бүкілі әкімдердің жанына кетеді, баспасөз хатшысы болып кетеді. Мына мәселеден қашады да, сол жаққа кетіп қалады. Ал журналистиканың ыстық-суығына шыдап, қайраткер болып жүру Марат Тоқашбаев секілді ағалардың ғана қолынан келеді. Қазір қайраткер бірен-саран ғана қалды. Бүгін шүкір деп айтқалы отырғаным, аға, орта буын және жастарды көре алмай отырмын. Бірақ бізден кейінгі буын отыр. 

Қазақ баспасөзінің мәселесін үш аспектіде қарау керек. Бірінші – тілдік орта, екінші – мемлекеттік мүдде ретінде, үшінші – ақпараттық кеңістік ретінде. Осы үш тұрғыдан қарамасақ, бізге министрліктің керегі жоқ. Дархан Қыдырәлі менің інім, өте жақсы көремін, өте ұлтшыл азамат. Оның келгеніне шүкіршілік айтамыз. Оған көмек керек. Көмек керек болғанда, ықпалдасу керек. Яғни бізде қазір «журналистер одағы», министрлік бар. Осындай күресуге шығып отырған бас редакторлар, баспасөз бар. Осыларды біріктіру керек. Біріктіргенде, жұмылу керек. Министрліктің қауқары жоқ. Өйткені ол бағынышты, саясат пен органның мүшесі. Оны сынағаннан ештеңе шықпайды. Мәселе төменнен шығуы керек. Осы отырыс мысалға, жаңа журналист маған сұрақ қойды. «Осы шара бірдеңені шеше ма?» дейді. Мысқылдап та сұрап тұр. Әрине, ештеңені шешпейді. Шешу үшін қоғамдағы үш секторды қозғап, резонанс жасау керек. Оған қайраткерлік керек. Ол үшін орган, қоғамдық ұйым қажет. Қоғамдық ұйымдар бізде көп-ақ. Бірақ оны да депутат болу үшін, басқа болу үшін пайдаланатындар жөніне кетеді. Сондықтан еркін журналистер клубын құрған жөн. «Журналистер одағын», Сейтқазы Матаев мырзаны қазақтілді аудиторияға бұрып, қазақтілді баспасөздің мәселесін қоймаса, алдағы 3-5 жылда қазақ баспасөзінің шаруасы бітеді. Енді бір айтқым келіп тұрғаны: жазылыммен құтқару деген мүмкін емес. Жазылыммен қаржыландыру мүмкін емес, «әкесі өлгенді де естіртеді». Оның қаншалықты екендігін білу үшін министрлік жанынан әлеуметтік зерттеу орталығын құру керек. Әлеуметтік зерттеу жасап, қазақтілді баспасөздің мәселесі, «қотыры» қай жерінде, оны қалай жазып, қалай шешу керек деген мәселені қолға алмаса болмайды. Алдағы 28 маусымға дейін «Журналистер одағына» ғылыми түрде баяндама жасап, қазақтілді баспасөздің форумын жасаңыздар. Көмектесейін. Бірақ оған дейін ылғи да қозғап отыратын альянс керек. Төменнен ылғида болмайынша, ештеңе шешілмейді. Біз әлі советтік әдетпен келе жатырмыз. Құлаш-құлаш хат жазамыз. Қазіргі кезде Үндеумен, Ашық хатпен мәселе шешілмейді. Оны ешкім оқып отырмайды. Мәселені қоя білу тактикасын үйренген жөн. Аша білудің әдісін білуіміз керек. Содан кейін іске асырудың әдетін қалыптастырмасақ, 30 жыл бойы осы ешқандай қолға алынған жоқ. Қазақтар жылаймыз. Тіл төңірегінде жылаймыз. Күресудің әдісі дұрыс емес. Күресе білген абзал. Қазақтілді баспасөз неге мешел, өйткені тілдік орта ала-құла. Түркияда тілдік орта мәселе емес, бәрі түріктілді. Ал Қазақстанда қазақтілді ортада үлкен проблема бар. Демек, оны кім шешуге тиіс? Президенттен бастап шешіп, мәселені Президенттің алдына қою керек. Айқайлатып, резонанс жасамаса болмайды. Қазір депутаттар жүр ғой, мандатқа жүгіріп жүрген үміткерлер. Солардың алдына қойған дұрыс. Кім келеді, солардың алдына қойса. Шақырғанда келмесе, «ей, саған қазақтілді ортаның дауысы керек пе» деген мәселені қою керек. 

Қазақ халқы әлі азаттық алғандардың қатарында емеспіз. Соны бірден мойындап қояйық. Жартылай отар елміз, жартылай отар болғаннан кейін біздің тілдік ортамыз да отар, баспасөзіміз де отар, тілдік орта мәселесін шешуге мемлекет, тиісті органдар қорқып отыр. Билік қорқып отыр. Олай қорқудың жөні жоқ. Сондықтан басыбайлы азаттық алған Украинаны қайтадан отар қылғысы келіп басып-жаншып жатыр. Отарлаудан, қайта басып алады дегеннен қорқудың жөні жоқ. Біз ел болғымыз келсе, кез келген өзіміздің мәселемізді ашық қоюға тиіспіз. Шешу жолдарын көрсетіп, соған әрекет жасаған жөн. Бүгінгі отырыстың мәні, меніңше, осыған жұмылуға деген шақыру. Ғылыми тұрғыда келу. Министрлік осыған тұтқа болып, бізге көмектесуі керек. Басқаша білмеймін. Қайраткерлік болса, Өзбекәлі Жәнібековтің, Темірбек Жүргеновтің, Камал Смайыловтың тырнағына татитын азаматтар болса, мәселені шешуге болады.

 

Тұрар Сәттарқызы, «Қара шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі: 

Жанашыр билікті көріп тұрған жоқпын

 

Біз қазақ баспасөзін оқып өскен ұрпақпыз. Әкеміз бала кезімізде «Балалар, қандай газет-журналға жазыласыңдар? Мұнда тізім бар. Әркім өзіне ұнағанын жазып қойсын, түстен кейін поштаға барамын» деп, өзі де, бізді де баспасөзге жаздыратын. Қазір өзім 2011-2012 жылдардан бері өз қаражатыма, өз еркімен балаларды баспасөзге жаздырамын. Негізі қоғамда жанашыр болу белсенді ата-ана болудан басталады. Иә, ұстаз, ата-ана, оқушы қарым-қатынасы қандай болу керек деп жүріп, еліміздің болашағы – жас ұрпақ қандай болуы керек, қалай тәрбие берген дұрыс, неден бастау керек деген мәселелер жөнінде пікір алмаса жүріп, мектеп тек білім беріп қана қоймай, алдымен тәрбие беруі керек, бала баспасөз оқудан бастап, кітап оқуға дейін қалыптасуы керек екенін түсіндім. Сөйтіп, оқушыларға газет-журнал жаздыруды қолға алдым. Сондай-ақ қазір бір байқайтыным балалардың сөздік қоры өте нашар. Бұрынғы біз білетін сөздер қазір архаизмге айналып кетті. Бала бірден үлкен кітаптарды оқуды бастап кетпейді. Газет-журналдағы шағын шығармаларды оқу арқылы оқуға бейімделеді. Сондықтан, әрине, еліміздегі әрбір кітапхана, мектеп кітапханалары қазақтың онға толмайтын балалар журналына жазылса, кенде болып қалмайды. Былтыр «Қазақ баспасөзіне жанашыр бол, қазақ!» деген бастамамен көпбалалы отбасылардың балаларының тізімін алып, мектептермен бірігіп біраз жұмыс жасадық. Бірақ сол кезде бізді қолдаған – тек қазақ аналары. Талай әкімге барып, «20 мың теңге беріңізші, мен әр ауданнан, мектептерден көпбалалы отбасылардың балаларын баспасөзге жаздырайын. Сіздер, біріншіден, қазақ баспасөзін қолдайсыздар, екіншіден, аз қамтылған отбасы балаларының рухани дамуына қол ұшын бересіздер, ата-аналар рухани қамқорлықты сезінеді» дедім. Өкініштісі ешкім елең еткен жоқ. Барлығы демеймін, бірақ мұғалім өзі оқымаса, қалай баладан талап етеді? Біз мұндай мәселелерді көтерсек, жек көрінішті боламыз. Әкімдіктерге барғанда қазаққа қазақтың жаны ашиды деп барамыз. Бірақ олай емес. Тек ұлт жанашырлары шырылдайды. Ал ондай ұлт жанашырларына «жау» көргендей қарайды. Әкелер форумында да осы мәселені, қазақтың ұлттық құндылығы туралы мәселелерді көтердім. Сол кезде маған уәде берген министрлер мені қабылдаған жоқ. Қазақ баласының рухани дамуын көзбен көріп, жүрекпен сезіп, жүрегім ауырып жүрген мәселені айтқым келді. Сонда бүкіл республика жұртын дерлік жинап өткізген Әкелер форумының мақсаты не? Айтылған ұсыныс ескерілмесе, талқыланбаса, шешім қабылдамаса.... Біз ел арасында жүріп, балалардың тәрбиесінің кері кетіп бара жатқанын күнде көріп жүргеннен кейін жоғарыға жеткізгіміз келеді.

Әрине, рухани дамуға мемлекет керемет қаражат, түрлі гранттар бөліп жатыр. Бірақ оның бәрі қазақтілді ортаға жетпейді. Оның барлығын «отчетты» керемет қылып жасайтын өзге тілді қоғамдық бірлестіктер алып кетеді де, біз аузымызды ашып қала береміз. Бәріміздің баламыз бар. Мәжбүрлі түрде жаздыру керек. «Айтшы, әжетай» деген керемет балалар журналы болды, қаражат жоқ, ақыры жабылып тынды. Өз қаражатына шырылдап жүріп редакторы Сандуғаш Нұрқанова жалғыз өзі қандай журнал шығарды?! Қазақ балалар журналының қай-қайсысы болсын, қазақ руханиятын, қазақтың ұлттық құндылығын бала бойына сіңіруді мақсат етеді. Бірақ оған жанашыр болатын билікті көріп тұрған жоқпын. Осы     айтқандарымыздың бәрі жоғары жаққа жетеді деп ойлаймын.

 

Кеулімжай ҚҰТТЫ: Помпейдің түбіне жеткен – көгілдірлер - Қазақстан  мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтыКеулімжай Құтты, «Иман» журналының жауапты хатшысы: 

Қазақ баспасөзі  – ұлт руханиятының жанашыры әрі  жоқтаушысы

 

Ел  мұсылмандарының  басын қосып отырған қарашаңырақ – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазақ баспасөзінің нағыз жанашыры әрі қолдаушысы деуге толық негіз бар.  Өйткені құрылтайшысы ҚМДБ болып табылатын  республикалық діни-танымдық «Иман» журналының жарық көргеніне  22 жыл, «Мұнара» газетінің  оқырманмен қауышқанына  3 жылдан асып барады.  Газетіміз 30 мың, журнал 16500 данамен таралуда.  Аллаға шүкір, тұрақты оқырмандар бар. Ана тілімізде шығатын басылымдарда  ата дініміздің тарихы, Пайғамбарымыздың өмірбаяны,  ұлы даладан шыққан ұлылар өмірі, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып және т.б.  тағылымды материалдар жарияланып тұрады.  Биылдан бастап «Иман» журналын ребрендинг  жасап әр санын белгілі бір тақырыптарға арнап, соны тереңірек қаузауға күш салынуда.

Қазақ баспасөзі – ұлт руханиятының жанашыры әрі жоқтаушысы. Сондықтан қазақ баспасөзіне  қолдау білдіру елдігімізді нығайтып, мемлекет мүддесін қорғау деп ұғынуымыз тиіс.

 

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы: 

Жазылу жанашырлықтан басталады

 

Біз газет-журналға жазылуды насихаттап ел аралап жүрген кезімізде, мектеп қақпасынан аттаған сәттерімізде алдымыздан бірінші болып естілген сөз, «Жазылуға мәжбүрлеуге болмайды» деген жарапазан. Ол сөз әлдебір министрдің аузынан шыққан екен. Оны елдегі барлық білім бөлімдері мен мектеп директорлары заң секілді қабылдап, қатаң атқаруға кірісіпті. Мұғалімдер мен ата-аналар әуреден қашады, артық қадамға барғысы келмейді. «Мәжбүрлеуге болмайды» деген сөздің астарында ата-аналарға салмақ салмайық деген «жанашырлық» жатқан секілді көрінеді. Сол ауыртпалық деп саналған «Мөлдір бұлақтың» жылдық 12 нөмірінің бағасы небары 3600 теңге ғана. Әншейін сынықтан сылтау тауып, әуреден қашу белең алуда. Ұлттық идеологиямыз ұлттық баспасөзбен таралады, тағаны бекиді. Мектептің есігі жабық болса, балалар басылымының жағдайы мүшкіл күйге түсіп, құлдырайды. Ұстаздар және ата-ана жанашырлық танытпаса, балалар басылымға ешқашан жазыла алмайды. Бүгін журнал оқымаған бала ертең кітап бетін ашпайтын дүмше болып өседі.

Біз мемлекеттік көмек болсын деп талап етеміз. Өйткені еліміздегі балалар журналының саны өте аз. Бар болғаны онға жетпейді. Сол санаулы балалар басылымдарын мемлекет қамқорлығына алып, кең таралуына қолдау танытуға экономикалық қуаты жетеді. Жазылуға жол ашуды қолға алып, балалар басылымын алаламай қаржылық жақтан дем берсе, саналы ұрпақтың қалыптасуына әсер етер еді. 

Мектепте журнал оқуға, кітап оқуға әдеттенбеген бала қоғамға шыққанда қағазды қолына алмайтын «бітеулердің» қатарын молайтады. Ол үшін осы бастан жас жеткіншектерді ауыздандыру керек. Ауыздандыру деген оларды үйрету, бейімдеу, жол көрсету, көзін жеткізу деген сөз. Бала журнал оқу үшін ұстаздары түсіндіріп, ата-аналарға ұғындыруға тиіс. Онан ары ата-ана қаржы бөліп, балаларына қамқорлық танытып жазылуға қол жеткізу. Осылайша жүйелі жұмыс болған да ғана іс алға басады. Өсіп келе жатқан ұрпақ тура бағытты бетке алады. 

 

Талғат Айтбайұлы | Мәдениет порталыТалғат Айтбайұлы, «Жыл – он екі ай» журналының бас редакторы: 

Жиырма үш жылда жиырма үш тиын алмаппыз

 

Мерзімдік басылымдар бүгінде ауыр жағдайды бастан кешуде. Оған басты кедергі – таралымның азаюы. Ақиқатын айтқанда, бұған бәрін шешуге тиісті билік саясатының өзі себепкер. Мемлекеттік саясатты жүргізуге септесіп, халықтың рухани сұранысын өтесек пе дейтін мына бізді оқырмандардан алшақтатып тастады. Мектепке басылым мәселесімен бара қалсақ, өздерін жарты патша санайтын директорлар жолатпайды. Енді солардан жоғары шығып, аудандық оқу бөліміне барсаң, күле қарсы алатын меңгерушісі: «Ағатай-ау, біз ешқандай басылымға жазылуға басымдық бере алмаймыз. Жоғарғы жақ солай тыйым салған», – дейді. 

Бұл да түк емес, кейбір керауыздары «бұл сіздің коммерцияңыз» дейді. Осыны естігенде тіпті жарыла жаздайсың. Сонда, мысалы, мен сияқты балаларға арнап жылдар бойы азап шегіп, қаржылық ауыртпалыққа арқа тосып, бір тиын да айлық алмай, «Жыл – он екі ай» секілді дәстүрлі басылымды шығару коммерция болып көрінеді екен! 

Қалай күймейсің? Осы жана жаздап отырып жоғарыдағыларға хат жазасың. Одан кейін және жазасың. Үкімет басшысына да, министрге де жазамыз. Бірақ ешқандай қайырым болмай тұр. Биыл журналымды шығарғаныма жиырма үш жыл болады екен. Жиырма үш тиын алмаппын. 

Журналды жаздыру да, тарату да жыл өткен сайын күрделеніп барады. Оқырмандарымыз пошта бөлімшелерінің жұмысы нашарлығынан мезгілінде ала алмайды. Кейбірі тіпті ала алмайды. Өйткені тарататын пошташылар жетіспейді. Ауылдық аймақтардағы олардың айлығы 15-20 мыңнан аспаса, ондай жұмысты кім атқарады? Осы жерде менің бірінші ұсынысым: пошташы қызметіндегілерді жергілікті бюджет арқылы қаржыландыру мәселесін шешу керек. 

Енді екінші ұсынысыма келейін. Ол Алматыдағы Баспасөз үйіне байланысты. 1970 жылы берілген бұл ғимарат журналистер үшін тұрғызылды. Құрылыста       Журналистер одағының да қаржылық үлесі болды. Сондықтан ол ғимаратты да, газет-журнал шығаратын баспахананы да өздеріне қайтару мәселесін көтеруіміз керек. Бұл менің ғана емес, сондағы редакцияларда қызмет еткен барша журналистердің ортақ ойы.

 

 «Қалай күн көруді емес,  мемлекетке қалай қызмет етуді» ойлайтын күн қашан туар екен?

PS:  Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүгінгі қазақ баспасөзінің хал-ахуалы дөңгелек үстел басында жеріне жете айтылды. Әттең, оны тыңдар құлақ болса, қане?!  Өзі атын өзі айтатын көкек құсап қазақ баспасөзі енді қанша шырқырамақ? Қанша шырылдамақ? «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» дегеннің кебі болар, әйтеуір, БАҚ саласының өкілдері «өз қотырларын өздері қасып» жатты. 

Билік тарапынан шақырылған барлық шенеуніктің жүгін арқалап  жалғыз келген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қызметкері Нұрлыбек Жеңісбекұлы қарша жауған сын мен сырға қанықты.  Қазақ баспасөзінің қиын тағдырын, бүйте берсе келешегі бұлыңғыр екенін ішкі түйсігімен сезінгені анық. Әйтседе үнсіз қалмады, өз уәжі мен көзқарасын да ашық айта білді.         

Сөз түйіні мынаған сайды.  Дөңгелек үстелге жиналған қауым бірауыздан «Ұлттық мүдденің жоқтаушысы – қазақ баспасөзін мемлекет қолдап, қолдағанда тендер мен қаламақы жағын реттеп, салығын төмендетіп, еліміздегі әр кітапханаға бір басылымнан жазылуға міндеттесе;  Қалың оқырман қазақ басылымдарына ұлттық намыс тұрғысынан қарап, өзіне ұнаған қазақтілді басылымды жаздыртып алуға күш салса; Бұл да болса кешегі өткен алаш байларының қазақ баспасөзіне жасаған қолдауынан бір кем түспес еді. Қалай десекте, қалт-құлт еткен қазақ баспасөзіне қамқорлық пен жанашырлық керек-ақ. Ұлт болашағы үшін. Ел ертеңі үшін. Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі  әлі күнге маңызын жойған жоқ.  

Жиналыс соңында Ел Президентіне журналистер атынан жанайқайға толы   хат жолдауға шешім шықты.  Бұл қадамнан олардың сенері де, сенетіні де қалмағаны анық аңғарылды. Аталмыш хат мынадай сөйлемдермен түйінделеді: «...Осы тұста тағы бір жағдайды айта кеткіміз келеді. Қазір Мемлекеттік тапсырысқа құжат қабылдау кезінде мерзімді басылымдардың абыройын әлеуметтік желілердегі парақшаларындағы жазылушылардың санымен өлшейтін, ғаламторға жарияланған материалдарға басылған «лайктардың» санымен бағалайтын «жаңа өлшемдер» пайда болды. Ал әлеуметтік желілерде мүлде арзанқол, ел ішіне іріткі салатын, теріс пиғыл тудыратын жылтырақ жазбалардың дәурені жүріп тұрғандығын өзіңіз де жақсы білесіз…

Елімізде ресейлік БАҚ-тар үлес салмағы басым. Жеке мемлекет ретінде олардың жұмысын тоқтатып немесе мейлінше шектеу қажет. Олар біздің мемлекетімізде ұлттық-ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретіні сөзсіз. «Жаңа Қазақстан» жүйесін құрған кезде осы мәселені арнайы қарап, олардың біздің елімізде таралуы тоқтатылса деген талабымыз бар. 

Міне, көріп отырсыз, (Президентке айтылуда) бұл айтқан мәселелер мемлекетке аса көп жүк, ауырлық түсірмейді деп ойлаймыз. Тек бізге деген ниет, ықылас түзелсе, бәрі де жүзеге асатын мәселелер. Бізге де қаржы табуға жанталаспай, шығармашылықпен айналысуға зор мүмкіндік туар еді. Сөйтіп, еліміздің даму деңгейін арттыруға, «Жаңа Қазақстанның» экономикалық және рухани жағынан гүлденуіне, өркендеуіне біз барынша үлес қоса алар едік».

 Айта кетер тағы бір жайт, дөңгелек үстелге жиналған қауым  бірлестік (қауымдастық) құру арқылы мақсаттарын жүзеге асыруға күш салатындарын нақтылады.  Оқырман санының күн сайын азайып бара жатқаны да  көзден таса қалмады. Газет пен журналдың деңгейін көтеру, оқырманның сұранысына сай дүниелер жазу уақыт талабы екені де ескерілді.  «Қалай күн көру емес, мемлекетке қалай қызмет ету керек?» деген мәселе төңірегінде де ұтымды ой-пікірлер айтылып қалып жатты. 

Мемлекеттік идеологияны қалыптастыру және оны кемелдендіру қазақ баспасөзі арқылы жүзеге асатыны айдан анық. Бұған талас тумаса керек.  Онда биліктің не ойлағаны бар? Осы жағы ғана жұмбақ болып тұр!

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК, ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ, ТІЛЕКГҮЛ ЕСДӘУЛЕТ, БАЛЖАН АЛЖАНОВА
02.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 244
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 240
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 742
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 865
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 778

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8935
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8329
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11557
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9314
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10541