Үміттің ақ гүлі солмасын!

Үміттің ақ гүлі солмасын!

«Өмір – күрес» деп жиі айтамыз ғой. Бұл дүниедегі ең қастерлі нәрсе бала бақыты, бала тағдыры, бала денсаулығы үшін үлкен күрес болар. Сондай күрескердің бірі – Өнербаевтар әулетінен шыққан 21 жастағы алматылық Жәмилә Бақтиярқызы. Ол  10 жасынан бастап сирек кездесетін аутоиммундық миастениямен жүйке бұлшық еттерінің әлсіздігімен ауырған. Аталған дертпен 10 жыл күрескен бойжеткен 20 жасында ауруынан толықтай айығады. Қалай дейсіз ғой? Бұлшық еттері қатайып, қолына қалам ұстай алатындай жағдайға жеткен күннен бастап, ол сирек кездесетін аурумен қалай күрескенін, аталған жолда өзіне демеу болған, рух берген жақындарының бастан өткерген қиыншылықтары туралы жаза бастаған. «Мен ата-анамның ерке қызымын. Үйдің тұңғышы – ағам және кенжесі менмін. 10 жасыма дейін сап-сау болып, ән-би курсына қатысып, шауып жүрген бүлдіршін едім. Бір күні күтпеген жерден бір көзімнің қарашығы төбеге қарап, ауырып қалдым. Содан ата-анам мені бірден окулистке апарады. Бірақ оның ем-домынан ешқандай пайда болмады. Біраз аурухананың есігін тоздырдық. Отандық дәрігерлердің ешқайсысы нақты диагноз қоя алмады. Содан амалы таусылған ата-анам мені Мәскеуге апарды. Өкініштісі, ол жақтағы дәрігерлер де маған ешқандай диагноз қоймады. Осылай жүргенімде 11 жасқа жетіп, әкемнің жұмысына байланысты астанаға көштік. Екі жыл бойы қатты ауырып, бүкіл бұлшық етім әлсіреп, сөйлеуден қалдым. Осы жылдар ішінде мені Америка, Израиль, Мәскеуден келіп, ең мықты деген дәрігерлер емдеді. Бірақ ауруымның себебін ешкім анықтай алмады», – деді Жәмилә. Осылайша үйден сабақ оқып, үйден ем алып жатқан қыздың диагнозын екі жылдан кейін ғана елордалық невропатолог тапқан. Осылайша дертін күшімен жеңіп шыққан рухты қыз бүгінде оқырмандарына өз тағдырынан үлгі-өнеге болатын «Бәйшешек» атты туындысын ұсынып отыр. Бәйшешек – күллі тіршілікке нәр беретін, адам баласына үміт сыйлайтын ең таза әрі ең нәзік гүл. Бәйшешек қара топырақты ең бірінші болып жарып шығады да, мықтылығы мен өжеттігін көрсетеді. Тағдыры осы гүлге ұқсас қыздың кітабы: «Әкешім, анашым, неге мен? Не үшін?... Қараңғылық. Жалғызбын. Жадымда сақталғаны осы ғана. Біраз уақыт өтіп, қайта ояндым. Өзіме белгісіз, қараңғы, жат әлемде ояндым. Сол әлемнің кеңістігінде самғадым. Бойымды баураған әлсіздік, жанымды ауыртқан дерт бір сәтте ғайып болды. Ол әлемде мені ешкім көрмейтін, ал мен барлығын көрдім. Үзілген үміттердің, ізгі тілектердің, аңқау жүректердің арасында қалықтай ұштым. Ессіз жатқан адамдардың жүрек үнін тыңдадым. Ақ жүректер: «Өмір сүргім келеді» деп баяу болса да, үзіліссіз соқты. Бұл жер  жансақтау бөлімі еді» деп басталатын бас-аяғы жинақы шығарманы бір деммен оқып шығасыз. Өйтпеуге лажыңыз да жоқ. Себебі хикаяттың бас кейіпкері – Жәмиләнің өзі, бар оқиға қаршадайынан ауыр кеселге душар болған өзінің атынан баяндалады. Бір бөлімнен екіншісіне ауысқан сайын сырқаты енді қашан жеңілдейді екен, айығады екен, қарғам-ау, қашан шыбын жаның жай тауып, ұйқың тынышталар деген ақ тілеудің үстінде отырып, соңғы жадыраған, жайнаған жеңісті сөйлемге қалай жеткеніңізді аңғармай да қаласыз. «У-у-уһ!» – дейсіз. Төрт құбылаңыз гүлге, әсіресе өзі айрықша жақсы көретін бәйшешекке толып шыға келеді! Сол жүрек тербетер гүлдердің ортасында киелі сөз құдіретімен нұрлана құшағы гүлге толған, жүзінен гүлді ғұмыр ескен Бәйшешек-қыз, төтенше дерттен айыққан қыз – Жәмилә Бақтиярқызын көрер едіңіз! 

Шығармада да атап өтілген, Талдықорған – Жәмиләнің отбасы үшін ыстық мекен. Бұл – нағашы ата-апасының, анасының ата жұрты, қонысы. Оның үстіне автордың әкесі – елімізге аты танымал Өнербаевтар әулетінің бел баласы Бақтияр Өнербаев. Алматы облысы әкімінің орынбасары, бұдан соң Текелі қаласының әкімі жауапты қызметтерін абыройлы атқарды. 

Енді «Бәйшешек» деп аталар шығармаға ден қоялық. Жәмилә достық пен адалдықтың, сенім мен тазалықтың, жақсылық пен үміттің символына айналған бәйшешек гүлінің пайда болу тарихына тән әдемі аңызды тілге тиек етіп алады алдымен. Бұдан кейін кішкентай қаршадай қыздың он жыл көлемінде басынан өткерген ұйқысыз-күлкісіз, азапты күндеріне дендей бересіз, дендей бересіз. Жалпы, әлем әдебиетінде, оның ішінде қазақ әдебиетінде де өзінің ауыр сырқатынан қалай айыққанын арқау еткен қаламгерлердің еңбектері баршылық. Бірақ солардың бәріне дерлік ересек адамдардың басынан өткен оқиғалар арқау болған. Ал енді шынашақтай балғынның сол емделіп жүрген шақтың өзінде бозторғайдай шырылдай ақ қағазға түсірген ілкімді ой, салмақты пікірлерін оқығанда терең толғаныс толқындарымен алысып, бірге қиналып, алдағы күндерге бірге талпынасыз. Бойжеткеннің күйіне түсіп, деміңізді ішке тарта шипа тілейсіз. Көз жасыңызды көл қыла отырып, соңында аяғынан тік тұрғызған Алланың құдіреті мен ақ желеңді абзал жандарға мың қайтара алғыс айтасыз! Кітаптың қорытынды сөзінде мына бір ақиқатты айтады: «Араға он жыл  салып, не үшін екенін де, бұл сынаққа неге менің таңдалғаным да белгілі болды. Күрес үшін, Сенім үшін және Жеңіс үшін!.. Үмітіңіздің ақ гүлі солмасын, қымбатты оқырман!

 

Рауан МУТАИР
25.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 101
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 101
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 619
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 737
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 649
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 658

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8793
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8194
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11421
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9175
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10407