Ұмытылмас Желтоқсанның ызғары

Ұмытылмас  Желтоқсанның ызғары

Желтоқсан көтерілісі кезінде өндірдей жап-жас батырларымыздың алды қазір алпыстан асты. Міне, Желтоқсанның қаһарманы Ыдырыс Аяп та бүгін 60 жасқа келіпті. Біз төменде оның көтеріліске қатысқаны жөнінде жүрек тебірентерлік әңгімесін жариялап отырмыз. Еңсегей бойлы, терең ойлы Ыдырыс бауырымыз әрі шешен, әрі әнші, өнерлі, жан-жақты азамат. Ветеринария саласының маманы. Ақталған, қоғам қайраткері. Өзіндік ойларын, пікірлерін ашық айтып, елі үшін жанын беруге даяр тұрған атпал азаматтың жары да көтеріліске қатысқан. Ыдырыс батырды бүгінгі мерейтойымен құттықтай отырып, оған ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасына береке-бірлік тілейміз!

Сол бір кез, сол бір жастық шақ, мұз жастанған күндер,  бәрі-бәрі әлі есімде... Менің ғана емес-ау, тіпті күллі елдің есінде. Әсіресе қазағымның жадында қалған ұлы оқиға еді бұл. Сонымен...

Астанамыз – Алматы қаласы. Қазақ елінің әр өңірінен келіп, білім алып, талаптанып, қанаттанып жүрген студент жастармыз. Көбіміз жатақханаларда тұрамыз. Мен болсам АЗВИ-дің ветеринарлық факультетінің  2-курсында оқимын. Бөлмелестердің бірі Жамбылдан, бірі Ақтөбеден, екеуіміз Қызылордадан. Мен Қазалы ауданының Абай ауылынанмын. Ойымызда сабақ, сессия, сосын жаңа жылға деген дайындық, сапырылыс әйтеуір...

Әлі есімде, сол күні, яғни 16 желтоқсанда сабақта түс ауа студенттер арасында неше түрлі алып қашпа әнгімелер айтыла бастады. Бірі: «Қонаевты орнынан алып тастапты, әзірге Қазақстанды ешкім басқарып отырған жоқ» – десе, енді бірі: «Бәрін Москва, Орталық Комитет шешеді, кімді алып, кімді қоямын десе де солардың қолында», – дейді. Қанша дегенмен кеудеңде ұлттық намыс отың барда мұндай саяси әңгімеге мән бермей теріс қарауың тіпті де мүмкін емес еді. Өйткені бұл – Москваның, яғни Орталық Комитеттің тұтқасын ұстағандардың одақтас республикаларды ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда ұстаймын деген озбырлық саясатының шектен тыс шығып бара жатқан кезеңі еді. «Шыдамның да шегі бар» дегендей, кешке қарай жатақханада осы әңгіменің төңірегінде қызу пікірталастар көбейе бастады. Сөйтіп, біздер – АЗВИ-дің жігіттері мен қыздары сол 16-нан 17-не қараған түнді ұйқысыз өткізіп, таңертеңгісін сабаққа бармай, бірден Брежнев атындағы алаңға қарай беттедік. Көшеде жүргіншілер көбейе бастады. Көбі Сәтпаев көшесімен алаңға қарай беттеп келеді. Біздер, бірге оқитын курстастар, алаңға тез жетейік деп тротуармен жүгіре басып барамыз. Ойымызда ешқандай да қорқу, үрку деген жоқ. Тек, біршама уақыттан кейін ғана байқағанымыз – бізді, яғни алаңға жиналып қалған 200-дей кісіні милиция қызметкерлері қоршауға алды. Бірақ бұл кезде жан-жақтан жиналған студент жастар мен жұмысшы жастардың алаңды сыртынан қоршап алған сәті еді. Көп ұзамай олар қоршаған милиция құрсауын бұзып, бізбен қосылып кетті. Біраз адамдар мінбеге шығып сөз сөйледі. Оның ішінде атақты әнші апамыз Роза Бағланова да, осы күнгі өзіміздің Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та болды.

Нұрсұлтан Әбішұлы: «Сендер, жастар, саясатпен айналыспай, оқыған білімдеріңмен айналысыңдар!» – деді. Сөйтіп, біздің алаңнан тып-тыныш кеткенімізді қалады. Ал біз болсақ соған ерегескендей кешке дейін алаңнан кетпей қойдық. Ол уақытта жастардың Олжас Сүлейменовке деген ықыласы ерен еді, сондықтан келеді деп күттік. Бірақ келмеді. Д.А.Қонаев атамыз да келетін шығар, сөзін тыңдайық дедік. Бірақ ол кісі келгісі келгенімен, алаңға жолатпай қойыпты. «Бәрін айт  та бірін айт» дегендей, сол күні түнгі сағат 23:25 шамасында бір шала қазақ генерал (аты-жөнін ұмытып қалдым) келіп, сес көрсетті. «Қайтыңдар! Әйтпесе бәріңді күшпен қайтарамыз» – деп, бұйыра дауыс көтерді. Алайда оның сөзіне құлақ асқан бір жан болмады. Сол сол-ақ екен, бір уақытта алаңның шығыс жағынан (Фурманов-Сәтпаев) жарқ-жұрқ етіп прожекторлар жана бастады. Мұздай қаруланған арнайы отряд сарбаздары қаптады. Сонда мен бірінші рет елімізде қалың әйнек қалқандарын ұстаған, қолдарында резина таяқтары бар халыққа қарсы қоятын арнайы әскердің бар екенін көрдім. Қанды қырғын басталып кетті. Алаңнан бізді тықсырып шығарамыз деп әскер әлек; оларға берілмейміз деп біз әлекпіз. Осылай бір жарым сағаттай арпалыстық. Алаңдағы су бұрқақтарының жақтауынан, үйлердің сыртындағы қабырғасын қаптаған мәрмәр тастардың сынықтарының түнде ерсілі-қарсылы қалай ұшқанын көрсең. Ол тастар сарбаздарға тиіп жатыр, олар да бізге қарай лақтыра бастады. Сондай тастың біреуі бір жігіттің бет-аузын ойып кеткенін көрдім. Ақырында сол тастың бірі маған да келе жатқанын байқап, қашып үлгерейін деп оң жаққа қарай қисайғаным сол еді, бәрібір сол жақ шынтағыма тиіп, қолым ұйып сала берді. Әй, сынған шығар деп, қолымды қайта-қайта ұстап қоямын. Сынбаған сияқты. Бірақ сол қолым кейін жеңіме сыймайтындай болып ісіп кетті...

Қыздарымызды қорғаштаймыз деп, арнайы отрядтың резина таяқтарының тоқпағына да ұшырадық. Қыздарымыз да оңбай таяқ жеді. Сонда бір таң қалғаным: қазақ қыздарының асқан қайсарлығы болды. Тұра-тұрға қарамай: «Алға жігіттер! Ел үшін, жер үшін! Қазақстанымыз үшін алға!» – деп ұрандатқанда тура тұла бойың, төбе құйқаң шымырлайды. Қойшы, несін айта берейін, бізді тағы да қосымша әскер келіп, қоршағалы жатыр дегенді естіп, жан-жаққа бытырап қаша бастадық. Сол сәттерде жанымда жүрген кластас досым Кенжалиев Жақыпқалидан және оның жанындағы достары Ғабит, Мұрат, Ортайлардан  көз жазып қалдым. Бір қараңғы, бір жарық, айқыш-ұйқыш апақ-шапақ болған алаңда біреуді көресің, біреуді көрмейсің!

Байсейітова көшесімен төмен қарай қашып келеміз. Жанымда группаласым Сапарбаев Бекежан мен Сейітбаев Еркін бар. Сөйтсек, Абай даңғылы жағындағыларды итпен қуалап, ұстап жатыр екен. Содан үшеуміз әрең қашып шығып, Құрманғазы көшесімен батыс жаққа жүгіріп отырып, Абай мен Байзақов көшелерінің қиылысында тұратын Бекежанның апайының үйіне барып бір-ақ тоқтадық. Бұл сағат түнгі 02-ден асқан кез еді.

Ертеңіне 18-і күні сағат 8:30-да №7 жатақханамызға келсек, жатақхананың есігі шегеленген, айнала толы итпен торуылдап жүрген солдаттар. Одан әрі қайтадан алаңға кеттік. Оның арты тағы да қуғын-сүргін ұрыс... Кейін ол сергелдеңге түскен күндерге ұласты. Бір-бірін аңдыған күндер болды сол кезең. Кейін қара тізімге алынып, комсомол жиналысына түсіп, қатаң ескертулермен калдық қой, әйтеуір...

 

Ыдырыс АЯП
05.12.2022

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: МӘМС ЖҮЙЕСІНЕ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАМТУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 94
ТҮРКІСТАН: «ЖЕТІСАЙ» КОМАНДАСЫ ТУРНИР КЕСТЕСІНДЕ КӨШ БАСТАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 82
МАҚТААРАЛҒА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 100

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1234
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7280
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11142
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7342
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7489