Оралдық ғалымдар қолға алған бал арасы шаруашылығын дамыту жобасы екі жыл ішінде айтарлықтай нәтиже көрсетті. Бүгінде ара шаруашылығымен айналысатын мекеме-ұйымдармен әріптестік байланыс орнатылып, қызмет аясын одан әрі кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Жуырда табиғаттың ғажайып сыйы – бал аралары шаруашылығын көзбен көру үшін «Золотой улей» шаруа қожалығындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің омартасында болдық. Омарта басында «Ветеринария» мамандығында оқитын 3-курс студенттері тәжірибелік машықтан өтіп жүр екен.
Екі жыл бұрын аталмыш жоғары оқу орнында «Батыс Қазақстанда ара шаруашылығын дамыту жобасы» қолға алыныпты. 2020 жылы жеке қаражатқа бал арасының 10 ұясын сатып алған университет басшылығы оларды «Золотой улей» шаруа қожалығының (иесі – Сергей Кривобоков) омартасына арнайы келісімшарт бойынша орналастырған. Осы жобаға жетекші ретінде бекітілген аға оқытушылар Гүлдана Идрисова мен Берік Сатыбаев жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды.
– Биыл үшінші жыл қатарынан біздің омартамызда «Экология», «Ветеринарлық медицина» және «Ветеринарлық санитария» мамандығы бойынша білім алатын студенттер тәжірибелік машықтан өтуде. Мұнда олар ара шаруашылығына кіріспе, бал және бал өнімдерін алудың этаптарын игеріп, араның ауруларымен және оның зиянкестерімен күресу жолдарын меңгереді, – деді Берік Ғариполлаұлы. Гүлдана Зейноллақызы бал аралары шаруашылығында әзірге тек қана бал алынып жатқанын айтты.
– Әр маусымда бір ара ұясынан 15 келі бал алынады. Бірақ ауа райына байланысты бұл көрсеткіш кемуі де мүмкін, – деді Гүлдана Зейноллақызы. Шаруашылық басында жүріп, бал араларының тылсым құпиясына қанығатын білім алушылар осы жобаға өздері де қызығушылық таныта бастапты. Олар да жобалар жасақтап, гранттық қаржыландыру конкурстарына ұсына бастаған. Оралдық ғалымдар жергілікті әкімдікке бал арасы шаруашылығын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын дайындауға көмектескен. Қазақстан омарташыларының «Бал-ара» атты ұлттық одағымен де өзара ынтымақтастық меморандумы бар. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу институттарымен де келісімшарттар жасалған. Мұндай әріптестік байланыстар ара шаруашылығы базасын кеңейтуге, дамытуға септігін тигізері анық. Л