Халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрінің бірі – бата беру. «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер», «Бота алғанша – бата ал» деп тегін айтпаса керек. Батаның қадір-қасиеті жоғары. Ақ ниетпен бата беріп, жақындарына тілек тілеу – қазақтың қанына сіңген дәстүр. Қазақ арман-тілегін жақсы тілекке жалғап, жарқын мазмұнға сыйыстырып, жақсы сөзден қуат алатын халық. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, не нәрсені де жақсылыққа жоруға құштар. Ескірмеген салттың бірі – бата беру. Қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені батаның адам өміріне тигізер әсері зор болғаны тарихтан белгілі. Сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген.
ҚР білім саласының үздігі, ұлағатты ұстаз, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуші Шарипа Макеевамен еркін сұхбаттаса отырып, жаңа бір әлемнің кілтін ашқандай күй кешіп, жаны дарқан қазақ әйелінің ғажайып қадір-қасиетіне қанықтық деуімізге болады. Батагөй апамызбен осылай әңгіме-дүкен құрып, соңынан батасын алдық.
– Шарипа әже, ұрпақ тәрбиесіндегі басты ұстанымыңыз бен бағыт-бағдарыңызды айта кетсеңіз.
– Бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – тәуелсіз мемлекетіміздің уығы боп қадалатын қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру. Адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Балалар мен жастар тәрбиесінің болашағы – оларды рухани адамгершілік жағынан нағыз адам етіп қалыптастыру керек. Сонда ғана нағыз толыққанды тұлғаға айналады. Тәрбиедегі басты мәселе – балалардың тұлғааралық қатынасын дәріптеу, өз құрбы-құрдастарымен, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасын жасай білу, ол үшін өзге адамдарды түсінуі, қабылдауы, әр адамның даралық ерекшелігін жасына, ұлтына қарамастан саналы түсіне білуі, өзіне сын көзбен қарап, өзінің көңіл күйін, атқарған іс-әрекетінің есебін түсініп, істеген ісінің нәтижесіне өзіндік баға бере алғанда оның болашағы биікте болары сөзсіз. Бүгінгі бала тек мұғалім берген білімді игеріп қана қоймай, оны әрі қарай өзінің белсенді, нысаналы, зерделі, дарындылық іс-әрекетімен сабақтастыра білгенде болашағы кемел болары сөзсіз. Ағайынды бауырластырып, алысты жақындастырып, өкпеліні татуластыратын мейірімге бөленген ғажайып көктем тәрізді жас ұрпағыма тек аналық ақ тілегімді үнемі тілеп отырамын.
– Наурыз мерекесі құтты болсын! Ізгі лебіз сізден болсын...
– Наурыз – жылдың алғашқы күні. Түптеп келгенде, біздің нағыз Жаңа жылымыз осы Наурыз болуы қажет деп ойлаймын. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен
тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған. Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Ұлыстың осы бір ұлы күні жер бетіндегі қанды соғыстар, дау-жанжалдар тоқтатылып, адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімге келіп, татуласып, табыса білген. Халқымыз мол дастарқанын жайып, ақ жарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, өткен-кеткеннен сыр тартып, барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеп, жастарға ақ баталарын берген.
Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін. Ұлу жылы ел тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын!
– Ізгі тілегіңізге мың алғыс!
«Жасымда қаншалықты бейнет берсең, қартайғанымда соның зейнетін көрсете көр» деген нақыл сөздің жаны бар. Бұл нақыл сөз еңбегінің зейнетін көріп отырған Шарипа әжеге арналып айтылғандай. Қазір Шарипа әже төрт немере сүйіп, солардың қызығына бөленіп отыр. «Бата алғанға бақ бұйырады» дегендей, Шарипа әжеміздің батасын біз де алдық. Иә, қартын қадірлеген ел азбайды. «Қариясы сиреген ауылдан ар-иман қашады» дегендей, аузы дуалы, сөзі мағыналы Шарипа әже секілді қазыналы қартымызды қадірлей білсек болғаны. Алла деніне саулық беріп, ауыл-аймақтың батагөй қариясы болып жүре берсін демекпіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, әр күніміз табысты болсын!
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, ұлағатты ұстаздық жолында ұшан-теңіз еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеген Шарипа әжейдің баталарын оқырман назарына ұсынамыз. Қажетіңізге жарап қалар. Бата жаттап жүріңіз.
Ақ бата
Армысыңдар, жайсаңдарым!
Жыл басында тілерім,
Қабыл алсын жүрегің!
Жақсылықтан әрқашан
Үзілмесін күдерің!
Қолың баққа жетсінші,
Алла нұрын төксінші!
Жаңа жылда ендігі
Үйіп берсін ырысын!
Бәріңе бақыт тіледім,
Қабыл болсын тілегім!
Ел іргесі аман,
Тыныштық заман болсын!
Аман болсын халқым!
Асқақтай берсін
Абырой мен даңқың!
Алла Тағала жар болсын!