Қазан айының басында Астанада үстел теннисінен Азия біріншілігін қабылдайды. Біздің еліміз аталған спорт түрінен құрлық додасын тұңғыш рет өткізгелі отыр. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитеті жазды.
Үстел теннисінде әлем үздіктері азиялық спортшылардан құралғаны жасырын емес. Сондықтан, жанкүйерлер өте тартысты кездесулердің куәсі болады деп күтілуде.
Азия чемпионаты спортшылар деңгейі мен бәсекелестік жағынан әлем біріншілігінен кем түспейді. Оның үстіне, әлемдік спортта сары құрлық өкілдері үстемдік танытатыны анық.
Мәселе, 2023 жылғы әлем чемпионатында жүлдегерлер үштігі тек қана азиялықтардан құралды: Қытай бірінші, Оңтүстік Корея екінші, Жапония үшінші орын иеленді (ӘЧ тарихында Қытай жалпы есепте алда келеді). Сондықтан, Азия біріншілігін әлем алыптарының айқасы деп сеніммен атауға болады.