«Qazaqstan dauiri» газетінің 2022 жылы 3 ақпандағы №04 (13887) санында «Көші-қонға да жаңа көзқарас, тың реформа қажет!»- атты материал жарияланған болатын. https://qazdauiri.kz/news/kosi-qonga-da-zana-kozqaras-tyn-reforma-qazet-1 Онда, соңғы кезде түрлі себептермен саябырлап қалған қазақ көшінің алдағы беталысы туралы, осы саладан хабары бар көзіқарақты азаматтардың пікірлерін оқырмандарға ұсынған едік. Біз, жұқпалы індеттің беті қайтып, шекаралар ашылатын болса, қазақ көші қайтадан жандана ма деген сұраққа жауап іздеп көрдік.
Бүгінгі кейіпкеріміз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қорының Монғолиядағы өкілі, Монғолия қазақ жазушылары кеңесінің төрағасы Хабстар Омарұлы. Біз Хабсатар ағамызбен телефон арқылы байланысқа шығып бірнеше сұрауларға жауап алған едік.
– Моңғолияда қазір қанша қазақ бар? Олар қай өңірлерге қоныстанған? Біреулер Баян-Өлгий мен Ховдадан басқа жерде қазақ қалған жоқ деседі...
– Моңғолияда жалпы 150 мың қазақ бар деп айтылады. Кейінгі жылдары санақ жүргізілген жоқ. Алайда әлеуметтік зерттеулер, жыл соңындағы халықтың экономикалық көрсеткіштері секілді құжаттардан белгілі болғаны – жалпы 150 мыңның төңірегінде қазақ бар екені анық. Қазақтар Моңғолияның әр түкпірінде бар. Негізгі бөлігі Баян-Өлгий аймағында тұрады. Аймақтағы 108 мың халықтың 92-93 пайызын қазақтар иеленеді. Одан басқа Ховда аймағында шоғырлы қоныстанған. Кезінде аймақ халқының 20 пайызы қазақ еді. Қара шаңырақ Қазақстанға көшкендердің қатары көп болды да, қазір бұл аймақта 15 мыңның айналасында қазақ қалды. Сонымен қатар Улаанбаатар қаласы мен қалаға қарасты Эргэн, Налайхан қатарлы аудандарда жалпы 15 мыңның айналасында қазақ бар делінеді. Монғолияның солтүстік жағындағы Дархан аймағында да 2,5 мыңдай қазақ бар. Эрдэнд қаласында кеңес одағының көмегімен салынған үлкен мыс комбинаты бар. Осында жұмыс істеп тұрып қалған 2 мыңдай қазақ бар. Бұдан өзге де Сэлэнгэ аймағында, шығыстағы Хэнтэй, Дорнод деген аймақтарда да біраз қазақтар өмір сүріп жатыр.
Авторы: Бейсен Ахметұлы
Моңғолиядағы өндіріс тау-кен саласымен қатысты. Осында өндірілген шикізаттар экспортқа жөнелтіліп, елдің экономикасында маңызды орындарды иеленіп тұр. Бұлар негізінен оңтүстік аймақтарда көбірек. Моңғолияда Өмөнгов, Оюутолгой, Тавантолгой (көмір базасы) секілді әлемдік деңгейдегі өндіріс орындары бар. Кейінгі жылдары осындай кәсіпорындарда жұмыс істейтін қазақ жастары көбейіп келеді. 1990 жылдардың басында қазақтар мемлекет жан санының 5-6 пайызын құрайтын еді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген қандастарымыз атажұртқа қоныс аударды. Жалпы Моңғолиядағы қазақтардың өсімі жаман емес. Мұнда көпбалалы отбасыларды жиі кездестіруге болады. Өсім жағынан ел бойынша алдыңғы қатарда.
авторы: Бейсен Ахметұлы
– Моңғолиядағы ағайындар бірыңғай малшаруашылығымен ғана айналыса ма? Қазіргі таңда өзге салаларға бет бұру жағында жаңалықтар бар ма? Мысалы, Монғолиядағы кен қазу саласын қазақтар ғана игеріп жатыр деседі... зауыт, фабрика ашып кәсіптеніп отырған ағайындар көп пе?
– Моңғолиядағы қазақтар негізінен малшаруашылығымен айналысады. Кейінгі кезде жастар түрлі салаларға ойыса бастады. Қазақтар көп шоғырланған Баян-Өлгий аймағында ірі өндіріс орындары жоқ. Құрылысқа, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдармен айналысатын, киім-кешек тігетін, азық-түлік дайындайтын шағын кәсіпорындар бар. Алайда індеттің таралуына байланысты көбі тоқырап қалды. Баян-Өлгий жағрапиялық тұрғыдан таулы өңірге жатады. Мұнда егіншілікпен айналысу қолайсыз. Тек Ховда өзенінің төменгі арнасы тұратын қазақтардың арасында көкөніс өсірумен, малдың жем-шөбін дайындаумен шұғылданатындар бар. Дархан, Сэлэнгэ аймақтарындағы егіншілікке қолайлы өңірлерде қазақтарға тиесілі ірі қожалықтарды кездестіруге болады.
Ал «Кен қазумен тек қана қазақтар айналысады» деген бекер сөз. Кезінде Моңғолияның тау-кен өндірісінде орны бар, Улаанбаатардан 40 шақырым жерде орналасқан Налайхан деген үлкен шахта болған. Осы кенде жұмыс істейтін қазақтар көп еді. Қазір кен орны жабылды, бұрынғыдай көп қазақ қалған жоқ.
авторы: Бейсен Ахметұлы
– Қазіргі таңда Моңғолиядағы қазақ мектептерінің жағдайы қандай? Ондағы ағайындар балаларын жаппай монғол мектептеріне беріп жатқан жоқ па? Жалпы білім беру саласы туралы айта кетсеңіз...
– Қазіргі таңда Баян-Өлгий аймағы бойынша 50-ге тарта орта мектеп бар. Бірнешеуі ғана монғол мектебі делінгенімен, қалған мектептердің барлығында негізгі пәндердің барлығын монғол тілінде өткізеді. Қазақ тілі мен әдебиеті пән ретінде аптасына бірнеше сағат қана оқытылады. Бұған көңіліміз толмай, мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің сағат санын көбейту туралы министрлікке ұсыныстар жолдап жатырмыз. Біздің ойымыз, оқушыларымыз монғол-қазақ екі тілді қатар меңгерсе дейміз.
Қазір «Моңғолия қазақ қаламгерлер кеңесі», «Қазақ тіл-әдебиетін қолдау одағы» секілді ұйымдар құрып жұмыс істеп жатырмыз. Қаламгерлер кеңесінің жанынан «Бес тәңір» атты жас ақындар клубын аштық. Алдағы наурыз мерекесі қарсаңында Моңғолиядағы қазақтың жас ақындарының барлығының басын қосып, үлкен аламан айтыс өткізгелі жатырмыз.
Ұлтымыздың мүддесі үшін күресіп жүрген тағы бір маңызды шаруамыз қазақ тарихын ғылыми айналымға енгізу төңірегінде болып жатыр. Моңғолиядағы халықтың түсінігінде қазақ халқы бұл елде кейінгі екі ғасырдан бері тұрып жатыр деген түсінік бар. Алайда қазақтардың өте ертеден, сонау көк түріктер кезінен, онан берігі Шыңғыс заманында да осы далада өмір сүрген ежелгі халық екені белгілі. Біз сол замандағы Керей, Найман секілді ұлыстармен тайпалардың заңды мұрагерлеріміз. Қазір осы туралы ешбір оқулықта айтылмайды. Қазақ балаларының да ұлт тарихынан хабары азайып барады. Сондықтан қазақ тарихы мен мәдениеті, әдебиеті секілді маңызды салаларды Моңғолия тарихына енгізу туралы ұсыныстар айтып, мәселе көтеріп келеміз. Білім саласында екінші бір көтеріп жүрген мәселеміз – бастауыш мектептерге ана тілі пәнін енгізу. Бұл келешекте ғылым үшін алғашқы баспалдақ болмақ. Ал Моңғолиядағы қазақ жастары шетелдерге барып білім алу жағында экономикалық және тілдік кедергілер болмаса, өзге ешқандай шектеулер жоқ.
«Qazaqstan dauiri» газетінің 2022 жылы 3 ақпандағы №04 санында «Көші-қонға да жаңа көзқарас, тың реформа қажет!» атты материал жарияланған болатын. Онда соңғы кезде түрлі себептермен саябырлап қалған қазақ көшінің алдағы беталысы туралы, осы саладан хабары бар көзіқарақты азаматтардың пікірлерін оқырмандарға ұсынған едік. Біз жұқпалы індеттің беті қайтып, шекаралар ашылатын болса, қазақ көші қайтадан жандана ма деген сұраққа жауап іздеп көрдік.
Бүгінгі кейіпкеріміз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қорының Моңғолиядағы өкілі, Моңғолия қазақ жазушылары кеңесінің төрағасы Хабсатар Омарұлы. Біз Хабсатар ағамызбен телефон арқылы байланысқа шығып бірнеше сұрауларға жауап алған едік.
авторы: Бейсен Ахметұлы
– Пандемия аяқталып, жағдай бұрынғы қалпына келер болса, Моңғолиядан Қазақстанға көшіп келушілер көбейе ме әлде көш саябырлай ма? Жалпы көш туралы не айтасыз?
– Көші-қонның саябырлауы жалғыз Моңғолиядағы ағайындардың басындағы жағдай емес. 2015 жылы көші-қон саласына қатысты өзгертілген заңдардан кейін қайта қарқын ала бастаған көш, індетке байланысты тоқырап қалды. Алайда қанша кедергілер болса да қара шаңырақ – Қазақстанға бет түзеген адамдардың легі тоқтаған жоқ. Мысалы 2021 жылы елімізден 2006 адам Қазақстанға көшіп кетті. Баян-Өлгийдің өзінен 36 отбасы көшті.
Енді осы жерде кездесетін басты кедергі – жолдың қиындығы болып тұр. Бұрынғы Ресеймен айналып баратын 1600 шақырымдық жолды ешкім ауырсынбайтын еді. Кеденде қанша кептеліс, кедергілер кездесіп, өткелектерден өтіп жүрсе де халық ары-бері сабылып жататын. Бір кезде ашылған Өскеменнен Баян-Өлгийге қатынайтын ұшақ кейін тоқтап қалды. Соңғы кезде атажұртқа кетушілердің кейбіреуі Улаанбаатардан Бішкекке барып, онан соң Қазақстанға кіріп жатыр.
Көш дегенде, бізден барған ағайындарға ауыр тиетін бірнеше кедергілер бар. Бұл туралы көп айтылып келеді. Алайда өзгергені шамалы. Олар ең әуелі қағазбастылық. Азаматтық алу тәртіптері қанша жерден жеңілдеді десек те талап ететін анықтамалар мен құжаттар әлі көп. Бұған көші-қон полициясындағы қызметкерлердің ызғарлы қабағын, делделдардың алдамкөстігін, шенеуніктердің жемқорлығын қосыңыз. Осы жағы біздегі ағайындарды көбірек алаңдатады. Барлығымыз болашағымызды Қазақстанмен байланыстырамыз. Сондықтан азаматтық алу жағындағы дайындалатын көп қағаздар мен анықтамалардың санын азайтса, талаптарын жеңілдетсе деген тілегіміз бар. Мысалы ДҚҚ-өкілі ретінде өткен екі жылда, Қазақстанға барғанына 30 жылға таяса да әлі азаматтық алмаған бірнеше адамның қажетті құжаттарын осы жақтан дайындап жолдап бердім.
Тағы бір қиыншылық тіл мәселесі. Қазақ тілінің 30 жыл өтсе де кең қолданысқа ене алмауы бізден барғандарға айтарлықтай қиындықтар туғызады. Монғолиядан барған ағайындардың бір ерекшелігі кирилл жазуын білетіндігінде болып тұр. Қытайдан келген ағайындар орыс тілімен қоса жазудан да қиналады. Қазақстанда болып жатқан әрбір өзгерістерді қалт жібермей қадағалап отырамыз. Президент «Жаңа Қазақстан құру» туралы айтып жатыр. Енді жаңа Қазақстанда осы секілді кедергілер жоғалса екен деп тілеп жүрміз...
авторы: Бейсен Ахметұлы
– «Қаңтар қырғыны» туралы естіп жатқан шығарсыздар? Сіздерге қалай әсер етті? Бұл көшемін деушілерге кері әсер етіп жатқан жоқ па?
– Қаңтардағы оқиға мұндағы ағайындарды қатты қамықтырды. Қазақтың жалғыз отаны – Қазақстан болғандықтан, ондағы әрбір жағдайлар, шетте жүрген біздерді бей-жай қалтырмайды. Әрі барлығымыз да Қазақстанды арқа сүйер асқар тауымыз деп білеміз. Қаңтардағы уақиғадан кейін біраз адамдар бізге хабарласып, Қазақстандағы қиыншылыққа ұшыраған азаматтарға көмек жинасақ деген ұсыныстарын айтты. Мұндағы елдің жинаған азын-аулақ қаражаты не болар дейсіз? Дегенмен ағайынның адал ниетіне риза болмай тұра алмадық!
Сіздің сұрағыңызға турасын айтсам, Қазақстандағы уақытша болып жатқан қиыншылықтардан қаймығып отырған қазақ жоқ. Не көрсек те атажұрттағы ағайындармен бірге көреміз деп білек сыбанып отырған адамдар көп. Сондықтан індеттің беті қайтып, жағдай оңалатын болса, көш бұрынғыдай жалғаса беретіндігіне күмәніміз жоқ. Бізден барған студенттердің 80 пайызы сол жақта қалып жатыр. Әрбір отбасыдан бір-екі адам Қазақстанда жүр. Біреудің бірге туған-туыстары көшкен дегендей. Сондықтан Моңғолиядағы қазақтардың жарты жаны Қазақстанда деп айтамыз.
Қазақ халқын алып бәйтерекке теңейтін болсақ, шетелдерде тұрып жатқан қандастар оның алысқа кеткен, тереңге тартқан бір тамыры іспетті. Төңіректің төрт бұрышында қазақтар өмір сүріп жатса несі жаман? Керегесін кеңге жайған, өсіп-өнген халық екеніміздің айғағы емес пе? Сондықтан мұндағы елге «Қазақстанға түп қотарыла көшіп кет немесе көшпеңдер» деп ештеңе айта алмаймыз. Қаласа осы үйренген жерлерінде тұра берсін. Көшкісі келсе қара шаңырақ Қазақстанға барсын дейміз. Ал екі елдің арасындағы байланыс үзілмесе, екі жақтағы қазақтардың да көші-қоны тоқтамасы белгілі.
– Әңгімеңізге рахмет!
авторы: Бейсен Ахметұлы