Бұл жоба еліміздің көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің алғышарты болмақ
Ақтөбе облысындағы Хромтау ауданында «Хромтау» жел электр стансасының капсуласын салу рәсімі өтті. Бұл – осы сала бойынша облыстағы ірі жобалардың бірі.
Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, ERG Директорлары кеңесінің төрағасы мен мүшелері Александр Машкевич, Патох Шодиев пен Шухрат Ибрагимов, БАҚ өкілдері мен жұмысшылар қатысты.
«Хромтау» деп аталатын ERG-дің алғашқы жел электр стансасы аталған компания кәсіпорындарының декорбонизация бағдарламасы аясында әрі ESG қағидаттарына сәйкес салынып жатыр. 155 мегаватты жаңғыртымды қуат көзі 2024 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Осылайша Хромтау маңындағы 150 гектар аумақта жел генераторының паркі бой көтермек.
Жел электр стансасы жобасы тың инжиниринг әрі технологиялық әзірлемелерге сүйене отырып қолға алынған. Компания өкілдерінің айтуынша, IEC S санатындағы қуатты турбиналар жергілікті ауа райына бейімделген. Жел қарқыны секундына 3 метр болса да, 25 метрге дейін үдесі де сол желден қуат алады. Сайып келгенде, бұл станса Қазақстанның батыс өңірінің шұғыл континенталды жағдайында қажетті көлемде қуат өндірілетініне кепіл бола алады.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «жасыл экономикаға» өту аясында энергияның баламалы және қалпына келтіріліп жатқан түрлерін өндіру жұмыстарын дамыту міндетін қойғаны белгілі. Аталған тапсырманы орындау аясында біздің өңірде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі қуатты жел электр стансасының құрылысының басталуы – соның бір көрінісі. Әрі бұл облыс үшін маңызды оқиға. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызы зор «Қазхром» компанияларының қарқынды дамып жатқанына қуаныштымыз, – деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Электр қуаты Ақтөбе облысындағы ірі өндірістік кәсіпорындардың бірі – «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатына жеткізіледі. Бүгінде кәсіпорын 45 мегаватқа жуық электр қуатын тұтынып отыр. Келешекте өндіріс қуаты ұлғайып, жаңа жобалар жүзеге асырылатынын ескерсек, комбинаттың қуат тұтыну мөлшері де 80 мегаватқа дейін артуы мүмкін. Өз кезегінде бұл аймақтың энергожүйесіне айтарлықтай жүктеме болар еді. Жел электр станциясы Дөң ТКБК-ның ғана емес, іргелес орналасқан Ақтөбе облысының өзге де өндірістік кәсіпорындарын қуатпен қамдай алады. Осылайша, аймақта туындауы мүмкін қуат тапшылығы мәселесі толық шешіледі.
Жел электр стансасынан алынатын таза қуат Қазақстанда көмірден электр энергиясын өндіру көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Нақты осы жобаны жүзеге асыру нәтижесінде атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындылары жылына 520 мың тоннаға қысқарады. Бұл көміртегі бейтараптығына жетудің алғышарты екендігі айқын.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылы Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі керек деді. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз.
Дөң тау-кен байыту комбинатын жел электр қуатына көшіре отырып, ұтымды бастамаға нық қадам жасап отырғанымызға сенемін. Кейін бұл сәтті кейсті ERG-дің өзге де кәсіпорындарында тыңғылықты қайталай аламыз деген үміт бар. Түпкі ұмтылыс – көміртегіне бейтарап мемлекет болу мақсатына барынша жақындаймыз, – деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
Жалпы ERG қолға алған Экологиялық стратегиясын жүйелі жүзеге асыра отырып, СО2 шығарындыларын 2 млн тоннаға азайтуды жоспарлап отыр. Бұл бағытта жаңғыртымды қуат көздерін дамыту, энергетикалық тиімділік пен қуат үнемдеуді арттыру көзделген. 2030 жылға қарай шығарындылар көлемі – 56%, төкпелер көлемі – 30%, су тұтыну мөлшері 33% төмендетілмек.
ERG алғашқы жел электр стансасы жобасына шамамен 110 млрд теңге көлемінде қаржы бөліп отыр. Құрылыс кезеңінде мұнда 300-ге тарта жұмыс орны ашылады. Станса іске қосылғаннан кейін 30 адам тұрақты жұмыс істейді.
ERG-дің экологиялық стратегиясы аясында компания Хромтаудағы Дөң ТКБК-да «Шлам өңдейтін байыту фабрикасын» салу бастамасына 2030 жылға дейін 900 млрд теңге қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Бұл кәсіпорында қордаланған шлам көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Жоба хром оксидін алу тиімділігін арттыруға бағытталған. Сайып келгенде, қордаланып қалған шлам қайта өңделіп, одан жыл сайын 700 мың тонна өнім алынбақ. Компания өкілдерінің айтуынша, концентрат сапасы 48,5%-тен төмен болмайды. Мұнда жылына 1,7 млн тонна шикізат қайта өңделмек. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде концентрат тапшылығы азаяды деген болжам бар. Фабриканы алдағы жылы толық қуатына шығару көзделген. Жобаға жұмсалған инвестицияның жалпы көлемі – 50 млрд теңге. Мұнда 270 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Осы орайда, Дөң ТКБК ERG-дің тағы бір стратегиялық маңызды жобасы – «Қазақстан Тәуелсіздігінің онжылдығы» шахтасының 2-ші кезеңінің құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Шахтаның жаңа кезеңі хром кенінің өндіріс көлемін жылына 7,5 млн тоннаға дейін жеткізуге жол ашады. Сәйкесінше, орта және ұзақмерзімді перспективада ферроқорытпа зауыттарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
Мұнда дәстүрлі өнімділігі төмен игеру тәсілдерін жаңасына алмастыру көзделген. «Қазақстан Тәуелсіздігінің онжылдығы» атындағы шахтаның 2-ші кезеңін іске қосу нәтижесінде 1 000 жұмыс орны ашылады. Бөлінген инвестиция көлемі – 877,6 млрд теңгеден астам.
Осы үш жобаны да аталған компанияның Қазақстандағы ірі инвестициялық жобаларын әзірлеп, іске асыру үшін арнайы құрылған ERG Capital Projects компаниясы жүзеге асырып жатыр. ERG директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевичтің айтуынша, бүгінде зауыттан шығатын қалдықтарды қайта өңдеу, шығарындыларды азайту мақсатында басқа да ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.