Ана тілден ажыраудың арты – қасірет! Адам ұрпағымен өміршең! Баяғыда аталарымыз «Мен өлгенде артымнан ұрпағым дұға бағыштасын! Салт-дәстүрімді жалғастырсын! Тілімді ардақтасын!» деп тілейді екен. Бай болсын, бағылан болсын демейді екен. Өйткені ырыздықты беруші – Алла! Жарық дүниеге келдің бе, еңбектенсең, несібеңді аласың. Ал ұлттық құндылықтан айырылдың ба? Оның арты орны толмас өкініш...
Алла Тағаланың өзі ана сүтімен келетін қасиетті аяққа таптағандарды ешқашан аямайтын сияқты...
Қазақта небір классик ақын-жазушылар бар. Жазғандарын оқып отырсаң, олардан асқан ұлтшыл, олардан асқан данышпан, олардан асқан ақылгөй жоқ. Бірақ ұрпағы орысша оқыған, соның салдарынан ата дінінен безінген, ана сүтінен жерінген. Егер классик ұлты үшін жазса, неге бірінші өз балаларынан бастамаған? Балалары оқымаған дүниені өзгеге оқытам деу әділдік пе? Әлде қазақ тілінің болашағына сенбеген бе? Сенбесе, несіне «болашағы жоқ» тілде жазған? Сананы тұрмыс билеп, қаламақы үшін көзді жұмып жан пидалыққа тәуекел етті ме?..
Өкініштісі, біз өткеннен сабақ ала алмадық. Оған елімізде әлі күнге дейін орыс, қазақ мектебінің «қол ұстасып» «болашаққа» бірге қадам басып бара жатқаны дәлел. Орыс мектептерінде оқитындардың 80 пайыздайы қаракөз балалар екені жаныңызға батпай ма? Олардың ата-аналарының ойлағандары не? Жалған дүниеге тек материалдық тұрғыдан қарау кейде адамды малдан да төмен сатыға түсіретінін уақыт-тағдыр көрсетіп келеді... Ал біз жайбарақатпыз...