Бүгіндері елдің зәре-құтын қашырып, «бір жерде жарылғыш зат қойылған, сақтаныңыздар!» деп заң орындарына беттері бүлк етпей хабарласатын алаяқтар көбейіп кетті. Араққа сылқия тойып алып масаң күйде хабарлайтындар да бар. Әсіресе сауда үйлерінде, мектепте, теміржол, әуежай вокзалдарында бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат берушілер қатары азаймай тұр. Бала-шаға мен үлкендерді үрейлендіріп, содан рахаттанатындар ақылы кемшін жанның ісін істеуде. Әйтеуір күнде бір жан шошырлық ақпаратты естисің. «Жарылғыш зат қойылғандығы туралы жалған ақпарат тарату – жай ғана бұзақылық емес, қылмыстық жауапқа тартылатын әрекет» делінген заң орындарында. Олардың айтуынша, телефонмен өтірік мәлімет беретіндер жазасының қаншалықты ауыр екенін екшеп жатпайды екен. Мұндай жандар көбіне еріккеннің ермегі ретінде әзілдеп көңіл көтеру немесе масаң күйде жасайды. ІІМ өкілі таратқан мәліметтерге сүйенсек, былтыр ашылған 19 қылмыстың 15-ін жұмыссыз жандар жасаған екен. Соңғы уақытта жарылғыш зат туралы хабарламаларды «телефон алаяқтары» кек алу немесе көпшілікті әурелеу үшін бөгде біреудің атынан жіберу жағдайлары көбейген.
Былтыр Алматыдағы қалалық соттың әкімшілік ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат таралғанын «Хабар 24» арнасы хабарлады. Бірақ тексеру барысында күдікті ештеңе таппаған. Жедел қызметтері жіберіліп, әкімшілік қоршауға алынды. Қалалық соттың қызметкерлері мен келушілер эвакуацияланды. Полицейлер жалған ақпарат таратқан тұлғаны анықтап, жазалады. Қазірде мектеп оқушыларының өзі балаларды үрейлендіріп, қорқытқанды дәреже көреді екен. Ата-аналардың есіне салсақ, жастары 14-ке толған жасөспірімдер жазадан құтылып кете алмайды. Сондықтан байқаңыздар, ойыннан от шығып, жалған ақпарат тарату жарға жығып жүрмесін!
Көрінеу жалған ақпарат тарату
ҚР Қылмыстық Кодексi 274-бапта қысқаша айтсақ былай келтірілген екен:
1. Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, т.б. елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату – 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға не 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
3) бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер – 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) төтенше жағдай кезінде немесе ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында не жария іс-шаралар өткізу кезінде жасалған іс-әрекеттер – 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады екен. Ескерту. 274-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.