Заман дерті – алкоголь мен есірткі

Заман дерті – алкоголь мен есірткі

«Денсаулық – бірінші байлық» деп жиі ұрандатып жүреміз. Алайда, өз өмірін алкоголь мен есірткіге байлап қойған азаматтар қоғамда жетерлік.  Аға буын өкілдерінің арасында ащы судың артынан қуып, отбасы мен қоғамнан алшақтап кеткендер аз емес. Кеңес Үкіметі құлдырап, зауыт-фабрикалар жабылып, жұмыс тапшылығы туындағанда маскүнемдік індеті пайда болды. Басты себеп – жұмыстың болмауы. Істер істері болмағандық, күнделікті жиын құрып, алкогольді ортаға алып отыру белең алды.  Сол уақытта жеткіншек болған азаматтар «Әкеміз үйге ішпей келсе, біз үшін бір той болатын» деп әзіл араластырып айтып отырады.  Бұл сөздерге қарап,  сол уақыттары көптеген отбасының басты мәселесі осы болғанын байқауға болады. Ішімдік тек отбасын бұзып қана қоймай, баланың психологиялық жағдайына да кері әсер етеді.

   Тәуелсіздіктің туы желбіреген күннен міне 34 жыл өтті. Қазір жұмыс істеймін деген адамға екі қолға бір күрек табылады. Экономикамыз да дұрысталып, аштық сезімін ұмыттық. Алайда, сол ащы судың буынан шыға алмай жүргендер әлі бар. Бұл мәселе Қазақстан төңірегінде ғана емес, дүниежүзі бойынша үлкен мәселеге айналған.  Маскүнемділік атадан балаға даритын қасиет емес, бала туыла саласымен алкогольге құмар болмайды. Адамның ортасы, қандай қоғамда өскеніне тікелей байланысты.  Кейбір маскүнемдер өзінің ащы суға байлануын өмірінде кездескен қиындықтардың әсерінен деп жылы жауып қоя береді. Басына қиындық түскен адамның бәрі араққа жүгірсе, жағдайымыз не болады? Біреу ашынғаннан ішсе, біреу тойынғаннан ішеді екен. 

 

«Ағымдағы деректер мен динамика 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 90 981 адам алкогольге тәуелділікпен есепте тұр. Оның 109-ы кәмелетке толмағандар, қалған 90 872-сі ересектер» деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

 

  Арақтың зиян екенін біле тұра, өз денсаулығын құрбан етіп жүрген азаматтар уақыт өте келе зардабын шегеді. Себебі, ащы судың адам ағзасына берер пайдасы мүлде жоқ. Тек бір реттік ләззаттың өзі адам денсаулығына біршама кері әсер етеді. Алкогольді сусын тек ішкен адамның өміріне әсер етіп қана қоймай, қоғамға да үлкен кесапат алып келеді. Маскүнем адамның ең бірінші отбасы мен балалары зардап шегеді. Екіншіден, туған-туыс, кейін қоғам. 

Ащы суға тойып алған адам өз іс-әрекеттеріне жауап бермейді, кейде не айтып, не істеп қойғанын білмей қалып жатады. Мысалы, мас күйінде төбелес шығарып, өзге адамның өміріне қол сұғу жиі кездеседі.   

 

Алкогольдің буымен жасалған қылмыстар көбеймесе, азайып жатқан жоқ. 2025 жылғы деректерге сүйенсек,  бір жылда мас күйінде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 15 пайызға өсті.   Ащы судың буында қылмыс жасағандар, естерін жинағанда өз-өздеріне сенбей, жасаған істерін кейін түсініп жатады. Отбасылардың шайқалуына да осы алкоголь себепкер болып отыр.  Ажырасулардың 61,7%-ы тәуелділіктің (маскүнемділік пен нашақорлық) кесірінен тіркелуде. 

 

Қоғам маскүнемдерден құтыла алмай жүргенде нашақорлар көбейді. Қазіргі таңда жастар арасында синтетикалық есірткі тұтынушылар көбейген.  Есірткі,  бұл – психикалық жағдайдың өзгеруіне, жүйелі түрде қолданса, тәуелділікке әкелетін өсімдік немесе синтетикалық текті химиялық заттар. Алкоголь секілді есірткі де қоғамның басты дертіне айналды. Психотропты есірткінің буымен адамдар ауыр қылмыстарды жасап жатады. Ащы суға қарағанда есірткі едәуір қымбатырақ. Нашақорлар есірткі дозасын алу мақсатында несие алып, онымен қоймай жақындары мен таныстарын қомақты қаржыға алдап кетеді. 2024 жылы есепте тұрған нашақорлар саны 18 мың адамды құрады. Алайда, шын мәнінде нашақорлар саны бірнеше есе көп болуы мүмкін. Кейбір отбасылар балаларының есірткіге тәуелді екенін жасырып, арнайы көмектен қашады.  Қазақстанда есірткі тұтыну қылмыс болып саналмайды.

Жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткілердің қолжетімділігі мен арзан бағасы қазіргі таңда үлкен проблемаға айналып отыр. Бұл есірткілердің сатылуы әлеуметтік желілер арқылы, әсіресе Telegram қосымшасында, ешқандай қиындықсыз жүзеге асырылуда. Яғни, кез келген жасөспірім қажетті затты тапсырыс беру арқылы, ешкіммен бетпе-бет кездеспей сатып ала алады. Сатып алушы мен сатушының арасында нақты байланыс орнатылмайды, барлығы онлайн түрде, интернет-әмияндар немесе криптовалюта арқылы төлем жасалуда. Бұл тәсіл есірткі сатушыларға құқық қорғау органдарының бақылауынан қашуға мүмкіндік береді, өйткені барлық операциялар жасырын және тек виртуалды кеңістікте жүзеге асады.

 

Осының бәрі жасөспірімдер үшін синтетикалық есірткілердің қолжетімділігін арттырып, олардың нашақорлық жолға түсуін жеңілдетеді. Бұл мәселе қоғам үшін үлкен алаңдаушылық тудыруда, себебі жасөспірімдердің есірткіге тәуелділігі ерте жастан басталып, олардың денсаулығына, психологиялық жағдайына, әлеуметтік өміріне теріс әсер етуі мүмкін.

 

Адам өз өмір жолын таңдай алады, бірақ түзу жолдан ауытқып кетпес үшін ата-ана жастайынан қадағалау керек. Есірткі мен  алкогольге тәуелді адам бір отбасын ғана құртып қоймай, қоғамның күйреуіне алып  келеді. Өзгені де, өзіңді де алдамшы ләззаттан сақтау керек. Еліміздің ертеңі – дені сау ұрпақтың қолында!

 

  Қарлығаш ШАҢҒАРАҚШЫ

 

20.03.2025

Ұқсас жаңалықтар

ЖЕМҚОРларМЕН КҮРЕС – ОТАНҒА ҮЛЕС
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 287
ЖАС САРБАЗДАР САҚАДАЙ САЙ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 283
ШЫҒЫСТАҒЫ  ШЫРАЙЛЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 28.05.2025 297

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13359
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13335
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 28449
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27133
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 30635