Жамбыл өңірінде су тапшылығы мәселесі барған сайын үдеп барады. Диқандардың алдында тек қуаңшылық емес, жүйелі сипат алған бірқатар қиындықтар тұр. Жауын-шашынның аздығы, трансшекаралық өзендерден келетін судың жеткіліксіздігі, ескірген инфрақұрылым сынды мәселелер жаз мезгілінде шаруаларды қыспаққа алуда.
Дегенмен биыл аймақ ауқымды қуаңшылықтан аман қалды. Алайда егістікті сумен қамту мәселесі әлі де күн тәртібінде. Әсіресе Қордай, Байзақ және Жамбыл аудандары ерекше қысымға тап болған. Себебі көктем мен жазда түсетін жауын-шашын қалыпты мөлшерден әлдеқайда аз болды. Топырақтағы ылғалдың жетіспеуі су қажеттілігін шамамен елу пайызға арттырып, өңірдегі су көздеріне түсетін жүктемені еселеп жіберді.
Ең күрделі жағдай Қордай ауданында қалыптасып отыр. Биыл Қайнар ауылында Шу өзенінен су тартатын жаңа сорғы стансасы іске қосылды. Ол магистральды «Сол жақ тармақ» каналына су жеткізіп, шамамен 3,8 мың гектар жерді суаруға мүмкіндік берді. Дегенмен ауданның егістік көлемі әлдеқайда үлкен болғандықтан, тапшылық мәселесі толық шешілген жоқ. Сондықтан мұнда су айналымы әдісі енгізілген. Нәтижесінде артық су ысырап болмай, қайтадан каналдарға жіберіледі. Ал өзге аудандарда мұндай жаңа нысандар бой көтермегендіктен, әрқайсысы жазғы қиындықты өз жағдайына қарай еңсеріп жатыр.
Жыл мезгілінің ерекшелігін биылғы қуаң жаз анық көрсетіп берді. «Қазсушар» РМК-ның жергілікті филиалы қуаңшылықтан болған шығын туралы шағым түспегенін мәлімдегенімен, жағдайдың өткен жылға қарағанда әлдеқайда күрделі екенін мойындап отыр. Өткен жылы көктемде жауын мол түсіп, суару тек маусымда басталған болса, биыл бәрі керісінше. Қыстан бері бар болғаны 946 миллиметр ғана жауын-шашын жауған. Бұл – былтырғы 3600 миллиметрден бірнеше есе аз. Ылғалдың жетіспеуі мен ерте түскен ыстық диқандарды сәуірдің өзінде-ақ суаруға кірісуге мәжбүр етті. Оның үстіне қоймалар қажетті су көлемін жинай алмаған.
Су тапшылығына трансшекаралық өзендердегі жағдай да ықпал етіп отыр. Келісілген кесте бойынша Қырғызстан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр, ал Талас арқылы 400 млн текше метр су жіберуі тиіс еді. Талас өзені бойынша меже сақталғанымен, Шу арнасында айтарлықтай кемшілік байқалған. Қырғыз тарап мұны Орто-Токой су қоймасының деңгейінің қатты таяздануымен түсіндіреді. Әсіресе каналдың төменгі бөлігіндегі шаруашылықтарға ауыр тиген. Қазір оларды қолдау үшін қосымша Қақпатас су қоймасынан су берілуде.
Осындай жағдайда суды үнемдеу технологиялары алдыңғы орынға шықты. Биыл «Қазсушар» филиалы жалпы көлемі 78,8 мың гектар жерге су жеткізуге арналған 3,9 мың келісімшарт жасасты. Оның ішінде 211 шаруашылық тамшылатып суару, жаңбырлатқыш қондырғы сынды әдістерді қолдануда. Аталған құрылғыны қолдануда әсіресе Жамбыл, Қордай, Шу, Байзақ және Меркі аудандарының шаруалары белсенділік танытуда. Көбіне мұндай әдіс көкөніс, бақша өнімдері мен жүгері өсіруде пайдаланылады. Тәжірибе көрсеткендей, тамшылатып суару суды 40 пайызға дейін үнемдеп, өнімділікті 20-30 пайызға арттырады. Мемлекет те бұл үрдісті қолдап отыр. Субсидия шығынның жартысына дейін өтейді, ал бюджет мүмкіндігіне қарай 80 пайызға дейін жеткізуге болады.
Бірақ басты түйткілдің бірі – тозығы жеткен инфрақұрылым. Өңірдегі суару жүйелерінің көбі өткен ғасырдың ортасында салынған. Соның салдарынан каналдардағы су ысырап болып жатыр. Жамбыл филиалының балансында 576 нысан, атап айтқанда, 7 су қоймасы, 12 гидроторап, 427 канал және басқа да құрылымдар бар. Қазір тек Сарысу ауданындағы Бүркүтті су қоймасы нашар жағдайда. Алайда жүйелі жөндеу жүргізілмесе, алдағы жылдары көптеген нысан апаттық деңгейге жетуі мүмкін. Бұл судың одан әрі шығындалуына және шаруалардың жағдайын күрделендіре түсуіне әкеп соғады.
Аталған мәселені шешу үшін Ислам даму банкі қаржысына 420 шақырымнан астам ұзындықтағы 76 канал қайта жаңартылмақ. Жоспарда ондаған мың бетон науаларды ауыстыру, гидротораптарды жөндеу қарастырылған. Бұл су шығынын азайтып, каналдардың өткізу қабілетін арттырады және 25 мың гектардан астам жерді сумен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге 2025-2028 жылдары Қалғұты, Ақмола және Ырғайты су қоймаларының құрылысы басталады. Бұған қоса, Теріс-Ащыбұлақ пен Қарақоныз қоймалары жаңғыртудан өтеді. Мұның бәрі ауылшаруашылығын климаттық қауіп-қатерлерге төтеп бере алатын деңгейге жеткізіп, азық-түлік қауіпсіздігін ұзақ мерзімге қамтамасыз етуге бағытталған.
Алайда сарапшылардың пайымдауынша, 2026 жылы өңірдің сумен қамтылуы жақсара қоймайды. Себебі ірі жобалар әлі аяқталмаған, ал трансшекаралық өзендерден қосымша су келуі екіталай. Сондықтан қазірден бастап фермерлерге су пайдалану тәртібін сақтау, әр гектарды тиімді суару жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ негізгі фактор тағы да табиғатқа байланысты. Егер алдағы жылдары қуаңшылық сақталса, Жамбыл облысының диқандары үшін су тапшылығының сынағы әлі де жалғаса бермек.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы