Қырық пышақ болып қазақ қырылып жатыр. Айтатыны өсек, сөз, езбе әңгіме. Қарға бойлы Қазтуған жырау «Еділді алса, елді алар, енді алмаған нең қалар» депті. Жарықтық әулие ғой. Күні кеше бас шаһарда мешіт ашылды деп ал келіп айқайға басып, пост жаздық, ішінде тіпті бір қыз шашы жалбырап биледі де. Жазғыштарға жақсы болды... жазады, айтады, тіпті осылай ақырын плус жинап жанталасып ақылгөйсіп бастама көтереді. Сол мешітті салған адам арқалап алып кетпейтін шығар. Қазаққа қалады, қазақтың баласының еншісіне (Алла бұйыртса) тиеді.
Доспамбет жырау сонау жаугершілік заманда:
Еңсесі биік ақ орда
Еміне кірер күн қайда?
Қара бұлан терісін
Етік қылар күн қайда?
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда?
Күмбір-күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда? – деп осы бір кезеңді аңсап аһ ұрып өмірден өтті. Алланың жердегі ақ мешіті бой көтергенде өз басым «жарайды, елдің игілігі, иісі мұсылман баласының ғибадат үйі ғой» дедім. «Қамданған қалың елде күш болады, қамсыз елге хас дұшпан тұс болады» деген жыраулардың есті сөзі осындайда еске түседі. Күні кеше көкшетаулық ақын Мерген бауырым пост салды Краснояр ауылының атауын өзгертуге өзге ұлттың әйелдері қарсы шығып жатыр деп. Біледі олар қазақтың басында бас бірлігі жағынан кем екендігін. Шулап келді, айтарын айтты. Атауға да, айтуға да, тіпті өзгертуге қазаққа қарсы. Біз жүрміз «адамның азған белгісі – екі кісі дауласса, тату бол деп айтпайды» деп, заманақырды жақындатып. Былтыр ресейлік сайттарды екі күн отырып демалыста ақтарып, ішіне үңіліп шықтым. Сұмдық! Біздің кейбір сайттардан тікелей аударып, қазақтың бір-біріне жауып жатқан жаласын ресми тілге аударып жариялап жатыр. Пікірлерін оқыдым да күйіндім, күйіп кете жаздадым. «Қазақтар бізсіз ел болмайды» деп ірі әріппен жазып қойыпты. «Әр кәллада бір сауал» демекші, сол күннен бастап мен де ойымды өзгертіп, әй, осы басқа, басқа, әр қазақ – менің жалғызым деп жүрейінші, қоғамға ой салайын деп бекіндім. Сөзі асыл дүр бабаларымыз айтқан тамаша сөзі бар. Ұмытпасам, жарықтық Базар жыраудың сөзі білем, «өнбейтін даудың ізінен өспейтін жігіт қуалар» деген, тезек тастап бара жатқан, кезек дүниеде ат төбеліндей ғана қазаққа қазіргі уақытта бірлік керек. Абай абыз атам айтады, жарықтық жұма күні аят оқығанда Құнанбай қажының баласының есімін де атап аятыма қосамын. «Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады, ұялмас нәрседен ұялады» дейді. Тағы да Абай атам айтады «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» дейді. Ғажап, ә!?. Біз жалаңаш, жалаңаш болғанда абыройы ашық жүрген біреудің «ТикТоктағы» видеосын көрсек мән бермейміз, көшеде біреу мас болып жатса, «кім ішпейді» дейміз. «Ұйқым келмейді» деп ән айтса, тілді жаңа үйреніп жүр екен деп ақтаймыз. Ал ғылым, ілім, білім жолында жүріп халқым деп қамыққандарды көрсек, оң қолымызға тас алып соған қарай лақтырып, сол қолымыздың сұқ саусағын безеп жамандаймыз. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» я болмаса «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» деген жарықтық Абай.
Ит – жеті қазынаның бірі. Бірақ қазақ «итпен ит болма!» деуші еді. Біз мақтанғанда алдымызға қара салмаймыз. Бірақ жүрек суаты – ақылға неге жүгінбейміз, ағайын!?