«Жаңа Қазақстан» қашан орнайды?

«Жаңа Қазақстан» қашан орнайды?

«Жаңа Қазақстан» құру ұраны жаңашылдықты күтетін біраз адамдарды елеңдеткен еді. Алайда жұрттың үміті үзіле бастаған сыңайлы. Оның мысалдары көп-ақ. Соның ішінде «ескі жүйенің жайындарының» әлі де еркін жүзіп жүргендігі көптің көңілін күпті еткендей. Біз жақыннан бері жұрт назарын аударған бірнеше жаңалықты мысалға ала отырып, сөзімді сабақтай кетуді жөн көрдік.

25 қыркүйек күні әлеуметтік желі беттерінде «Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің егіз бауыры, Сенаттың экс депутаты Ерлан Нығматулиннің қамауға алынғандығы» айтыла бастады. Енді біреулер қызды-қыздымен «Нұрлан Нығматулиннен да жауап алына бастапты» дегенді қосып қойды. Содан бір күн өтер-өтпестен кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтің өзі «құлағынан сүйреп әкеп» қызметке ілген кадры, Алматы қаласының әкімі, «Нұр-Отан» партиясының орынбасары міндеттерін атқарған Бауыржан Байбектің қамалғандығы туралы хабар желдей есіп жүре берді. «Ойпырмай, бұлар да тергелетін күн келген бе?» – деп таңқалып отырғанда Қауіпсіздік кеңесі төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Марат Шайхутдиновтың «тыңшылық және мемлекеттік құпияны жариялады» деген күдікпен ұсталғаны туралы хабарды көзі қарақты деген журналистердің өзі жұртқа «жайып салғаны». Бір қызығы, ресми мекемелер «мыналарың жалған» деген түсініктеме таратуға асыққан жоқ. Есесіне ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиевтің «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабы тәртібінде үндеуі желіде жарқ ете түсті.

Құзырлы мекеменің ресми тұлғасына тиесілі сөзді еш өзгеріссіз қайталауды жөн көрдік. Онда былай деп жазылыпты.

ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!

Отандық ақпараттық кеңістікте және әртүрлі әлеуметтік медиада түрлі тақырыптар бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетті. Бұл ретте олар жекелеген блогерлердің арандатушылық мәлімдемелерімен және әлеуметтік желі пайдаланушыларының ұлттық алауыздықты тудыратын белгілері бар комментарийлерімен бірге жүреді. Нақты азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, сондай-ақ бірқатар танымал адамдарды ұстау және қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы жалған хабарламалар жариялануда. Мұндай фейктік мәліметтер қоғамдық жалған пікірді қалыптастырып қана қоймай, сонымен бірге қоғамдық тәртіпке де теріс әсер етуі әбден мүмкін.  

Осындай шынайылыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратуды көбіне блогерлер қасақана, өздерінің және үшінші тұлғалардың мүдделері үшін жүзеге асырады. Олардың мақсаты – жеке пайда табу және бопсалау арқылы материалдық табыс көру. Көрсетілген ұлттық алауыздықты қоздыруға, қорқытып алуға, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған іс-әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174, 194 және 274-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ел азаматтарын, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, әлеуметтік желілердің пайдаланушыларын заңнаманы бұлжытпай сақтауға және жоғарыда келтірілген кез келген құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеуге, арандатушылыққа бой бермеуге және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады» делінген екен.

Былайғы жұрт бұл үндеуден «Жаңа Қазақстандық» жүйенің «бірқатар танымал адамдардың» ар-намысын заңмен қорғай беретіндігіне көздері жеткендей болды. Яғни ескі жүйеден босаған шенді-шекпенділер әлі де болса «аттан түссе де, үзеңгіден түспеген» екен.

Жұртты қайран қалдырған екінші мәселе биыл наурызда қамауға алынған бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтің немере інісі Қайрат Сатыбалдының алты жылға сотталуы еді. Қайрат Сатыбалдыға «алдау жолымен мүліктік залал келтірді», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салды» деген айып тағылып қамауға алынған еді. Кейін белгілі болғандай, Қайрекең «Қазақтелеком» мен «КСО» компанияларының аса ірі көлемдегі қаржысын жымқырған» екен. Таратылған ақпараттарға қарағанда үлкен әулеттің белді мүшесі өзіне тағылған айыптарды мойындап, арыз түсірген мекемелермен жылдам келісімге келген. Әрі 25 млн доллар көлеміндегі «жымқырған қаржыны» қайтарып беріпті... Құзырлы мекемелердің жұмыстарына тамаша сәйкескендігінің арқасында болса керек, Астананың соты Қайрат Сатыбалдыны алты жылға соттады. Бұдан бөлек «жазасын өтеп болған соң, 10 жыл бойы жоғары лауазымды қызмет атқара алмайды» деген. Сондай-ақ «Құрмет», «Парасат» ордендерінен айыру, ҰҚК-ның генералы шенінен айыру жағы да айтылып қалды. Келесі бір ақпарат көздері Қайраттың атағына айыру мәселесі Президенттің қарауына жолданғандығын жазыпты.

Әр істің өз жөні бар. Осы тұста сотталғандардың жазаларын салыстырып жатқан азаматтар оның тым жеңіл жазаға кесілгендігін айтуда. Наурыз айынан бері қамауда отырған алты ай уақыты 1,5 тәуліктен саналатын болса, Қайрат Сатыбалды қазір кем дегенде 270 күндік жаза мерзімін өтеп болған екен.

2015 жылы бұрынғы Премьер-министр Серік Ахметовке «мемлекет қазынасына 2,5 млрд теңге шығын келтірді және қызметтік өкілеттілігін теріс пайдаланды» деген бірқатар айыптар тағылып, 10 жылға сотталған еді. Ал «Қазақтелекомнан» 12,7 млрд теңге, «Қазақстан теміржолы» компаниясына тиесілі «Көліктік сервис орталығынан» (КСО) 28,6 млрд теңге жымқырған (жалпы сомасы 41,3 млрд теңге көлемінде) деп айыпталған Қайрат Сатыбалды 6 жылға жазаға кесілді. Бұдан бөлек болмашы қылмыстары үшін 5-10 жылдық түрме жазасын арқалап кетіп жатқандарды да тілге тиек еткендер көп.

Соңғы күндері жұртты таңқалдырған осынау ақпараттар адамдарды әрісәрі күйге түсіріп, «Жаңа Қазақстан» туралы үміттеріне су сепкендей болып тұрған жайы бар. Яғни «Жаңа Қазақстан әділетті Қазақстан» бола ма жоқ па?» деген сауал ел тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір азаматты толғандырса керек. Алдағы күндерде кімдердің сотталып, кімдердің ақталатындығын ешкім де болжай алмасы анық. Дегенмен іс басында ұзақ отырған кез келген шендінің артында қыңыр-қисық із жатқандай...

Бір анығы, билік басындағылардың барлығы әділдіктің ақ туын көтеріп, халықпен бірге болса ғана «Жаңа Қазақстан» орнайтындығы еді.

 

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
29.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 144
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 142
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 656
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 776
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 689
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 699

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8838
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8236
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11463
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9220
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10447