БАҚ туралы жаңа заң қабылдауға қатысты пікір білдірген журналист, «Қала мен Дала» газетінің бас редакторы Думан Бықай: «Меніңше, БАҚ туралы жаңа заң қабылдайтын уақыт жетті. Жалпы, мен бұл идеяны қолдаймын. Бұл тақырыптың қаузалып келе жатқанына бірталай уақыт болды. Заңды қолдайтын да, қолдамайтын да тарап бар. Біздің де айтар өз уәжіміз бар. Менің қабырғама «қазақтілді аудиторияның ауқымы, өрісі тар, орыстілді аудиториямен бәсекеге түсе алмайды» немесе «қазақтілді аудиторияның төлем қабілеті төмен» деген сыңаржақ пікірлерден әлі күнге дейін арыла алмай келе жатқанымыз қатты батады. Себебі дәл осы пікір тапсырыс берушілердің санасына сіңіп, жадында сақталып қалған. Содан да болар, қазақтілді ақпарат құралдарымен жұмыс істеуге келгенде тартыншақтап қалады. Екінші жағынан, біз қашанғы газет пен сайтты малданып отыра береміз? Шыны керек, бұл мемлекеттің саясатын атқаруға келгенде өзінің функциясын толыққанды атқарып отыр деуге келмейді. Себебі қалай болғанда да әлеуметтік желі өзінің орнын тауып, ауқымын кеңейтіп отыр. Біз бұған дейін министрлікпен осы мәселе төңірегінде сөйлескенбіз. Министрлік: «Оқырман қай жерде бар, аудитория қай жақта отыр, сонда баруға мүдделіміз», – дейді.
Екінші мәселе, қазір менің білуімше, квазимемлекеттік сектордың бюджетінің 90 пайызы орыстілді басылымдарға, пабликтер мен арналарға беріледі. Олар заңның бұйрығынсыз-ақ құжатқа енгізіп, солармен жұмыс істеп отыр. Осы заң аясында түрлі квазимемлекеттік сектордың компанияларына өзінің бюджетін 50-де 50 етіп тең бөліп беретіндей талап қою керек деген ұсынысым бар. Яғни сол арқылы қазақтілді ақпарат құралдарына, пабликтер мен арналарға да бюджет бөлінуі тиіс. Сондай-ақ, әлеуметтік желідегі арналарды тіркетудегі кедергілерге тоқталып өткен жөн. Мысалы, біздің әлеуметтік желіде миллионға тарта оқырманымыз бар. Телеграм арнамыз, пабликтеріміз өте тиімді, оқырмандары да белсенді. Бірақ тапсырыс берушілердің алдына барған кезде олар бізге: «Сіздер осы топтың, арналардың иесі екендеріңізді қалай дәлелдейсіздер? Қолдарыңызда қандай құжат бар?»– деген сауал қояды. Сол кезде аталған мәселе олармен жұмыс істеуге қолбайлау болады. Аталған арналарымызды заң жүзінде тіркетіп, заң жүзінде жұмыс істегіміз келеді. Қолымызда заңды құжаттың болғанын қалаймыз. Мемлекет және басқа да құрылымдармен әріптестік деңгейде жұмыс істесек деген ниет бар. Шамамен 2-3 ай бұрын сол арнамызды тіркеттік. Бірақ ескі заң бойынша телеграм арнаны тіркеу үшін сайт ашу керек екен. Бұл біз үшін тиімсіз. Телеграм арнамызды ақпарат құралына айналдырып жібердік. Коммуникация құралы ретінде тіркеткіміз келгендіктен, артық жұмыстың қажеті жоқ.
Рас, заңға кейбір БАҚ өкілдері наразы. Кейбір әріптестеріміздің бұған қарсылық білдіріп жатқаны – билік блогерлерді өзінің уысында ұстайды деген қауіптен. Ол билікке де тиімсіз деп санаймын. Біріншіден, билік өз қолын өзі кеспейтін шығар. Екіншіден, Жаңа Қазақстан құратынымыз анық болса, билікке бұрынғы жұмыс істеу тәсілдерінен мүлдем бас тарту керек. Керісінше, заманауи коммуникация құралдарымен ашық, бұрынғыдан етене жұмыс істеуге тырысқандары жөн. Шындығында, жаңа заң қабылдау талабы қоғамның сұранысынан туындап отыр. Біз бұл мәселеге түбінде қайтып ораламыз. Бұл заң бүгін болмаса да, ертеңдері қабылданады. Көптеген әріптестеріміз бізден сұрамай-ақ өздерінің телеграм арналарын, пабликтерін тіркетіп жатыр. Демек, олар заң арқылы жұмыс істеудің тиімділігін түсінді. БАҚ туралы жаңа заңды қабылдайтын кез келді. Қоғамның, заманның сұранысы солай. Мен атап өткен дүниелер жаңа заңға енгізілуі тиіс деп санаймын. БАҚ туралы заңда қазақ тілінің, қазақтілді ақпарат құралдарының мүддесі жоғары тұрса екен деген ұсынысым бар», – дейді.