Апаттық-құтқару жұмыстарының қорытындысы жарияланды. Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы дерегі бойынша, құтқарушылар үйінділердің астынан аман қалған 4 адам мен 4 мәйітті алып шықты. Қазіргі уақытта 6 адам ауруханада ем алуда.
«Үйінділерді талдау бойынша жедел жұмыстарға 40-қа жуық бірлік және 350-ге жуық адам, соның ішінде кинологиялық есеп, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық көмек, полиция, еріктілер жұмылдырылды. Сағат 18.15-те барлық авариялық-құтқару және үйінділерді талдау жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласының әкімдігі комиссия құрды. Осы комиссия орын алған жарылыстың мән-жайын анықтап, келтірілген залалды анықтайтын болады», – делінген ведомство хабарламасында. Еске салсақ, 17 сәуір күні таңертең Жаңаөзен қаласында екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйдің 2-ші кіреберісінде болжам бойынша табиғи газдың шығуы салдарынан газ-ауа қоспасы жарылды. Жарылыс салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қирап, 4 пәтер зардап шекті.Бұдан бұрын Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов Жаңаөзендегі жарылыстан зардап шеккен 13 адамның екеуі жансақтау бөлімінде жатқанын мәлімдеген еді.