Жаһанданумен бетпе-бет келген қазақ қоғамының руханияты, әлеуметтік-мәдени өміріндегі өзгерістер айрықша назар аударуды қажет етеді. Өйткені ғаламның әр түкпірінен төніп тұрған қауіпке біз рухани құндылықтардың үндесуі, тарихымызды ұлықтау, халқымыздың Тәуелсіздігі, еркіндігі, елдігі жолында бастарын бәйгеге тіге жүріп қызмет еткен Алаштың ардақтыларына тағзым ету, ұлтымызды, одан қалды әрбір адамды алға оздыратын адамгершілік сана арқылы ғана төтеп бере аламыз. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі айтып келеді.
Президентіміздің мәдениетке, руханиятқа деген қолдауы, қазақтың маңдайалды тұлғаларына деген құрметі халқымыздың, осы салада еңбек етіп жүрген қаншама адамның бойына күш-жігер береді. Оның жарқын мысалдары да жоқ емес. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жазған, зиялы қауым мемлекетіміз бен халқымыз үшін аса қажет еңбек деп бағалаған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын мақаласының өзі неге тұрады! Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мақаласы арқылы руханияттың шын жанашыры екенін аңғартқан еді.
Бертін елорданың «Қаламгерлер» аллеясында Алаш қозғалысының көшбасшылары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовтың ескерткіші ашылды. Бұл ескерткіштің ашылу салтанатына Президент арнайы қатысты. Қазақтың қатпарлы тарихынан бұл үш тұлғаны бөле-жара қарай алмаймыз. Ұлтқа шынайы қызмет етудің жарқын үлгісін танытып кеткен олар, дана Абай айтқандай, нағыз «сүйінуге жарар, сүйер ұлдарымыз».
Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барды. Содан кейін Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашты. Ашып қана қоймады. Рухымызды сілкінтер сөздер айтты. «Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан. Тіпті, бірқатар саланы өзі бастап берген. Ол қазақтың төл әліпбиін жасады, алғашқы әліппемізді құрастырды. Сондай-ақ оқулық жазып, тіл білімінің негізін қалады. «Қазақ» газетін шығарып, баспасөздің дамуына жол ашты. Арада қанша жыл өтсе де, оның рухани мұрасы жұртының игілігіне жарап келеді. Сол себепті жұртымыз оны «Ұлт ұстазы» деп ардақтайды. Ахмет Байтұрсынұлы ағартушы-ғалым ретінде бүкіл өркениетті әлемге танымал. Ол халқымыздың тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде ерекше ұлтжандылық танытты. Еліміз бүтін, жеріміз тұтас болуы үшін өлшеусіз еңбек сіңірді. Қазаққа қызмет ету жолында бар күш-жігерін жұмсады. Ұлт көшбасшысының өмір жолын елді сүюдің жарқын үлгісі деуге болады. Оның ғибратты ғұмыры – өскелең ұрпақ үшін әрдайым өнеге,–деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қазір әлем құбылып тұр. Осынау алмағайып кезең – біздің еліміз үшін де үлкен сын. Сол сыннан сүрінбей өту үшін біз ұлттық құндылықтарымызды, халқымыздың бойындағы асқақ рухты сақтап, ішкі тұрақтылығымыз бен бірлігімізді барынша бекемдей түсуіміз керек.