Мырзатай Жолдасбеков – профессор, академик, ғылым докторы. Сонымен қатар, Түрік дүниесі ақсақалдар кеңесінің тұңғыш төрағасы. Ағамыздың бұдан басқа да атақ-абыройы жетіп артылады. Жақында аяулы ағамызбен тәуелсіздікпен түйдей құрдас, 90-жылдардың басында тұсауын өзі кескен «Qazaqstan dauiri» («Қазақстан-ZAMAN») газеті туралы аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік.
– Мырзатай аға, Түркиямен бірлесіп, газет ашу идеясы ойларыңызға қалай келді?
– 1991 жылы мен Қазақстан үкіметінің орынбасары едім. Өздеріңіз де білесіздер, Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялағанда алғашқы болып қуанып, мойындаған бауырлас Түркия мемлекеті болатын. Ондай құрметті ұмытуға бола ма? «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген – осы. Соның бәрін ескеріп, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы делегацияны басқарып Түркияға барып қайтуға маған тапсырма берді. Жаз айы еді. Біз арнайы ұшақпен «Қазақстанның мәдени күндерін» өткізу үшін Ыстамбұлға ұштық. Жолай Сочиге соқтық. Онда әлі шекарамыз анықталмаған. Әлі де бұйданың бір ұшы оларда. Сонымен, делегация құрамында министрлер, жазушылар болды. Ішінде Қалтай Мұхамеджанов ағамыз да бар еді. Дүниеде мал емес, кітап жинаған адам бақытты. Қалтай аға солардың қатарынан еді ғой жарықтық.
Ыстамбұлдың әуежайына қонғанымызда, Түркияның мәдениет министрі Мамыт Кемал қарсы алды. Жай қарсы алған жоқ, керемет ықыласпен. Сөзбен айтып жеткізу қиын. Қарсы алу рәсіміне Түркияда тұратын өрімдей-өрімдей қазақтың ұлдары мен қыздарын ұлттық киім кигізіп, қарсы алдырғанын айтсаңшы. Мұндай болады деп ойлаппыз ба? Кеңес үкіметі бізге бұл мемлекетті қаскөй, дұшпан етіп оқытып, санамызды улап тастағаны өтірік емес. Дәл бұлай болады деп ойламаған, делегация мүшелері қатты тебірендік. Менің көзімнен жас шығып кетті. Әсіресе, балалардың қолымызды алып, маңдайларына тигізгені бауырлас елге келгеніміздің нақты бейнесі еді.
Кеңес елшілігіне ұнамаған сөз
– Бұл сонда тәуелсіз Қазақстан тарапынан жасалып тұрған алғашқы ресми сапар болды ғой?
– Иә. Түсе салысымен мені әуежай ішіндегі баспасөз орталығына әкеліп сұхбат алды. Бірнеше телеарналар тікелей желіде хабар таратып жатты. Біздің делегацияға үлкен мән берілгені байқалып тұрды. Себебі бұл Түркияға келіп тұрған тұңғыш қазақ делегациясы болатын. Сол жолы берген сұхбатымда, Құдай аузыма салды ма, «Мың жыл сіздер мұнда, біздер анда кездесуді аңсап жүрдік. Алла тілегімізді берді. Бір атаның баласымыз. Қанымыз да, жанымыз да бір. Тіліміз де, дініміз де, діліміз де бір. Алла басымызды қосты, енді ажыратпаса екен», – дегенім есімде. Сол сөздерімді ертеңіне барлық Түрік БАҚ-ы бас тақырып етіп газет-журналдарға басып шығарды. Қызығы сол, ол кезде Түркияда әлі Кеңес Одағының елшілігі бар еді. Қуанғандықтан болар, сұхбат барысында арқа-басым кеңіп, арнасынан асып жайылған өзен суындай тасыдым. Тіпті ұлтшылдыққабастайтын сөздерді көптеп айтып жіберсем керек. «Қолда өскен ботаның тайлақ аты қалмайды» демекші, кеңестік елшіліктегі бір орыс елшісі мені шақырып алып, «артық сөйлеп кеттіңіз» деген сыңайда ескерту жасады. «Мен оған артық айтқан ештеңем жоқ, Кеңес Одағына қарсы түк дегем жоқ. Мен тек қана тамыры тереңде жатқан бауырластық туралы ойымды айттым», – дедім оған. Ол болса сұстанып қарап қала берді.
– Қазақстанда «ZAMAN» газетімен үндес газет шығару идеясы қалай туындады?
– Түркиядағы ең танымал «ZAMAN» газетінің редакторы Илхан Ишблен деген кісі екен. Сол Түркияның үкіметімен, биік деңгейдегі басшыларымен келісіп, «бауырыма менің құрметімнің белгісі болсын» деп, жауапкершілігін өзі алып, тілхат беріп, мені өз машинасымен алып жүрді. Сонда отырғанда көрдім, аралықтағы қуыста тұрқы қысқа автомат-тапанша тұрды. Менің таңданысымды байқап қалған ол: «Қардашым, бауырым, сіздің бүкіл жауапкершілігіңіз менің мойнымда. Сіз үшін мен жауап беремін», – деді. Бажайлап артыма қарап келемін. Бірнеше машина күзетіп келеді. Сөйтіп, «ZAMAN» газетінің редакциясына келдім. Мен де осы саланы басқарып жүрмін ғой. Бізде де газеттер түрлі деңгейде шығып жатады. Бірақ бұлардағыдай биік деңгейде шығып жатқан газетті өз басым көрмеппін. Ол бөлек әңгіме. Арнайы келген соң газеттің ұжымымен кездесу өткіздік. Сонда бәрінің қолында бір-бір газет, «сіздің сұхбатыңызды оқыдық» деп қуанып жүр. «Мың жылдан кейін кездесіп отырмыз, осы сөзіңізге біз де ризамыз», – деп жатты шын жүректерімен. Сосын бас редактор екеуміз кабинетінде келіссөз жүргіздік. Олардың сөз ыңғайынан «ZAMAN» газетінің шет мемлекеттердің көбісінде шығатынын естідім. Таралымын естіп, қайран қалдым. Миллионнан астам. «Осындай таралыммен де газет шығады екен-ау!» – дедім таңданысымды жасырмай. Сол жерде аузыма Алла салды ма, ешкіммен келіспестен, «Бұл газеттің бір нұсқасын біз неге шығармаймыз?» – дедім. Ишблен қуанып кетті. «Осыны сізге мен айта алмай отыр едім», – деді жүзі нұрланып. Шындығында, мүддеміз бір, түбіміз бір, тегіміз бір халықпыз. Онда бізге не кедергі болмақ? Сол заманда елімізде латын харпіне көшу сөз болып жатқан. «Кәпір болу бір пәсте, мұсылман болу әсте-әсте» дегендей, бізде болашақта ашылатын газетті әсте-әсте көтеруге бекіндік. Сол жерде мен тағы да «біздің елімізде бұл газетті екі тілде шығарайық. Жартысы қазақша, жартысы түрікше. Түрікшесі латын әліпбиімен шықсын. Газет екі тілде шыққанымен, мақсаттары Түркия мен Қазақстанның ынтымағы мен достығын насихаттасын. Туысқан екі елдің татулығының кепілі болсын», – дедім. Илхам да қолдай кетті. Осы жерде айта кетейін, Ишблен мырза: «Саспаңыздар, газеттеріңіздің бар шығынын Түркия көтереді», – деген болатын. Мен: «Біз де қарап қалмаспыз», – дедім. Расында да олар бертінге дейін газетке қаржы бөліп тұрды.
– Газет шығаруда қиындықтар болды ма?
– Жасыратыны жоқ, айтуын айтып алып, ал кеп қысылайын. Өзіміз әлі жалаңаяқ, жалаңбас жүргенімізді қуаныш құшағында жүріп ұмытып кетіппін. Себебі еліміз жаңа ғана тәуелсіздік алып, көшімізді түзей бастаған кез еді бұл. «Апырмай, уәдемде тұра алсам жақсы болар еді», – деп қоямын ішімнен. Сөйтіп, Ишблен бауырым үлкен құрметпен мені шығарып салды. Келе сала қанша дегенмен Қазақстан үкіметінің орынбасарымын, қолымда билік бар, Елбасының «жарайды» деген бір ауыз сөзін алдым да, газеттің жарық көру мәселесімен тікелей айналыстым. Сөйтіп, қаражатын да таптым. Ұмытпасам, Дербісов деген министр бар еді, марқұм болып кетті, соны шақырып алып: «Сен енді мынаған ақша бөліп, бас бармағыңды басатын кезің келді. Бауырлас елмен ұлтымызды жақындастыра түсетін газет ашатын уақыт келді. Олар бар шығынын көтермек. Біз де ұсақ-түйектің бәріне қол жайып сұрай бергенше өзімізше қол ұшын созайық», – дедім. Сонымен, Алматыдағы Киров көшесіндегі бір ғимаратты газеттің редакциясы еттік. Онда отырған министрлікті басқа жерге көшірдік. Қалтай Мұхамеджанов ағамызды бас редактор етіп тағайындадық. Сөйтіп, жақсы адамдардың бірлігінің арқасында осы газет дүниеге келді. Айтпақшы, газетті ашардың алдында Илхамды шақырдым. Ол келіп, еліміздегі лауазымды кісілермен жүздесті. Сол кездері елімізде ұлттық деңгейдегі іс-шаралар өтіп жатыр еді. Соларды көрсетіп, салтымыз бойынша астына ат мінгізіп, үстіне шапан жауып жібердік.
– Өзіңіз іргетасын қалауға атсалысқан «Qazaqstan dauiri» газеті 30-ға толып отыр. Ақсақалдық ақ батаңызды берсеңіз!
– Бұрын бұл газет «Қазақстан-ZAMAN» болатын. Қазір атауы да өзгеріпті. Газетті үнемі қарап отыруға тырысамын. Еліміздегі іргелі газеттер секілді Қазақстанның тәуелсіздігін паш етуден, насихаттаудан ешқашан бұлтарған емес. Сол жолда өзіндік ұстанымы мен бағыты барын көрсетіп келеді. Газет ұжымы мен басшылығына айтар алғысым зор. Алдағы күндері жарқын болсын! Қадамдарыңыз ақ болсын, қаламдарыңыз мұқалмасын!
– Ақ тілеуіңізге рақмет!