Жат ағыммен күресемін деп, ата дініңді жау көрме, қазақ!

Жат ағыммен күресемін деп, ата дініңді жау  көрме, қазақ!

Қазақстанда экономикалық та, саяси да, әлеуметтік те проблемалар жетерлік. Отыз жыл бойы қордаланған дүниелерден аяқ алып жүру қиын. Қымбатшылық, кедейшілік жағадан алып тұр.  Сөйте тұра халық дін мәселесінде өте белсенді. Аш отырса да қыңқ демейтіндер, тілі мен діні мазақ болып жатқанда үндемейтіндер   орамал мен сақал туралы әңгіме шықса, әйтеуір дүрліге кетеді.

Бәрі шешен, бәрі көсем. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейтін қағидат дінге келгенде бұл қазаққа жүрмейді.  Білімсіздік пен жүгенсіздік кей қазақтарды ата дінінен шығарып жатыр. Оны аңқау қазақ сезер емес. Дәстүрді ұстанбайтын, арабтық идеологияны бетперде қылғандармен  қырқысамын деп,  ата-баба ұстанған асыл дінімізге тіл тигізіп жатқандар қарасы мол. Бұл жалғаса берсе, үлкен қасірет! 

Соңғы уақыттарда Парламент депутаттары да  дін елесіне ат шалдырып, діни теріс ағымдарға тосқауыл қою керек деп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, әбігерге түсуде. Кей депутаттардың ойлары бір жақты. Діннен мақұрым екендіктері байқалады. Әйтеуір қара борбай әрекет, бір сөйлеп қалып, халықтың назарын аударуға тырысу.

Тек Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салуды ұсынғаны көкейіме қонды. «Мен өзім осы жасымда кешеге дейін мұрты жоқ сақалдыларды көрген емеспін. Мұрты жоқ, тек сақалы сапсиып тұрған Хан Абылайды, Әйтеке, Төле, Қазыбек билерді, Ер Махамбет, Ұлы Абай, Жамбыл, Әлихандарды елестете аламыз ба?! Қазіргі шетелге барып, күмәнді оқуларда бірнеше ай оқып келген теріс ағымды «ұстаздар» осы ұлыларымыздан артық, ақылы асып, білімі тасып келгендер ме?» – деді депутат.  

Ал «үй ішінен үй тіккен» тәңіршілдер мен  ата дінімізге күйе жағып патриот атанып жүрген топтар көзден таса қалуда.  Бұл әділдік емес. Депутат мырзалардың алдымен кімнің дос, кімнің жау екенін нақтылап алмай, бірден дінге дүрсе қоя беруі күлкі шақырады. 

Соңғы уақытта діни жат ағымдармен күрес мәселесі жиі көтеріліп жүргенін жоғарыда айттым. Жағдай ушығып кетпей тұрғанда заңға өзгерістер енгізіп, бірқатар шараны қолға алу  – уақыт талабы. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізге түрлі ағымдардың кіріп кеткені, олардың салт-дәстүрімізді әбден  аяққа таптап, уахабилік көзқарастарын анық байқатып жүргені шындық.  Оларға халық болып қарсы тұрудың орнына, «бас-басына би болған» бүгінгі қазақтың тірлігі Крыловтың «Аққу, шортан һәм шаян» мысалын көз алдыңа әкеледі.

Қазақстанда дінге қызығушылар жасарып келеді әрі діни сауатын ашқысы келетіндердің 75%-ы ашық интернет ресурстарды пайдаланады екен. Содан да болар,  діни атрибуттардың мектепте, оқу мекемелерінде көрініс табуына қарсы шығып, даулы мәселенің нүктесін қоюға асығып жатқандар баршылық.  Соңғы кездері қоғамда оқушылардың хиджаб/орамал тағу не тақпауына қатысты пікірталас күшейіп тұр. Осы тұста мемлекет жұмсақтық танытпай, Конституцияға сай әрекет етуі керек-ақ.

Күні кеше ғана ұстаздардың 1-ші республикалық съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың діни ұстанымға байланысты: «Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң, өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек. Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», – деп айтқанын қаперде ұстағанымыз абзал.

(Жалғасын газетіміздің келесі санынан оқисыздар, оқырман!)

 

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, 

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

12.10.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЖЕТІСАЙДА ШЕКАРАШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 05.05.2024 18
ТАРАЗДА ФУТЗАЛДАН ЖАРЫС БАСТАЛДЫ
Сарысу ауданы әкімдігі - 05.05.2024 11
Экологиялық акция жалғасып келеді
«Aq jol» газетінің тілшілер тобы - 05.05.2024 10
ТҮРКІСТАН: МӘМС ЖҮЙЕСІНЕ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАМТУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 126

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1259
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7307
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11171
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7365
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7514