Ұлы көшке – 35 жыл
Еліміздің тәуелсіздігімен бірге қайта оралған ұлы көшке биыл 35 жыл толып отыр. Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сол кездегі мемлекет басшысы әрі Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының төрағасы ретінде атқарған еңбегін айтпай кету әділдік болмас еді. Дәл осы кісі шетелдегі қандастарды тәуелсіз Отанға шақырып, тарихи үрдістің басталуына жол ашты. Әрине, қазақ көші қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалған емес. Мемлекет басшысы әр кездері қазақ көшінің, қандастардың, шетелдегі қазақ диаспорасының мәселесіне жиі назар аударып отырды.
Осы жерде 2002-2017 жылдары Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бірінші орынбасары болып қызмет еткен белгілі жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Қалдарбек аға Найманбаевтың қазақ көші-қонына қосқан үлесінің айрықша екенін бөліп айтар едік. Атамекенге осы күнге дейін миллионнан аса қандасымыз оралды.
Осы орайда газетіміз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесе отырып «Ұлы көшке – 35 жыл» деген жаңа жобаны қолға алған болатын. Жоба аясында қазақ көші тарихына шолу жасалып, өзекті мәселелер көтерілетін болады. Сонымен қатар, тәуелсіздік жылдарында елге оралған қандастардың ортақ дерек қорын жасау және шетелдегі қазақ диаспорасының жол картасын даярлау міндеті тұр. Газетіміздің бүгінгі нөміріне «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестік (РҚБ) Төрағасының Бірінші орынбасары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі дипломат Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбековпен газетіміздің штаттан тыс тілшісі, «Алыстағы ағайын» айдарының тізгіншісі Сержан Тоқтасынұлы Төлебидің сұхбатын ұсынып отырмыз.
Ұлы көшіміз жалғаса береді
– Биыл тәуелсіздікпен бірге басталған ұлы көштің 35 жылдығы. Осы 35 жылда қазақ көшінде қандай жетістіктер болды? Қандай өзекті мәселелер шешілмей жатыр? Қазақ көшін тікелей үйлестіріп отырған Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының басты табысы не деп ойлайсыз?
– Шындығында да, 2026 жылы, дәлірек айтсақ, наурыз айында қандастар ұлы көшіне дәл 35 жыл толып отыр. Біз бұл көшті әлемге тарыдай шашыраған халқымыздың Тәуелсіздік арқасында тарихи атамекендегі ортақ шаңырақ астына жиналу процесі дейміз. Бұл процесті «Ұлы көш» деп атауға да қазақ қоғамы ретінде құқылымыз деп ойлаймын. Себебі, бірден қарқын алған көш нәтижесінде арада өткен жылдарда Отанына бір жарым миллиондай қандасымыз оралды. Олардың отбасын, ата-баба жерінде өсіп-өнген балаларын есепке алар болсақ, бүгінде қандастарымыз Қазақстанның бір тек демографиясына 4-5 млн үлес болып қосылып отыр. Осының өзі бізге жүріп жатқан көш процесін «ұлы» деп атауға батылдық береді. Әсіресе тоқсаныншы жылдар тоқырауында өсімімізге үлкен күш берген көш барысы, демографиямен қоса, ұлт ретіндегі руханиятымызға да үлкен әлеует берді.
Жалпы, қазақ көші әрдайым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында. Қазақтың ұлы көшінің басталуына тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретінде де, Дүние жүзі қазақтарының жетекшісі ретінде де еңбегінің айрықша екенін айтпай кету – тарихи әділетсіздік. Біздің азаматтығымызға да үлкен сын болар еді. Шетелдегі қандастарды тарихи отанға шақырып, жалпыға бірдей сауын айтып, 1991 жылы ұран тастаған Нұрсұлтан Әбішұлы болатын. Сонымен бірге, алғашқы жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші орынбасары ретінде қызмет еткен Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың көрнекті қаламгері Қалдарбек аға Найманбаевтың да, орынбасары болған қазақтың тағы бір көрнекті қаламгері, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың да қазақ көші мен Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының іргесін бекемдеу мен дамуына қосқан үлестерін де айта кету кейінгі буын біздердің парызымыз деп білемін.
Әрине, он мыңдаған адам өмірін, мемлекет жұмысының бірнеше қырын қамтыған ауқымды процесс болғандықтан, мәселелер болмай қоймайды. Олардың ішінде ең күрделісі деп кейбір шет мемлекеттердегі қандастарымыздың қазақ екенін растап, оларды этникалық құжаттандыру ісіндегі жайларды айтуға болады. Бұл бағытта жұмыстар еліміздің жауапты орындарымен ортақтаса шаралар атқарылуда.
Жойылып кете жаздаған Төле би мен Әйтеке бидің қабірлерін сақтап қалдық
– Зауытбек Қауысбекұлы, Сізді белгілі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде де, кәнігі дипломат ретінде де жақсы білеміз. Бір кездері ҚР Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тұрған кездеріңізде «Ана тілі», «Қазақстан-ZAMAN» газеті көтерген қазақтың екі бірдей ұлы перзенттері Төле би мен Әйтеке бидің жойылып, жоғалып кетудің алдында тұрған кесенесін қорғап қалғаныңызды, кесенелерді қайта жаңғыртудан өткізіп, үлкен азаматтық танытып, іскер дипломат ретінде ел есінде қалғаныңызды біреу білсе, біреу білмейді. Әңгімені осыдан жалғастырсақ.
– Иә, бұл мәселе кездейсоқ көтерілген жоқ. Өзбекстанда елші болып жүрген жылдары айтулы тарихи тұлғаларымыз Төле би мен Әйтеке би кесенелерінің нақты құқықтық мәртебесі болмағанын көрдік. Олар мемлекеттік қорғауға алынбаған, күтімі жоқ, жергілікті деңгейде «ескі зират» ретінде ғана қабылданатын. Ең қауіптісі – кесенелердің айналасындағы учаскелерді жекеменшікке беру, айналасын қайта жоспарлау әрекеттері жүре бастаған еді.
Әрекет етілмесе, бардан айрылып қалу мүмкін екені ескеріле отырып, біз бұл мәселені Қазақстан – Өзбекстан үкіметаралық комиссиясының күн тәртібіне ресми түрде шығардық. Архивтік құжаттар, тарихи дәлелдер ұсынылды. Нәтижесінде кесенелерді бұзуға жол берілмеді, қайта жаңғырту жұмыстары келісіммен жүзеге асты. Бұл – бір адамның емес, екі мемлекеттің саяси еркімен шешілген мәселе. Бірақ бастама көтерілмесе, ол нысандардан айырылып қалу қаупі кәдімгідей туындаған еді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып жұмыс істеген кезімде Төле би кесенесінде ауқымды жұмыстар жүргіздік. Кесене аумағын кеңейттік, мешіт салдық және қонақүйді жақсарттық. Мен Өзбекстандағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған кезде Ұлы Төле бидің ұрпақтарын біріктіріп, кесенені толығымен қайта құруға қаражат жинадым. Кесенені іс жүзінде 17 ғасырдағы кірпіштен қайта салдық. Ішкі бөлігін Самарқанд пен Бұхара қолөнершілері безендірді. Ираннан 7 тонналық бағалы оникс тасы әкелінді. Шеберлер оны жылтыратуға төрт ай жұмсады. Тасқа кириллицамен ойылып жазылған, ал артқы жағында араб жазуымен «Төле би, өмір сүрген жылдары және Тәңірім қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген» деген сөздер жазылған. Бұрын бұл кесене Қарлығаш бидің жерленген орны ретінде құжатталған. Ұлы Әйтеке би XVIII ғасырдың басында Нұр-Ота қаласында жерленген. Жерлеу орнына кішкентай мәрмәр тақта қойылды. Мен жеті жақын досымды жинап, өз қаражатымызға Сейітқұл әулие-Әйтеке бидің кесенесі мен мемориалдық кешенін тез арада тұрғыздық. Жұмыс аяқталғаннан кейін екі кесене де салтанатты түрде ашылды, ал Өзбекстан үкіметінің жарлығымен олар тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілді. Бұл жұмыстың барлығы өзбек және қазақ халықтары арасындағы бауырластық және мәңгілік достықтың, сондай-ақ Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Абдуғаниұлы Каримов пен қазіргі Өзбекстан президенті (сол кездегі Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі) Шавкат Миромонұлы Мирзиёевтің тікелей тапсырмаларының арқасында жүзеге асты. Бүгінде бұл кесенелер әртүрлі елдерден келген туристердің зиярат ету орнына айналды.
Сынның болмауы – мінсіздіктен емес
– 2017 жылдан бері Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының Бірінші орынбасары ретінде жұмыстың тізгін-шылбырын ұстап келесіз. Сіз келгелі қоғамдық маңызы өте үлкен Қауымдастықта қандай өзгерістер болып жатыр. Осы он жылға жақын уақытта қандай жұмыстар атқардыңыздар?
– 2017 жылғы Құрылтайдан соң алғаш келген кезде байқалғаны – Қауымдастықтың басты проблемасы – форматтың ескіріп қалуы еді. Байланыс бар, бірақ жүйе жоқ. Көп дүние адами жеке қарым-қатынасқа сүйенді, институционалдық деңгей әлсіз болды.
Қалыптасқан ахуалды қаперге ала отырып, алдымен шетелдегі қазақ ұйымдарының нақты картасын жасадық. Сосын қандастарымыз жинақы отырған шет мемлекеттер бойынша жауапты үйлестірушілерді бекіттік. Артынша жұмыс бағытын «мәдени шара өткізу» деңгейінен ұзақ мерзімді саясатқа көшіруге тырыстық.
Шыны керек, қаржы, өкілеттік, заңдық құралдар шектеулі. Бірақ сол шектеулер аясында Қауымдастық ыдырап кетпей, бір орталыққа бағынған құрылым ретінде сақталды. Осының өзі аз жетістік емес деп айтуға болады.
– Сіздің алдыңызда Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары болған Талғат Асылұлының (Мамашев) төңірегінде үлкен айғай-шудың болғанын өзіңіз де білесіз. Сіз келгелі де он жылға жақын болса да, сіздің атыңызға айтылып жатқан сыни әңгімелерді ести қоймадық. Оның себебі сіздің дипломатиялық іскерлігіңізден болар.
– Сынның болмауы – мінсіздіктен емес. Менің жұмыс стилім ашық айтысқа емес, ішкі келісімге негізделген. Талғат Асылұлы кезіндегі даулардың көпшілігі – өкілеттіктің нақты шекарасы белгіленбегенінен туындады.
Мен келгелі қоғам мен өкілдері тарапынан түсінбеушілік алып келуі мүмкін, алып-қашпа әңгімелерге орын беріп қояр мәселелерден қаштық. Атап айтқанда, шешім қабылдау кезінде жекеленуден аулақ тұрамыз, ұжымдық жауапкершілікті алдыңғы орынға қойдық. Бұған қоса, қоғамдық дүмпуі мол болатын тақырыптарды ақпараттық айқайға айналдырмауға тырыстық. Бұл енді «көрінбей жұмыс істеу» тактикасы. Сырттай тыныш көрінуінің себебі де сонда болар.
Бұрын еліміздің Мәдениет министрі сияқты лауазымды жұмыстар атқарған Талғат Асылұлы да өзінің командасымен қазақ көшінің қалыпты, үздіксіз дамуы үшін көптеген игілікті жұмыстар атқарды. Ол жөнінде 2017 жылы бесінші Құрылтайда сол кездегі Президенттіміз өз аузымен алғыс айтып, ризашылығын білдірген.
– Ел арасында Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы қызметінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлі отырғаны айтылады. Зейнетке кеткен ақсақалдың бұл қызметтен босатылмауының себебі неде?
– Алдымен айта кету керек, Қауымдастыққа басшы болу ресми қызмет емес. Бірақ та, миллиондаған қандастарымыз, Тәуелсіздік тарихымыз үшін символикалық мәні, қоғамдық мазмұны өте терең, «қандастар көші» деп аталар әрекетке жетекшілік ету деген сөз. Сауалыңызға арқау болған мәселені айналып өтуге болмайды. Нұрсұлтан Әбішұлы қазір ұйымды күнделікті басқарумен айналысып отырған жоқ. Бірақ ол – Қауымдастықты құрушылар арасында тұрған құрылтайлық тұлғасы.
Осыған байланысты құқықтық тұрғыда ол кісіні төрағалықтан босату үшін де саяси және моральдық салмақты шешім, кезекті Құрылтай өтуі қажет. Қоғамда әртүрлі пікір бар, біз оны естиміз. Бірақ бұл мәселе эмоциямен емес, мемлекеттің жалпы саяси логикасымен шешілетін мәселе.
– 2018 жылдан бері шетелдегі қазақтармен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайтумен елімізге оралған қандастарды қолдау, сол арқылы ұлттық бірегейлікті күшейтуді өзіне мақсат еткен ҚР Сыртқы істер министрлігінің қасында «Отандастар қоры» жұмыс істеп келе жатыр. Аталған қордың Дүние жүзі қазақтары қауымдастығымен миссиясы бірдей ме!? «Отандастар қоры» арасындағы сіздердің байланыс қалай? Ел ішінде аталаған осы екеуінің біреуі ғана жұмыс істеуі керек деген пікірлерді дұрыс деп санайсыз ба?
– «Отандастар қоры» құрылғанда қоғамда түсінбеушілік болды. Бірақ шын мәнінде екі құрылымның қызметіндегі ара жік мынада. Қауымдастық – тарихи, идеологиялық, рухани бағытта жұмыс істейтін болса, Қор қандастарға бағытталған түрлі жобалық, гранттық, қаржылық механизм ретінде құрылды.
Мәселе – үйлестіруде. Кейде параллель жұмыс, қайталау болады. Бұл бар. Бірақ «екеуінің бірін жабу керек» деген пікірмен келіспеймін. Дұрысы – функцияны өзара нақты бөліп алу.
VІ құрылтай қашан болады?
– Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы ашылғалы да (2017) он жылға жақын болды. Ашылуға тиісті 6-шы Құрылтай неге ашылмай жатыр?
– Иә, түсінемін, Қауымдастықтың кезекті Құрылтайын өткізу жайлы қоғам белгілі бір деңгейде күтіп отыр. Алайда, шараның өз уақытында өткізілмей қалуына қатысты бірнеше ішкі-сыртқы факторлардың тікелей ықпал еткенін де айтпай өтуге болмас. Барша әлемнің апшысын қуырған пандемия алғашқы себептер қатарында болса, одан кейінгі геосаяси жағдайлар, халықаралық, аймақтық тұрақсыздықтар да өз салмағын салып кетті.
Жалпы, Қауымдастық дегенде Құрылтай өткізу – қалаған күнді белгілеп, жұртты жинай салар қатардағы шара емес, үлкен мемлекеттік деңгейде дайындықты қажет етер, миллиондаған адамның назарын өзіне аударар жиын. Құрылтайды қатардағы басқосудың бірі ретінде өткізе салсақ, оның есеп беру жиналысынан айырмасы болмай қалады.
Ең бастысы, құрылтай жайы Қауымдастық күн тәртібінен түскен жоқ, орайы келгенде міндетті түрде өткізілетін болады.
– Ендігі біраз сөзді ішкі көші-қонға қарай бұрсақ, сіздер ішкі көші-қонға байланысты не істеп жатырсыздар?
– Ішкі көші-қон кез келген мемлекет үшін барлық қырынан алғанда маңызды мәселе екені белгілі. Біздің негізгі жұмыс аудиториямыз шетелдегі және шетелден келген қандастарымыз болғандықтан, оларды көшіріп әкеліп, қажетті сұранысты аймақтарға қоныстандыру арқылы ішкі көші-қонға өзімізше оң ықпал ету ұмтылыстарымыз бар. Бұл үшін Иран, Моңғолия, Қытай секілді елден келген қандастымыздың солтүстік облыстарға орналасуына тікелей мұрындық болдық, олардың құжат, көші-қон жайларына араласудамыз.
ҚР Үкіметінің қандастарға арналған өңірлік квотасын игеру, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қандастарымызбен жұмыс істеудеміз.
Сонымен қатар, аталмыш бағытта жауапты орындарға сараптамалық ұсыныстар жасап, қандастар арасында ақпараттық сүйемелдеуді де жүзеге асырып келеміз.
– Ішкі көші-қон мен сыртқы көші-қонды жақсы үйлестіру үшін қандай нақты механизмдерді жетілдіру керек деп ойлайсыз?
– Соңғы кездері ел аймақтарындағы демографиялық ара қатынас, оңтүстік, солтүстік деп алғандағы географиялық орналасу келкіліктері және басқа да аспектілер сыртқы және ішкі көші-қон мәселелерінің бір орталықтан, ортақ механизмдер жүзінде басқарылу қажет екенін көрсетіп отыр.
Байқайтынымыз, ведомствоаралық бытыраңқылық, жауапкершілік, міндет алаңдарының ара жігі мықтылап анықталмауы, қоғамдық, ситуативтік түрдегі барлық факторларды қаперге ала отырып түзілген, өзара келісілген стратегияның болмауы секілді мәселелер ішкі және сыртқы көші-қон саласына бірқатар қолбайлау болып отырғаны бар.
Қандастар көшіне тікелей қатысы бар құрылым ретінде айтарымыз, мемлекет тұрғысынан ықпал күші мығым нақты тетіктер түзіліп шығарылуы қажет деп ойлаймыз.
Атап айтқанда, аймақтар арасындағы миграциялық өзгерістер төңірегінде ортақ дерекқор жасақтау, сырттан болсын, іштен болсын көшіп келушілерді өңірлік қабылдау жоспары т.б.
Бұған қоса, тағы бір айта кетерлік нәрсе, жаңа жерге қоныс теуіп, жаңа өмір парағын ашқан қоныстанушыларды 2-3 жыл көлемінде бейімдеу жүйесін қалыптастыру. Яғни, сыртқы және ішкі көш процесіне мемлекет ортақ қарап, республикалық деңгейде мығым қолмен басқарып, өз бақылауы мен қажет кезде ықпал аймағында ұстап отырғаны жөн деп есептейміз.
– Өткен 2025 жылы сіздің авторлық жобаңызбен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы үлкен жобаларды іске асырған екен. Биыл қандай жобаларды іске асырғалы отырсыздар?
– Енді идея менікі екені рас. Дей тұрғанмен де, оны авторлық жоба дегеннен көрі ұжымның бірге атқарған жобасы деген дұрыс болады. Өткен жылы жасалған жұмысымыздың басты табысы ретінде «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген ұлттық жобаны айтар едім. Бұл жоба стратегиялық жоба ретінде жасалып отыр. Осы жобаның негізінде «Жасампаз жас қазақ», «Балдәурен» халықаралық форумдары өткізілді. Өткен жылдың 23-25 қазан аралығында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Жасампаз жас қазақ» форумы өткен болатын. Форумға алыс-жақын шетелдерден жүзден астан жас келіп қатысты. Сонымен бірге, шетелдегі қазақтардан 300-ге жақын бала Көкшетауда 7-21 шілдеде өткен «Балдәурен» форумына қатысты. Бұл жобаларды шетелдегі қазақ балалары мен жастарын атамекенге тарту, жақындастыру мақсатында өткіздік. «Халық», «Қайырымдылық» қоры шеңберінде шетелден келген қандастар тұрғын үй, білім беру, бейімдеу бағытындағы әлеуметтік қолдауға ие болады. Бұл жобаға іскер кәсіпкерлер, миссионерлер тартылды. Сонымен бірге шетелдегі қазақ диаспорасының бизнес өкілдері мен отандық бизнесмендердің бас қосқан тәжірибе алмасу, отандық инвестициялық жобаларға инвестиция тарту мақсатында жас кәсіпкерлер мен бизнесмендер қорын ұйымдастырдық. Жаңа айттым, бұл жоба ұзақ мерзімдегі стратегиялық жоба деп. Сондықтан, бұдан кейін де жалғасын табады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан –
Сержан ТӨЛЕБИ















