Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасы мен қалалық Білім басқармасы елордадағы «Нағыз желтоқсан» қоғамдық қоры ұйымының бастамасына қолдау көрсетіп, Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар астанадағы мектеп, гимназия, лицейлердегі оқушылармен кездесіп, игі шаралар жасауда.
Қазан айының басында желтоқсан куәгерлері колледждерге барып, бір айдан астам уақыт елордадағы мектеп, гимназия, лицейлердегі оқушылармен жүздесті. Кесте бойынша қаладағы 56 мектеп бекітіліп берілсе, соның 40-қа жуығына желтоқсан қаһармандары барды. Желтоқсан ардагерлері жұмысынан сұранып, жеке басының шаруасын кейінге қалдырып, уақыт тауып, жас ұрпақтарды егеменді еліміздің жан-жақты білімді, намысшыл, адамгершілігі мол, ана тілін ардақтайтын азамат болып шығуына үгіт-насихат жүргізуде. Осындай ізгілікті істің басында Құрманғазы Рахметов жетекші ететін «Нағыз желтоқсан» қоғамдық қорының мүшелері: Б.Алдаберген, Г.Жексембаева, Ж.Отаршиев, Б.Әбілғазина, С.Көбелдесова, Б.Аубакирова, М. Бекқұлова, Б.Алпысбаев, Ж.Шаимов, Ж.Садықова, Г.Тәуекелов, К.Накишев, А.Алмабаев, Б. Абылғазина, М.Бекқұлова, Г.Мусина, Д.Бузубаева және тағы басқалары белсене қатысты. 1986 жылы әлемді дүр сілкіндірген көтерілісті сол ақ қар, көк мұздың үстінде жүрген куәгерлердің өз аузынан естігені жоғары сынып оқушыларына аса қатты әсер етті. Өзім куә болған оқу ордаларынан түйген ойымды ортаға салайын. №60 мектеп лицейде өткен кездесуге 10-11 сынып оқушылары қатысты. Кездесуді ұйымдастыруға мектеп директоры Айман Жұмағалиқызының қолдауымен директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Гүлнар Шавалиева, тарих пәнінің мұғалімі Әлихан Сапарұлы және қазақ тілі мұғалімі Қанағат Бегулинов атсалысты. Осы шараға заңгер, адвокат Әлібек Оқапұлы, Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназияның химия пәні мұғалімі Жібек Садықова, Қазақстан теміржолында машинист Кенжебек Накишев сияқты иықтас замандастар да қатысты. Әсіресе, Әлібек Оқапұлы сол жылдардағы қылмыстық жағдайларға байланысты жайттарды құқық, заң аясында түсіндірді. Кеш соңында желтоқсан қаһармандарына ұлы Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге» атты кітабын тарту етті.
Елордадағы №62 мектеп-лицейі директоры Асылбек Букушев өзі бастап, желтоқсан куәгерлерін жылы құшақпен қарсы алып, кештің соңына дейін 9 сынып оқушылармен болған сыр-сұхбатқа қатысты. Кездесуді тарих пәні мұғалімі Жанар Дүйсенқызы ұйымдастырды. «Желтоқсан жаңғырығы» тақырыбында сыр-сұхбатта желтоқсан оқиғасының куәгерлеріне оқушылар салмақты сұрақтар қойды. Осы мектептің география пәні мұғалімі Алма Базарғалиқызы да желтоқсан куәгері болып шықты. Сұхбат барысында қазақтың еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тігіп, желтоқсан оқиғасына қатысып, сол аязды түнде жан алып, жан беріскен қыршын жастардың ерліктерін еске алды. 9 сынып оқушылары өлең оқып, театрландырылған көрініс көрсетті.
Қазақ жерінің тұтастығы үшін күрескен Алаштың асыл тұлғасы Жұмабек Ахметұлы Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназияда 1589 оқушы оқиды. 2020 жылдың 10 наурыз күні осы оқу орнына мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің есімі берілген. Тарих пәні мұғалімі Қайрат Қарабалаұлы алдымен мектепте ашылған Ж.Тәшенов атындағы сынып музейімен таныстырды. Қазақ жерінің жат қолында талан-таражға түсіп кетпеуі үшін жан аямай күрескен Жұмабек Ахметұлының жанқиярлық ерлігін бүгінгі ұрпақ білуге тиісті. Осындай елі мен жері үшін күрескен ұлы тұлғаның сынып музейін тамашаладық. Мектеп директоры Мәрзия Ташенова Әкімқызы. Желтоқсанға қатысушылармен кездесуге 90-ға жуық 9-11 сынып оқушылары қатысты. Олардың Желтоқсан көтерілісі жайында біле түссем деген қызығушылығы бізді қуантты. Кездесудің тартымды өтуіне директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Меруерт Тоқтарқызы және тарих пәні мұғалімі Қайрат Қарабалаұлы үлкен үлес қосты. Ж.Тәшенов атындағы мектеп ұжымы берген Алғыс хат пен мемлекет қайраткері бейнеленген кәдесый – ең құнды тарту болды.
№14 мектеп гимназияда өткен кездесуді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Выходцева Наталья Юрьевна және тарих пәнінің мұғалімі Фарида Нұрқасымова ұйымдастырып, белсенділік танытты. Кездесудің ашылуында қатысушылар орындарынан тұрып, Желтоқсан құрбандарын бір минут еске алды. Гимназияның 9 сынып оқушылары Желтоқсан жайында жасаған слайд, әндерін тарту етті. Желтоқсанға қатысушы С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-нің әскери кафедраның оқытушысы, запастағы полковник Бауыржан Алдаберген Желтоқсанға арнап, марш жазып, мектеп оқушылары сахнада орындап, балалардың бойына отансүйгіштік рухты сіңіруде.
№35 мектеп-лицейде Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арналған «Бейбіт күннің батыры» атты кездесуге күзет бөлімінің қызметкері Байсағат Алпысбаев, медицина саласының маманы Сания Асанқызы қатысты. Тағылымы мол іс-шараны қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Арайлым Қыстаубайқызы жүргізді. Оқушылар сахналық қойылым әзірлеп, көкейдегі сұрақтарын қойды.
Сөйтіп сол бір ызғарлы ауыр жылды басынан кешкен желтоқсандықтар кейінгі еңбек, өмір жолындағы жасампаздық істерін де әңгімелеп, жас ұрпақты отансүйгіштікке, ерлікке баулуда.