Желтоқсанның ызғары әлі де жанымды қариды

Желтоқсанның ызғары әлі де жанымды қариды

Арада 35 жыл өтсе де Желтоқсанның ызғары әліде жанын қариды, көңілін мұздатады. Бекжан ағамыздың айтуынша, сол кездегі көріністер әлі күнге көз алдына келіп тұрады. Жүрегі елім деген әр қазақтың жанын ауыртпай, жүрегін сыздатпай қоймайтын 86-дағы қанды оқиғаның бел ортасында болып, жендеттердің қолынан таяқ жеген, елінің, ұлтының намысы үшін жанын шүберекке түйіп, арпалысқан батырлардың бірі – қатонқарағайлық Бекжан Биахметұлы.

Бір ауылдан көтеріліске

17 жас қатысқан Бекжан ағамызбен кездесіп, осыдан 35 жылға артқа шегініс жасап, дәл осы желтоқсан айындағы сол кездегі елін, жерін, сүйген намысшыл қазақ жастарының, өзінің алаңға қалай шыққанын, Желтоқсан оқиғасының неден басталғанын айтып беруін өтіндім.

– «Бізді бойымыздағы қазақ қаны және ұлтымыздың болашағына деген алаңдаушылық алаңға шығарды», – деп бастады ол әңгімесін.

Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Қатонқарағай ауданының Еңбек ауылынан. Бір мезетте қаншама адамның ортақ мүддесіне айналған желтоқсан оқиғасына тек Еңбек ауылынан ғана 17 қыз бен жігіт қатысқан! Ол кезде Бекжан Биахметұлы жиырма төрт жаста еді. Үйленбеген. 

Алдымен Еңбек ауылында сегізжылдық мектепті тәмамдап, кейін аудан орталығында ауылшаруашылық кәсіптік-техникалық училищесін аяқтайды. Отан алдындағы борышын орындауға оқталып еді, мүмкін болмады. Арман қуып Алматыға барды. Ол жақта қалаған оқу орнына түсе алмай, қара жұмыс жасап нәпақа тауып тіршілік жасаудың қамына кіріседі.

– 1986 жылы «Уақыт» деген телебағдарламасынан алдымен ресми жаңалықтар ұсынылып, онда: «Дінмұхамед Қонаев зейнет жасына байланысты демалысқа шығарылып, орнына Геннадий Колбин келді» деген ақпарат тарады. Жатақханадағы жігіттер мұны естіп, «Елімізді басқаратын бір қазақ табылмағаны ма?» деп қас пен көздің арасында абыр-сабыр болды да қалды. «Жүріңдер, алаңға тарттық!» деген дауыстардан соң жігіттермен сол кездегі Брежнев атындағы алаңға бет алдық (қазіргі Республика алаңы) . Бізді алаңға ешкім шығыңдар деп шақырған жоқ. Сол алаңға шыққан азаматтардың ешқайсысы тарихта қалайық, ерлік жасайық деген ойлары болмады. Бәрінің де ойлағаны елдің ертеңі еді. Сол бір ғана ортақ мәселе мыңдаған жасты бір арнаға тоғыстырып, алаңға жиналуға себеп болды, – дейді жерлесіміз.

Алаңда атқан таң

Дауыл алдындағы сілтідей тыныштық орнаған сәт. Құлаққа түрпідей естілген жаңалықтан соң талап-өтініштерін білдіруге асыққандары арада жарты сағат өтпей алаңға жинала бастады. Бекжан Камалиев құрылысшылар жатақханасынан бір топ жігіттер болып №86 автобусқа отырып, межелі жерге жетті. Бұл уақытта алаңның жартысына жуығын бейбіт тұрғындар алып, жан-жақтан адамдар ағыны өзендер қосылып жатқандай көрініс берді. Ортаға шығып, түсінік берер біреу болсашы. Жұрт тым құрығанда Қонаев ақсақалдың жүзін көріп, не болып жатқанын өзінен білуге құмартты. Тек жастар ғана емес, орта жастағы азаматтар мен қазақтың өрімдей қыздары да көппен бірге еді. Халық Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза сынды халықтың алдында жүрген танымал жазушы-тұлғаларды күтті. Үлгергендері автобус тоқтағанға дейін алып-ұшып жетсе, өзгелері түн ортасында жаяу-жалпылы ағылуда еді. Әзірге бірде-біреуі төбе көрсетіп, мән-жайды түсіндірер емес. Таң атты. Ешбірі кірпік ілмеді, нәр татпады, дірдек қағып тоңғандары қаншама?! Алматы өзге аймақтарға қарағанда жылырақ болса да, сол жылғы желтоқсан тым ызғарлы көрінді. Түс әлетіне дейін жұдырық жұмсап, тепкінің астына алу сынды қақтығыс байқалмады. Әйтсе де долы өзен арнасынан асып төгілетіндей түбі бір сұмдықтың боларын аңғартып-ақ тұр. Желтоқсанның 17-сі күні түс қайта сағат 16:00 шамасында алаңдағы мыңдаған жастар «Менің Қазақстаным» әнін қосыла шырқады. Жігіттермен иық тірестіріп, қазақтың қаракөз қыздары да бір қадам артқа шегінбей қасқайып тұр. Сол кездегі қазақ қыздарының ерлігіне күні бүгінге дейін олардың асқақ намыстары үшін бас иемін. «Мүмкін қыздарға тиіспес» деген оймен қыздар біздің алдымызға тұрып, бір-бірімен қолтықтасып алғы шепте жүріп отырды. Бірақ ондағы жауыз жауынгерлер біз ойлағандай болмады. Өрт сөндіретін көлік алаңдағы халықтың ортасына баса-көктеп кіріп келді. Сол сәтте машинаның дөңгелегінің астына түсіп кетіп жаншылған қыздар болды. Оны көрген жастар машинаның жүргізушілерін алып шығып, соққыға жықты. Осылайша алаңдағы екі жақтың қақтығысы басталып кетті, – деп еске алды Бекжан аға.

Бекжан Биахметұлының сөзінше, өзге ұлт өкілдері де бейбіт шеруге шыққандардың сөзін сөйлеп, басшылыққа сол елдің тыныс-тіршілігінен хабардар біреудің тағайындалуын талап еткен. Бес саусақтың жұдырыққа айналған сәті де осы. Араға бірнеше сағат салып, жастардың наразылық шеруінің бөгеуі ағытылды.

– Барлық жайтты көзіммен көріп, сол жерде үш күн жүрдім, – дейді жерлесіміз.

– Ақыры таяққа жығылып, қамалып, соңында жұмыстан шығарылдым. Азаматтардың «Ешбір ұлтқа ешбір артықшылық берілмесін! Әр ұлттың өз көсемі бар!» деген талабына нақты жауап берген жан болмады. Алаңға жастарды әдейілеп ешкім шақырған жоқ. Кеудесінде намысы бар әрбір жас «мұның соңы не болады екен?» деп өз еркімен көптің шеруіне қосылды.

Оған дейін әр жерде бірін-бірі итеріп, қол көтеруге дәті бармай тұрған сәт. Сүт пісірім уақыт өтпей, бейбіт шеру қанды шайқасқа ұласты. Жігіт пе, қыз ба, айырмашылығы жоқ, барлығы тегіс соққыға жығылуда. Бас сауғалаудың қамымен жігіттер жан-жақтан қолға түскен арматура, ағаш таяқтармен өліспей-беріспеуге ұмтылды. Қозғаушы күш жоқ емес. Әсіресе алаңдағы жастар итке таланып, сарбаз күрегімен соққының астында қалған өрімдей қазақ қыздарына араша түсуге асықты. Жерлесіміздің сөзінше, жұдырықтай жұмылған көпшілік желтоқсанның 17-сі күні мұздай қаруланған әскерилерге шыдас бермеген. Бейресми мәліметтер сол күні алаңға 25 мыңнан артық адам жиналған деседі.

Сол бір желтоқсанның ызғарлы оқиғасынан кейін жерлесімізге екі бап бойынша айып тағылып, күні бүгінге дейін ақталмай келеді. Сол кездегі 62, 65 баптар, яғни «Ұлтаралық араздық тудырушылар» деген айып тағылған.

– Жақын күндері ақталды деген куәлік келуі керек. Қазір құжаттар Алматы қаласында тексерілуде. Тым құрыса кінәсіздігімізді дәлелденсе деген үміт қой. Қазақта мынадай жақсы сөз бар ғой: «Кімнің ақ, кімнің қара екенін құдай білер» деген. 25 жыл өтсе де Желтоқсан оқиғасының ызғары әлі де жанымды қариды. Ол күндерді ұмыту мүмкін емес. Қазіргі Тәуелсіз мемлекетіміздің барына тәубе, шүкір деймін. Өз патшамыз бар. Өз туымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз бар. Қазіргі жастар бақытты. Арысы 550 жыл бұрынғы бабаларымыз, бергісі кешегі Желтоқсан оқиғасында шейіт болған боздақтарымыздың арманы орындалған азат күннің қадіріне жетуіміз қажет. Шүкіршілік пен қатар елдікті елдің ертеңінде ұмытпауымыз керек, – деп сөзін аяқтады батыр ағамыз.

Бекжан Биахметұлы бүгінде Өскемен қаласында тұрады. Осы қаладағы ШҚО «Jeltoqsan86» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Күнделікті құрылыс саласында қызмет атқарып, маңдай терімен еңбек етіп, адалдан нәпақа тауып жүрген жайы бар. Аман бол, батыр аға! 

Тәттімбек АСХАНҰЛЫ, ШҚО Өскемен қаласы
16.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 867
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6936
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10773
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7007
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7147